БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ ЗКГУ. Вестник, 1-2019 | Page 8

БҚМУ Хабаршы №1-2019ж. түсінікті білдіру мен оны мейлінше дәл түсіну мүмкіндігі. Ал мұның себеп- салдары қос коммуникантқа да, олардың қолданар сөздеріне де, дәлірек айтсақ, сөздердің орналасу ретіне, әрқайсысының қилы сөздеріне байланысты қалыптасқан ассоциациясының жекелік жүйесіне де тірелуі мүмкін. Мәселен, бүгінде бізге жекелеген сөз атаулы адамның көңіл-күйіне, қалпына белгілі-бір деңгейде әсер етері аян. Ал педагог үшін мұның мәні әлдеқайда тереңірек, себебі ол әрдайым оқушымен өзара түсінісуге, жағдаятты тиімді қабылдауға ұмтылары даусыз. Сонымен, бүгінде педагог атаулы педагогикалық риторика ілімінен, оның заңдылықтары мен қағидаларынан хабардар болуы керек дейміз. Ендеше алғашқы кезекте педагог маманның шешендік дағдыларын қалыптастыру шарттарын анықтап алған жөн. Бүгінгі қоғамда сөйлеу мәдениеті проблемасы бары анық. Ал педагог маманның сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда ойланар тұстар да жеткілікті. Жалпы кез келген оқытушы-педагогтың сөзі жұртты ұйытып, тыңдаушылардың, соның ішінде оқушылардың айызын қандыруы тиіс. Ондай сөзді тыңдай беруден әсте ешкім жалықпасы да айқын. Өкініштісі – көп тұста педагог мамандарымыздың сөзі әсерсіз, нәрсіз келіп, тыңдаушысын мезі етіп жіберетіндігі. Осыған сәйкес мұның өзі сөздің коммуникативтік сапасы, қысқаша айтқанда, сөз сапасы деген аса күрделі ұғыммен тығыз бірлікте. Ал сөздің коммуникативтік сапасы сөз байлығы, сөз дәлдігі, сөз дұрыстығы, сөз тазалығы, сөз әдебі секілді белгілерімен танылмақ. Мәселен, болашақ педагог маманның оралымды тіліне қойылар талаптың бірі – сөз байлығының болуы. Сөзі жұтаңның ойы да таяз көрінбек. Соның салдарынан мақсатсыз қайталау да көп болмақ. Орынсыз қайталау тілдің коммуникативтік сапасын күрт төмендетіп, ойды дәл, мазмұнды жеткізуге кедергі болмақ, нәтижеде аз сөзбен көп мағына беру қағидаты бұзылары ақиқат. Бұл ретте сөздің коммуникативтік сапасынан туындата өрсек, бүгінгі болашақ педагог маманның сөйлеу мәдениетін қалыптастыру бағытында көп нәрсе айтуымызға болады. Ең алдымен, мәлімделер түйінді тезис – бүгінгі зиялы қауым сапына енер кәсіби педагог мамандардың татымсыз, нашар сөйлеуі, яғни олардың бойында шешен сөйлеу дағдыларының болмауы – сауатсыз адамның оқи, жаза алмауымен бірдей екендігі. Ал тарата айтсақ, бүгінгі кәсіби педагог маман атаулыда қашан да тыңдаушы қауымға әсер ете сендіре білу дағдысының болуы абзал. Осы тұрғылас дағдыларды игеру үшін әр маманға педагогикалық риторика қағидаларын білу міндетті. Жарқын да бейнелі, тартымды сөйлей білуге, өзіндік сөйлеу стилін қалыптастыруға, ішкі табиғи қалып, ерекшелік және икемділіктерді ескере келе, өзіндік сенімділікті қоюлатуға ұмтылу дұрыс. Белгілі бір ой ұшығын тыңдаушыларға жеткізе отырып, олардың бойында қажетті әсер қалдыру үшін ерік күші, темперамент және тер төге еңбек ету керек-ақ. Ал тақырыпқа сай аудитория алдында сөйлеу кәсіби педагог маманнан психологиялық әзірлік пен алдын-ала жаттығуды талап етері даусыз. Егер де кәсіби педагог маман сөйлеуге тиісті тақырыбына қатыссыз барлық қам-қарекеттер мен қажетсіз ойлардан арыла білсе, алға қойған мақсатты межеге тез жетері анық. Тек осындай қалыпта ғана ол аудиторияға әсер етіп, көпшілікті өзіндік көзқарасының дұрыстығына иландыра алады. Өкінішке орай, көпшілік жағдайда педагог мамандар не айтарын жақсы біле тұрса да, өз ой-түйіндерін тыңдаушыларына дәл де дөп жеткізе білмейді. Басты себеп, сөйлеушінің іскери әдістемелік жағынан әзірлігінің кемшіндігі, тыңдаушылардың қабылдау ерекшеліктерімен таныс еместігі, аудиториямен қарым-қатынас дағдыларын игермегендігі. Біздіңше, риторикалық мәдениеттің жүзеге асуы қазіргі таңда бірден-бір ерекше мәнге ие. Бастысы – риторикалық мәдениет бағалау-бағдарлау 7