БҚМУ Хабаршы №1-2019ж.
берді, осылайша негізін ХVIII ғасырда өмір сүрген ұлы француз балетмейстері
Ж.Новерр қалаған «іс-әрекетті би» дәстүрі қайта жаңғырды.
Қойылымдағы орталық кейіпкер - Эсмеральда. Рөлді республикаға еңбек
сіңірген артист Н.Викентьева орындаған. Ол өзінің қарапайымдылығымен, ой-
санасының даралығымен айқындалған Фебқа деген махаббат сезіміне терең
берілген. Биші жаңа ояна бастаған махаббаттан қысылып-қымтырылуы жалт
еткенмен бірге, бақыт үмітінен тұтанған қуанышын да, қайғысын да
әділетсіздікке деген қарсылығын шынайы суреттеген. Н.Викентьева тек қана
келісті бишілігімен шектелмеген. Ол үнсіз, бет-әлпетіндегі өзгерістермен де
қисынды қимылымен ымдарды өте мәнерлі пайдаланып, реалистік шынайы
бейне жасады.
Спектакльде Эсмеральданың құрбылары сығандар тобыры ұтымды
шыққан. Эсмеральданың анасы Гудуланың рөлін нақышына келтіріп ойнаған
М.Головина. Оның партиясы балеттегі ең күрделі тұсы болғандықтан,
хореографиялық бейнелеу құралдармен оның ішкі арпалыстары ашылуы шарт
еді. Аса жауапты Квазимодо рөлінде жауапкершілікті танытып, сезініп шеберлік
танытқан А.Бекбосынов. Ол аса қиын міндетті шешуге тура келді В.Гюгоның
адамды жеркендіретін кейіпкерінің сыртқы ұсқынына қарамастан пантомима
қимылы мен ым, ишарат тәсілі арқылы Квазимодоның мол рақымшылдығы мен
қаһармандығы, жан тазалығы оның сыртқы пошымындағы оғаштығын ұмытуға
мәжбүр еткен. Оның сараң қимыл-әрекеті өте мәнерлі шыққан.
Сонымен, Абай атындағы опера және балет театрында «Эсмеральда»
балеті мол ізденістің нәтижесін көрсетті. Бұрын қойылған балеттерден мұның
көркемдік сипаты бөлек. Және көрермен қауымды қанағаттандырған Д.Әбіровтің
күрделі өнерді меңгеру жолындағы сүбелі еңбегі болды.
Д.Әбіровтің сахнаға шығарған ірі балеттерінің бірі – татар композиторы
Ф.Ярулиннің музыкасына жазылған, Ғ.Тоқайдың дастаны бойынша үш актілі
«Шурале» (1956) балеті [3]. Балетмейстер «Шурале» балетін қою тұсында
шығармалық ой-қиялының жүйріктігін танытып, тағы бір белеске көтерілді.
Одан «Шурале» балеті бізді несімен қызықтырды?», - деп сұраған кезде, ол
былай деді: «Бұл, біріншіден, тамаша музыкалық материал, қызықты халық
бейнелері және татардың классик ақыны Ғ.Тоқайдың поэмасы негізінде жасалған
тақырыптың қазақ мәдениетіне жақындығы» [4].
Шурале – татар халқының кең таралған ертегісіндегі кейіпкер. Ол қалың
орманның иесі, қайырымдылармен, жарқындарға қарсы, ол шайтандарды
басқарушы, сиқырларды қолдаушы, ергежейлердің көсемі. Адамзатқа жатпайтын
жан иелері. Орманның қара күшінің қолдаушысының зұлымдығымен жекпе-жек
күресте күшті, батыл адамдар жеңіп шығады. Халық ертегісіндегі Шурале
бейнесіне Ғ.Тоқай да көңіл аударған. Ақынның шығармалары және ертегілері
«Шурале» балетінің либреттосын жасауға негіз болған. Оның авторлары А.Файзи
мен Л.Якобсон либреттода қайырымдылық пен зұлымдықтың күресін баяндайды.
Сахнада керемет көрініс. Саятшылық сейіл құрып тойға келген жігіт
сиқырлы дүниенің ортасына тап болады. Қай ағашқа жақындаса соған жан бітіп,
аузы ашылып, көзінен от шашады. Төңіректің бәрі қыбырлаған жын-шайтан,
бойы бұлтқа жетіп, аспанмен таласқан дыю, алба-жұлба, ақты-көкті жапсырған,
алау-далау албасты, адам бейнелі, төбесінде мүйізі, сояудай тырнақты,
қимылына көз ілеспейтін жезтырнақ. Осынша жат, тылсым дүниемен қолға
түскен пері қызын құтқару үшін күресіп жүрген жалғыз жігіт. Осы бір ғажайып
көріністі, қауырт оқиға желісін бастан-аяқ баяндап берген әсем қимылды
бишілер ұршықша иіріліп, қайысша созылады.
Балетмейстердің еңбегінен классикалық би негізінде көрермен адамның
күш-жігері, қаһармандығы мен ерлігі, адамның ең күшті махаббат сезімін көреді.
334