БҚМУ Хабаршы №1-2019ж.
жылы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеге оқуға
түседі. Педучилищені үздік дипломмен бітіріп, еңбек жолын бастауыш мектеп
мұғалімдігінен бастаған [3, 453 б.].
1971 жылы кәсіби тарихшы мамандығы бойынша университетті үздік
дипломмен бітірген жоғары білімді жас маман Тұяқбай Зейітұлы оқу-ағарту
министрлігінің жолдамасымен Орал қаласындағы педагогикалық институтта
еңбек өтілі жылдарын бастады. Ғылыми-зерттеуге бейім қабілетін таныта білген
Тұяқбай Зейітұлы 1973 жылы түлеп ұшқан университетіне қайта оралып, 1974
жылы тарихшы-ғалым Д. Дулатованың ғылыми жетекшілігімен тарих
мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл – үздік білім,
ғылым игеру сапарындағы жас ғалымның өрлеу, өсу сапарының биіктерге
бастаған серпінді қадамы еді [14, 139 б.].
Кәсіби тарихшы ретінде өткен ғасырдың 70-ші жылдары көпшілікке
таныла бастаған Тұяқбай Зейітұлы өзінің басты зерттеу нысаны ретінде
республикамыздың қоғамдық-саяси өмірі мәселелерін, олардың қатарында ең
алдымен жергілікті кеңестердің қалыптасуы, дамуы және нақтылы қызмет
тарихын таңдап алды. Оның кандидаттық диссертациясы КСРО-ның Ұлы Отан
соғысына дейінгі кезеңдегі Қазақстанның жергілікті кеңестерінің ауыл
мәдениетін өркендету үшін жүргізген сан-салалы қызметін зерттеуге арналса,
докторлық диссертациясы 1938-1960 жылдар аралығындағы Қазақстанның
кеңестер жүйесінің тарихын тұтас, кешенді мәселе ретінде қарастыруға арналды.
Бұл диссертациялар кезінде жеке-жеке көлемді монографиялар түрінде
жарияланды.
Егер 1986 жылға дейін Т.З. Рысбеков ғылыми жұртшылыққа негізінен
Қазақстанның кеңестік кезең тарихының білікті маманы ретінде белгілі болса,
одан кейінгі уақытта оның зерттеген тақырыптарының аясы айтарлықтай кеңейді
[15, 82 б.].
Профессор Т.З. Рысбековтың еңбектеріне талдау жасай отырып, тарих
ғылымдарының докторы Б.Б. Кәрібаев ғалымның ғылыми шығармашылығын
тәуелсіздікке дейінгі және тәуелсіздік кезеңіндегі деп шартты түрде екі кезеңге
бөліп қарастырады. Бірінші кезеңде жазылған ғылыми мақалалардың
тематикасынан автордың кандидаттық диссертациясының мазмұнына сай келетін
мақалалар тақырыбын және тәуелсіздікке дейінгі қоғамдық ғылымдарға үстемдік
құрған белгілі методология ауқымындағы тақырыптарды көреміз. Ал екінші
кезеңдегі мақалалар тақырыбынан – тар қапастағы темір құрсаудан босанып
шығып, шексіз көк кеңістікте қанатымен емін-еркін самғай ұшып жүрген алып
құсты көргендей боламыз. Тәуелсіздік нағыз зерттеушіге өзінің бар
мүмкіншілігін ашып көрсетуге, қарым-қабілеті мен қажыр-қайратын Отан
тарихының өзекті мәселелерін жаңа талаптарға сай қарастыруға толық ерік
береді. Т.З. Рысбеков осы жылдары тарихпен қатар қоғамдық және гуманитарлық
ғылымдардың психология, педагогика, мәдениеттану, экология, түркология
секілді салалары бойынша да қарымды зерттеулер жүргізіп, ондаған мақалалар
жариялайды. Пәнаралық байланыстар бойынша да тың бағыттарды айқындайды.
Оның «Туристік өлкетану», «Экологиялық туризм» тақырыптарына арналған
мақалалары – қазіргі заманның талаптарына сай келетін жаңа бағыттарға ғылыми
негіздеме бола алады.
Ал қазіргі кезеңдегі Отандық тарихтың мынадай өзекті мәселелері
ғалымның назарына ілініп отыр: Жаһандану мәселелері, Тәуелсіз Қазақстан және
әлемдік қауымдастық, Еуразиялық идея, қазіргі кезеңдегі жастар саясаты, тіл
мәселесі, ЖОО-да білім берудің жаңа әдістері, ұлтаралық қатынастар, ТМД және
интеграция, экологиялық тәрбие мәселелері, сондай-ақ өлкетану және т.б.
мәселелер. Мұндай мәселелерге арнайы қалам тартып, мәселені терең талдап,
258