БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ ЗКГУ. Вестник, 1-2019 | Page 237

БҚМУ Хабаршы №1-2019ж. менталды құрылымдарды анықтауға, ұғымның мүмкін болатын вербалдану жолдарын түсіндіруге және т.б. мүмкіндік береді. Ал дискурстық бөлімі автордың интенциясын, контексті, мәтіннің прагматикалық бағытын ескереді. Осылайша жаңа сөздерді когнитивтік-дискурстық тұрғыдан талдау зерттеу нысанының анағұрлым толық сипатын беруге жол ашады. Когнитивист ғалымдардың көпшілігі жаңа сөздердің қалыптасу процестеріне тән алғашқы сатыларды, олардың пайда болуына ықпал еткен факторлар мен уәждерді зерттейді. Қазақ ғалымы Қ.Б. Күдеринова тіл жүйесіндегі таңбаларды «сөз, граммема, морфема, фразема болса, оның мазмұн межесінің бірлігі – семема, тұрпат межесінің бірлігі – лексема» деп жіктеп, «солар арқылы белгілі болған бір денотатқа, я болмаса құбылысқа берілетін атау, яғни лексема референттің бойындағы бірнеше белгілердің, семалардың сұрыпталып, қорытылуы нәтижесінде, немесе атауға негіз болатын бір белгінің актуалдану нәтижесінде, немесе мәнді ғана белгілері жиынтығы нәтижесінде туады» – деп пайымдайды [13, 72-73 б.]. Орыс ғалымы В.И. Заботкина «К вопросу о когнитивной неологии» деп аталатын еңбегінде [14] жаңа сөздердің жасалуында прагматикалық және когнитивтік факторлар анағұрлым маңызды деген тұжырым жасайды. Жаңа сөздердің жасалу актісінде когнитивтік факторлар артықшылыққа ие. Қандай да бір жаңа затты немесе құбылысты атау үшін адамның когнитивтік жүйесіндегі оның орнын сәйкестендіріп, анықтау керек. Одан әрі қарай категоризациялау және субкатегоризациялау процестері жалғасады. Басқаша айтқанда, ұғым адамға бұрыннан белгілі категория шеңберіне және анағұрлым ыңғайлы класқа енгізіледі. Субкатегоризациялау процесі – жаңа ұғымды таңдалған категориядағы басқа ұғымдармен арақатынасы белгілеу. Осылайша жаңа сөз жасау актісінде категоризациялау және субкатегоризациялау процестері біріншілік сипатқа ие болады. Демек когнитивтік фактор бірінші орынға ие болады. Прагматикалық факторлар жаңа атауды бекітуде ілгері шығарылады. Әрине әлемді тану үдерістерін зерделеуде когнитивтік және прагматикалық ғана емес, әлеуметтік- мәдени, психологиялық және т.б. факторларды да ескеру аса маңызды. Ю.В. Петрович неологизмдерді жасаудың когнитивтік аспектісі туралы пайымдауда концептуалды интеграция теориясына сүйенеді. Концептуалды интеграция – «менталды кеңістік жүйесінде ақпараттық бөлшектердің жедел түрдегі шығармашылық байланысу процесі» [15]. Концептуалды интеграция мағынаның түзілу процесімен қатар жүреді. Когнититвтік көзқарас тұрғысынан, неологизм – ерекше интеграциялық мағынаға ие туынды бірлік. Неологизмнің интеграциялық мағынасы оның құрамдас бөлшектерінің мағынасымен анықталмайды, жаңа сөздің жасалу уәжін ғана немесе экстралингвистикалық факторларды ғана зерттеу арқылы сипатталмайды, аталған компонеттердің тұтастықта болуын, яғни интеграциялық байланысты қажет етеді. Ғалым жаңа етістіктердің жасалу процесінің негізінде концептуалды интеграция тетіктері бар деп санайды. Осылайша неологизмді түрлі менталды кеңістіктерден құралған күрделі жасалым ретінде түсіндіреді. Н.Б. Милявская неологизмдерді қалыптастырудың когнитивтік негізін қарастыра келе, когнитивтік лингвистикада болмыстың категориялану үдерісінің бөлінбес бөлшегі, ойлауды жүзеге асыру принциптерінің бірі ретінде танылатын метофтонимия құбылысына назар аударады. Ғалымның еңбегінде жаңа сөз метафтонимиялық ауысудың (метафтонимический перенос) нәтижесі ретінде қарастырылады [16]. Е.Л. Боярская полисемантикалық зат есімдердегі жаңа мағынаның даму нәтижесінде пайда болған неологизмдерді когнитивтік парадигманың аясында 236