БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ ЗКГУ. Вестник, 1-2019 | Page 235

БҚМУ Хабаршы №1-2019ж. ажырата отырып, алғашқысын «окказионализм» ұғымының мағынасына теңестіреді [1, 13 б.]. Н.З. Котелова «лексикалық жаңалықтарды» нақты бір уақыт аралағында бір тілде, тіл жүйесінде, қолданыста узуалды түрде болған және, сәйкесінше, бұрын сол тілде, тіл жүйесінде, қолданыста болмаған сөз, сөз мағынасы, идеомалар деп түсіндіреді [2, 14 б.]. Қазақ тіл білімінде академик Р.Сыздық тілдегі жаңалықтар / тілдік жаңалықтар / лингвистикалық жаңа бірліктер / тілдегі жаңа лексикалық бірліктер / жаңа сөздер дегендерді синонимдес мағынада қолданған [3]. Ғалымның пікірінше, бұл атаулардың барлығы да – белгілі кезеңдерде пайда болған (қолданысқа түскен) жаңа зат, жаңа ұғым атаулары, жаңа сөз тіркестері, мағынасы жаңарған бұрынғы сөздер, тілде жиі және еркін қолданыла бастаған бөгде тілдік сөздер. Академик Р.Сыздық тұжырымдарының жаңалығы – қазіргі жаңа сөздердің пайда болуының тілге деген ұлттық рухани сұраныстың күшеюі мен ұлттық сананың беки түсуіне байланысты қарастырылуында. Тіл ғылымының әр саласы өз бетінше оқшау дамымайды, олардың зерттеу нысандары мен әдістері әр басқа болғанымен, тілдік бірліктердің табиғатын тануда ортақтық болады. Бұл ретте неологизмдердің ерекшеліктері антропоцентрлік парадигманың негізгі бағыттары болып саналатын этнолингвистика, психолингвистика, лингвомәдениеттану және когнитивтік лингвистика салаларының аясында да қарастырылады. Өйткені халықтың ұлттық болмысын танытатын негізгі өзек – оның тілі. Ұлт – мәдениет – тіл тұтастығында қарағанда жаңа сөздер ұлт санасының жемісі болып табылады. Жалпы алғанда, адам әлемді өз ана тілі арқылы таниды да, сол негізде ұлттық мінезді бойына қабылдай бастайды [4]. «Тіл – халықтың рухы» болса, тілдің ең негізгі бірлігі – сөз. Ұлттық тілдің сөздік қорындағы белгілі бір үлесті жаңа сөздер құрайтыны белгілі. Жаңа сөздер тілдің ішкі заңдылықтарынан бөлек, сол тілді тұтынушы халықтың ойлауына, қабылдауына, таным-түсінігіне сай жасалса ғана жаңа сөздің тілде бекітілуіне жағдай жасалады. Бұған В.фон Гумбольдтың «тіл рухтың заңдылығы бойынша дамитын болса, оған қоса тіл адам санасының заңдылықтары бойынша да дамиды» деген тұжырымы дәйек болады [5, 370 б.]. Бұл – неологияның адамның когнитивтік және тілдік санасына тән тетіктермен байланысының айқын көрінісі. Сонымен қатар тілдегі жаңа сөз ең алдымен – ұлттық-мәдени құбылыс. Біріншіден, «тіл мен мәдениеттің өзара қарым-қатынасы, әсіресе мәдениеттің тілге ықпалы, мәдениеттің тілдегі көрінісі ғылым үшін жаңалық емес. Әр халықтың дүниетанымы мен мәдениетінде ерекшелік бар; бұл ерекшелік тілге сіңіріледі дегеннің бастапқы негізі Э.Сепир мен Б.Уорфтың «лингвистикалық ықтималдылық теориясында қаланған болатын» [6, 122 б.]. Демек, мәдениеттегі өзгерістер тілге әсерін тигізеді, ал тілдегі өзгерістер, ең алдымен оның лексикалық қабатынан сезіледі. Бұл ретте тілдің ішкі заңдылықтарына негізделген жаңа сөз тууы мүмкін, екіншіден, жаңа сөздердің бір тобы бұрыннан тілде бар, бірақ мағынасы күңгірттеніп, қолданыс аясы шектеле түскен сөздердің жаңа мағынаға ие болуынан жасалады. Бұған дәлел – қазақ тіліндегі жәдігер, кәдесый, тұсаукесер сияқты неологизмдер. Бұл – тіл мен мәдениеттің тоғысындағы лингвомәдениеттану, этнолингвистика салалары мен неология байланысының қарапайым дәлелі [7]. Сонымен қатар ұлттық-мәдени танымға ие, ұлттық менталитетті айқындайтын сөздердің семантикасының кеңеюі, жаңғыруы арқылы тілге қайта оралуы, әсіресе ғылым мен техника атауларын беруге сәйкес келуі тілдің сөз байлығының айрықша қабілетті екендігін, сол халықтың ұлттық мәдениетінің жоғары екендігін көрсетеді. 234