БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ ЗКГУ. Вестник, 1-2019 | Seite 205
БҚМУ Хабаршы №1-2019ж.
Драматург бір тізбекте метафора мен теңеуді, яғни тілдік құралдарды қолдану
арқылы қабылдаушыға «ел» концептісінің бейнелік қабатын танытады.
Концептінің ұғымдық бөлігі қандай да бір зат мағынасының жалпы
тұжырымдамасын емес, автордың сол затты немесе мағынаны қалай
қабылдайтындығын бейнелейді. Бұл қабат даралық сипатқа иелілігімен
ерекшеленеді, яғни мағынаның тұжырымдамасы автор үшін маңызды болып
табылатын белгілерді сақтап қалуы тиіс. Бұл жерде автор үшін маңызды нәрсе –
елі мен жерінің азаттығы. Оны мұғалімнің мына сөздері арқылы түсінуге болады:
Мұғалім. Дұшпан екенім рас. Дұшпаным сен! Саған оқ атқан мынау
(Жантасты көрсетіп) асыл ұлдар! Өлтірдім дейтін шығарсың! Жоқ, бұл сияқты
өр ұлдарыңның қолымен біздің де дала дабыл қақты. Сарын қосты. Сол даланың
азаттығына біз құрбанбыз!
Мұғалім. Ажал сағатың соғар. Түбіңе жетер осы сарын. Тұсау кестің,
қанат қақтың. Қанат қақтың, қайран елім! Жаса, көгер, елім! [7, 255 б.].
Концептінің құндылық бөлігі концептінің ұғымдық қабатындағы бағаға
тәуелді болады. Ол баға жағымды немесе жағымсыз болуы мүмкін. Мысалы,
М. Әуезов «ел» ұғымының терең мағынасын аша отырып, дағдылы мағынадағы
қара түн, тұяқ серпу семаларының жалпы тілдік мағынасын Мұғалім сөзі
арқылы: Түн! Қара түн еді. Тұяқ серпіп еді, елдік көрсетіп еді, Бишара милләт,
зұлмат түні әлі баста. Арылған жоқ деп абстрактілі ұғымдарға айналдырады.
Драматургтің қолдануындағы ел басына туған ауыр күн реңктік сипатына қарай
бағаланып, қайғылы эмоция туғызады. Реңктік сипатын түс арқылы көрсетіп:
Қара түн, зұлмат түндеп бағалайды.
Және де «ел» концептісі қазақ оқығандары бейнесінде де көрініс табады.
«Қазақ» газетінің елге сәлемі:
Мұғалім (асығып, ашып оқып): Мүмкін емес, жоқ, рас, соның қолы,
«Қазақ» газеті идарасынан. Ең басшы, ақ жүрек азаматтың өзінен (Отыра
кетеді).
Жантас. Не депті? Не бопты?
Мұғалім (оқып): «Елдің наразылығына сен де қосылатын түрі бар деп
есітемін. Біз мұныңа барымызша қарсымыз. Ол бүлікті қостама. Жігіттің
берілгені игі. Біз солай ұйғардық. Миллат деп саналып азамат енді қайта
жігітті бастап, фронтқа барсын. Тез қатеңді түзе. Басқа жол жоқ. Біз
тілімізді алған елдің бәрін де тоқтатып, көндіріп жүрміз, елге жаның ашысын.
Мағлумың!» [7, 411 б.].
Бұл жердегі ақ жүрек азамат деп отырғаны – сол кездегі «Қазақ»
газетінің басшысы Ахмет Байтұрсынов болатын. Ал «Қазақ» газетi мен оның
құрылтайшыларының көздеген түпкiлiктi мақсаты – қазақтың ұлттық
мемлекеттiгiн қайта көтеру және Әлихан Бөкейхан өзiнiң «Қазақтар» очеркiнде
атап өткендей, қазақтың ұлттық салт-дәстүрi негiзiнде «батыс мәдениетi жүзеге
асырылуға тиiс» болатын. Алдына осындай мақсат-мүдде қойған «Қазақ» газетi
мен оның құрылтайшылары мақсаттарына монархиялық билiк дәуiрiнде
қантөгiссiз күрес жолымен жетуге ұмтылды. Алайда отаршыл империя
заманынан аман шыға бiлген «Қазақ» газетi совет өкiметiнiң Қазақстанға билiк
орнатуға тырысқан алғашқы күндерiнде-ақ – 1918 жылдың наурызында бiржола
жабылды. Міне, пьесадағы мұғалімге хат жолдап отырған газет редакторының
мақсаты – «елді қан төгіс, қырғыннан аман алып қалу болатын». Отар ұлттың
ұлттық рухы оянған кезде қоғамдық өмірге белсене араласқан М. Әуезовтің де
көзқарасы сол тұрғыда қалыптасты. Ұлт-азаттық идеясы оның өмірлік мақсаты
мен көркем ойының негізгі арқауы болып қалды деуге болады [6]. Алайда ол
заманның саясаты бойынша, оны ашық айтуға болмайтын. М.Әуезов бұл жерде
204