БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ ЗКГУ. Вестник, 1-2019 | Page 20

БҚМУ Хабаршы №1-2019ж. алдаспанын жауға сілтемей қалмасы анық еді. Сондай жырлардың бірінде Ақтамберді жырау: Жауға шықтым ту байлап, Шепті бұздым айғайлап. Дұшпаннан көрген қорлықтан, Жалынды жүрек қан қайнап Ел-жұртыңды қорғайлап, Өлімге жүрміз бас байлап [1], - деген жыр жолдарында халықты батылдық пен батырлыққа шақырады. Өз ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары: Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев; Алаш Орда қайраткерлері: М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов және тағы басқалардың нақтылы іс-әрекеттері мен шығармаларынан да байқауға болады. Қазақтың ұлы ақыны Абай тікелей жауынгерлік және ерлік тәрбиесіне арнап еңбек жазбағанымен де, өзінің шығармаларында отансүйгіштікті қалыптастыратын ұлттық сана, намыс, парыз секілді қасиеттерді жан-жақты қамтыды. Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» пайымдаулары халқымыздың тарихын ғылыми негізге келтірген алғашқы қадамдардың бірі. Абай шығармалары туған елінің, жерінің тарихын зерттеп, оны жете түсінуді уағыздайды. Абай Құнанбаев – халқымыздың тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері. Данышпан ақынның ұлылығы туралы С.Торайғыров «Асыл сөз» өлеңінде былай дейді: Ақыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе! Адалдықты көздесең, Жаттап тоқы көңілге [2], - дей отырып, ақын жастарға Абай сөзі қасиетті, ол адалдыққа бастар бастау, бұлақ көзі деп түсіндіреді. Абай халық ауыз әдебиетінің мол мұрасынан сусындап өскен. Жас Абайдың дүниетанымының қалыптасуына әжесі Зере мен анасы Ұлжан үлкен еңбек сіңірді. М.Әуезов оның ойшыл-ағартушылық дүниетанымының қалыптасуының үш қазынасы барын айта келіп, оны былай саралаған: «…біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы халықтың ауызша әдебиет қоры, екіншісі – араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы, үшіншісі, үлкен өнер, мол азық алған зор саласы – орыс халқының мәдениеті және сол арқылы еуропа мәдениеті», - деп саралайды [3]. Абайдың ақындық жолға бет бұрғандағы алғашқы сөзі білім мен мәдениеттің маңызын насихаттай отырып, балалардың дүниетанымын дұрыс қалыптастыруға арналады. Ұлы ақынның «Ғылым таппай, мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңдері кейінгі ұрпаққа айтар өсиеті үлгісінде жазылған. «Ғылым таппай, мақтанба» өліңінде адам бойындағы қазынаның ең бастысы, әр баланың ұмтылатын арманы – ғылым болуы керектігін айтады. Ғылым таппай, мақтанба! Орын таппай баптанба Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге [4], - дей келе, ғылым жолына ұмтылған әр адамның қандай нәрселерден қашық, қандай нәрселерге асық болу керектігін жіпке тізгендей тізіп, саралап береді. Ақынның осы өлеңі арқылы жастардың ғылымға ұмтылғанын қалайтын адами қасиетті жоғары бағалайтын өз халқының жанашыр бейнесін көреміз. 19