БҚМУ Хабаршы №1-2019ж.
«көктем ұлын алады шомылдырып жаңбырына»; «Сансыз құс алуан ырғақ,
алуан үнмен / Сайрайды гүлді көктем құрметіне») ұласады, сондай-ақ:
Құлағы сырын шертіп қоғасына,
Сұлулық бітер көлдің жағасына
Жаз келіп, көктем жылжып жүре берер
Інідей орын берген ағасына («Көктем») - деп келетін тармақтар ақын
шеберлігін әр қырынан таныта түседі.
Қадыр ақынның табиғат лирикасының қатарын «Бұлт», «Жаңбырдан соң»,
«Күз», «Қыс», «Бұлт пен қаңбақ» сынды өлеңдер толықтыра түседі. Бұл өлеңдер
бала ұғымына, жас өскіннің қабылдауына ыңғайлы тілде жазылған. Баяндаушы
автор табиғат құбылысын балалардың ой-өрісіне сай, түсінуіне, мүмкіндік бере
сөз саптайды. Мәселен, бұлтты «жалбыр-жалбыр жүні ұзын жабағыдай» деп
сипаттаса, жаңбырдан соңғы табиғатты «Жаңбырдан соң күлімдеді табиғат /
Жақсы баға алған бала сияқты» деп кейіптейді. Ал күзді өз мінезіне қарай
«Жайып салды алдына қалағанды / Жемісті күз кезінде келе қалды» деп
мейірлендірсе, қысқа келгенде «Қыс өзі бүрсеңдеген бала талға / Кигізді
үстіндегі ақ халатын» десе, енді бірде «Әлі де із түспеген аппақ дала /
Басталмаған оқушы дәптеріндей» деп анықтама береді. «Бұлт пен қаңбақ»
өлеңінде құйын соғып есірген күзгі далада көшіп-қонып жүрген қаңбақ аспанға
қараса, қанаттарын кең жайып көшіп бара жатқан бұлттарды көреді де:
Қаңбақ өзі ілгері
Қалбаң қақты, бұлтарды...
Қарап жүрмей тілдеді:
«Қаңғыбас!» – деп бұлттарды [2, 23 б.] – деп күндейді.
Табиғаттың бала қиялымен сабақтастығын бейнелеген туындылар тек қана
«Көктем» (1959) кітабында ғана емес, сонымен бірге «Алуан палуан» (1963),
«Сабақ» (1964) кітаптарында молынан ұшырасады. Айталық «Жыл маусымдары»
- жылдың төрт мезгіліне арналған циклді дүниелер қатарын толықтырған. Әр
маусымға арнайы тоқталып, жеке-жеке сипаттама береді ақын. Мысалы:
Көктем келді: құс келді
Күн ұзын, түн қысқа енді
Көктем келді: су ақты
Күннің көзі шуақты
Көктем келді: гүл өсті,
Көбелектер гулесті.
Көктем келді: көл үсті
Көңілді де келісті.
Көктем келді: іс келді,
Күн ұзын, түн қысқа енді [2, 152 б.].
Осы сынды «Жаз» өлеңінде де аталған кезеңнің өзіне тән қызықтарын
ақын бала сезіміне әсер ететіндей кейіпте суреттей бейнелейді. Жаздың да
көктем сияқты көңілді сәттері мол екен.
Жаз да келді пейілді:
Жан-жануар сейілді
Жаз да келді: аптапта
Жан-жаққа ұшты бақ-бақ та.
Жаз да келді: найқалып:
Жатыр егін жайқалып.
Жаз да келді: шаттанып.
Жұмыла іске аттанып
Тындырып бар жұмысты
Тоя жедік жемісті («Жаз») [2, 152 б.].
195