БҚМУ Хабаршы №1-2019ж.
Актуалдылық принципі. Жаңа қолданыстардың бір тобы тілдің өз
талабынан тыс, сыртқы фактор-стимулдардың күші бойынша жасалатындығы
белгілі. Қазіргі кездегі қоғам өміріндегі өзгерістер, ұлт тіліне деген көзқарастың
жаңаша сипат алуы, еңбек процесінің, өндірістік қарым-қатынастың күрделенуі
сияқты келелі, маңызды өзгерістерге орай жасалған жаңа қолданыстар актуалды
мәнде болады, бұндай қолданыстардың жасалуын тілден тыс жағдаяттар талап
етеді. Сондықтан тілден тыс сұранысқа орай жасалған жаңа қолданыстар әдеби
тілде кең айналымға түседі, нормалау талқысына түспей-ақ жоғары қолданыс
жиілігімен жұмсалу нәтижесінде әдебиленген элементке айналады. Бұл қатарға,
мәселен, Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет мәртебесін иеленуіне
сәйкес жасалған егемендік (суверенитет), жарғы (устав), жарлық (указ),
төраға (председатель) типтес сөздерді жатқызуға болады. Актуалды жаңа
қолданыстардың қатарында варианттылық болмайды. Әрине, тілден тыс күш
ықпалдың әсерінен пайда болған жаңа қолданыстар саны өзге топтарға, яғни
тілдің ішкі стимулдарына орай жасалған сөздерге қарағанда, соншалықты мол
емес. Дегенмен тілдің өз табиғатынан, ішкі заңдылықтарынан тыс стимулдарға
сүйене жасалған сөздер соңғы төрт-бес жылда аз да болса пайда бола бастады.
Сәйкестік принципі. Бұл принцип бойынша жаңа қолданыс, біздің
ойымызша, семантикалық сәйкестікке, қазақ тілінің сөзжасам жүйесінің
заңдылықтарына және стильдердің стильдік ерекшеліктеріне бағына жасалуы
керек, сонымен қатар осындай талаптарға жауап беруі керек.
Семантикалық сәйкестік немес төл тілдік элементтің мағынасының жаңа
ұғымға, жаңа түсінікке, бейтаныс заттар мен құрал-жабдықтардың атауларын
беруге қабілеттілігі – жаңа қолданыстарды нормаландыруда ескерілетін маңызды
жайттың бірі. Семантикалық өзгеріске ұшыраған немесе аффикстік тәсіл, сөз
біріктіру, сөз қосарлау және т.б. амалдар бойынша жасалған жаңа қолданыстарға
өзек-арқау болатын түбір компоненттің мағынасы (тура мағынасы да, ауыспалы
мағынасы да) мейлінше ескерілуі қажет. Бұлай болмаған жағдайда жаңа
қолданыстар қатарында варианттылық құбылысы пайда болады.
Әдеби тілдің жазба үлгілері орыс тіліндегі номинативтің немесе терминнің
(қазақыланған) атауын жасау үшін тілдің мүмкіндіктерін іздестіре бастайды.
Айталық, 1995 жылға дейін заказ сөзі – қазақ әдеби тілінің лексикалық
құрамындағы орыс тілінен енген лексика тобы деп аталатын ауқымды қатарға
жататын, әдеби сипаттағы сөз ретінде жұмсалып келді. Қалыптасып, қарқын ала
бастаған жаңа қолданыс жасау тенденциясына байланысты баспасөз осы
терминнің бірнеше баламасын ұсынды: бұйырман, бұйымтай, тапсырыс. Осы
варианттардың ішінде тапсырыс сөзі әдеби тілде түбегейлі орнықты да, ал өзге
екі элемент те қолданыстан мүлде шығып қалды. Бұндай вариант қатарлардың
пайда болуына себеп болған жайт ұғым үшін алынған сөздердің семантикалық
сыйымдылығының ескерілмеуі. Бұйымтай сөзі, мәселен, қазақ тіліндегі
этнографиялық атаулардың бірі, ал бұйырман деген сөздің заказ мағынасына
сәйкес келмеуіне сөз тудырушы -ман қосымшасының ерекшеліктері, сондай-ақ
«бұйыр» деген сөздің тура мағынасының «заказ» мағынасынан алшақтығы
кедергі болып тұр. Сондықтан да әдеби тіл «заказ» сөзінің қазақша баламасы
ретінде «тапсырыс» сөзін қабылдап алды, бұл бір жағынан бейтарап мағыналы,
екінші жағынан «қажеттілікті атау, өтініш жасау, талап қою» сияқты
ұғымдарды қамти алатын сөз.
Сөз тудыру амалдарына сәйкес келуі жағынан да жаңа қолданыстарды
нормаландыруға болады. -қыш/-кіш қосымшаларының көмегімен жасалатын
құрал-жабдық атаулары (шырынсыққыш, астықтиегіш, жаңбырлатқыш), -ма/-
ме, -ым/-ім тұлғалары арқылы пайда болатын жаңа қолданыстар жоғары
жиілікпен жұмсалады; -кер/-гер қосымшасы негізінен адамдардың кәсібі, тұрақты
183