БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ ЗКГУ. Вестник, 1-2019 | Page 183

БҚМУ Хабаршы №1-2019ж. телехабарлар тілінің, шешендік сөздердің және т.б.) қалыптасуына «бас-көз» болып, оларға ықпал жасап отырады. Демек, қазіргі баспасөз тілі жаңа қолданыстарды ұсыну мен қалыптандыруда, ең бастысы белсенді коммуникативтік актіге қосуда доминант рөл атқарады. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына байланысты жаңа сөздерді ұсыну мен қалыптандыруда заңнамалық құжаттар мен ғылыми, оқу-ағарту әдебиетінің де үлесі артты. Соңғы онжылдықтарда баспасөз тілімен қатар функционалдық стильдердің осы тармақтарында зайырлы (светский), жаһандану, ықтиярхат (вид на жительство), ғаламтор, алғытөлем (аванс), жәрдемқаражат (субсидия), демеуқаржы (дотация), мөлшерлеме (ставка), үлескер (дольщик) үлестеме (квота), кепілпұл (задаток), өтінім (заявка), ұйғарынды (клаузула), жиынтықтама (комплектация), үлеспұл (пай), өсімақы (пеня), бейінді (профильный), кепілгерлік (поручительство),бағалық (прейскурант), мәулеттік мерзім (рассрочка), ұсыным(рекомендация), кәдесый (сувенир), кеппешөп (гербарий), жасуша (клетка), төсбелгі (нагрудной знак), үлеспайда (дивиденд), дәрумен (витамин), жасунық (клетчатка), дернәсіл (личинка), тосынсый (сюрприз), зияткерлік (интеллектуальность), тамшуыр (пипетка), тінтуір (компьютер термині), пернетақта (компьютер термині), емдәм (диета), топсеруен (экскурсия), тәлімбақ (плантация) тәрізді саналуан жаңа қолданыстар пайда болды, олар ресми құжаттар мен оқу-ағарту құралдары арқылы бірте-бірте «көзтаныс» бола бастады, бірқатары қазірге дейін жарық көрген нормативті сөздіктерге енгізілген. Жаңа қолданыстарды нормаландыру межелері. Әдеби тілдің сөздік құрамына қосылып жатқан жаңа қолданыстар – норма және тіл мәдениеті мәселелеріне тікелей қатысы бар құбылыс. Осы ретте айта кету керек, қазақ әдеби тілінің лексикалық, грамматикалық, орфографиялық, синтаксистік нормалары және олардың принциптері – қазақ тіл біліміндегі енді-енді зерттеле бастаған жас ғылым салаларының бірі. Сондықтан біз тікелей норма мәселелеріне және оның аясына енетін сала-тармақтарға, норманың анықтамасына, норма ұғымына қатысты тұжырым-пікірлерге саналы түрде тоқталмай, зерттеліп отырған проблема бойынша бірнеше жағдаяттарға ғана назар аудармақшымыз. Зерттеушілер қолданыс жиілігі жоғары, сондай-ақ түсіндірме, емлелік сөздіктерге енгізілген жаңа қолданыстарды нормаланған деп тануды ұсынады [1], сонымен қатар ең қарапайым межелердің бірі – дұрыс / дұрыс емес дегенді де басшылыққа алу керек деген түйіндер де бар [10]. Лексика саласындағы жаңа қолданыстардың нормалануы процесін уақыт билігіне беру, уақыт екшеуіне салу – ең жеңіл амалдардың бірі. Бұндай жолды ұстану, қазіргі кезде, қазақ әдеби тіліндегі терминдерді сапалық жағынан қайта қарау, төл тілдің ресурстары арқылы жаңа атаулар жасау қарқынды бағытқа айналып отырған кезеңде, мәселені толық шешіп бере алмайды. Осы мәселеге қатысты нормаландыру, реттеу-екшеу принцип-жолдарының толық айқындала қоймағандығынан да қазіргі баспасөз тілінде варианттылық, әртүрлі орфограммалар орын алып отыр. Осы аталғандарға байланысты нормаландыру проблемалары үшін сүйеніш бола алатын, бір-бірімен тығыз байланысты үш принцип-межені атауға болады. Олар – актуалдылық принципі, сәйкестік принципі және эстетикалық принцип. Біздің тарапымыздан ұсынылып отырған бұл белгі-критерийлер, әрине, норма мәселелеріне, оның ішінде жаңа қолданыстарды елеп-екшеу жағдаяттарына қатысты барлық сала-тармақтарды толық қамти алмайды. Аталған принцип- межелер жиналған материалдар және олардың реттелуін зерттеу, қадағалау жұмыстарынан кейін ғана, ең қажетті межелер ретінде алға шығып отыр. 182