БҚМУ Хабаршы №1-2019ж.
екендігін), терминдік жүйеге қарым-қатысын, сондай-ақ кейбір тұстарда жаңа
қолданыстарды алғаш ұсынған авторларды көрсетудің мүмкіндігі де туады. Бұл
да – жаңа қолданыстар зерттелуіндегі қажетті жұмыстардың бірі. Мәселен,
жиналған материалдарға сүйене отырып, сындарлылық (конструктивтность),
салауаттылық (трезвость), жеделдету (ускорение), айдар (рубрика) тәрізді
сөздердің 1985 жылы баспасөз тілінде көрінгенін, егеменді, ақпарат,
бағдарлама, мақсатнама, тұғырнама, кешен сөздерінің 1990 жылы дүниеге
келгенін атап өтуге болады. Ал өркениет (цивилизация; ұсынған – жазушы
С.Шәймерденов), дәйексөз (алғаш қолданған – Ө.Жәнібеков); әуежай (аэропорт;
баспасөз тіліне енгізген – Ф.Оңғарсынова), ұшақ (самолет; журналист Қайнар
Олжайдың қаламынан туған), мұражай (Ш.Уәлихановтың музей терминінің
орнына ұсынған эквиваленті) тәрізді сөздердің авторларын да нақты атауға
мүмкіндік бар. Мерзімді белгілеу арқылы жаңа қолданыстарды нормалауға да
жеңілдік жасалады. Көрсетілген кезеңде пайда болған салауаттылық
(салауаттылық өмір салты) аталымын 2015 жылдан бастап саламаттылық
(саламаттылық өмір салты) қолданысы алмастырып, жазба коммуникацияда,
прецедентті мәтіндерде, жарнамалық мәтіндерде актуалды қолданысқа түсті;
осылайша екшеудің, қалыптандырудың бір себебі салауаттылық лексемасының
түпкі семалық ерекшелігінде (діни ұғымға қатысты) жатыр.
2. Тілдік кеңістіктік мәні. Белгілі бір тенденция, бағыт-бағдар
ыңғайында көрініп отырған жаңа қолданыстар жасау құбылысының жасалу
өрісін, таралу шегін де анықтаудың қажеттігі бар.
3.
Қазіргі кезең – қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдері
мейлінше дараланған, әрқайсысы өз стильдік-тілдік белгілерімен қалыптасқан
дәуір. Тіл стильдерінің тіл дамуындағы қызметі де қомақты. Тілдің диахронды-
синхронды жай-күйі қарастырылатын еңбектерге баспасөз тілінің негіз болуы
кездейсоқтық емес. Қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің қатарында
публицистикалық стиль (газет-журналдар стилі) қазіргі таңда тіл дамуындағы ең
мәнді, маңызды мәселелерге қатысы, тіл эволюциясындағы басты ерекшеліктерді
қамтуы жағынан, тіл жүйесіне тән жаңа сапаларды, соны белгілерді, жүйелі
ерекшеліктерді танытуы тұрғысынан доминант (жетекші) салаға айналып отыр.
Қазақ тіл білімі бойынша зерттеулерде де ой-түйіндер осындай тұжырымдармен
ұштасып жатыр. Ғалым Р.Сыздықова бұл жөнінде былай деп жазады: «...
ғылыми-техникалық, шаруашылық, экономикалық, мәдени салалардың
терминологиясын жасап, қалыптастыруда, кейбір морфологиялық дублет
тұлғалардың бір вариантын әдеби деп ұсынуда және тағы басқа тұстарда
баспасөз тілі жетекшілік рөл атқарған болатын» [9, 6 б.]. Сондай-ақ зерттеуші
С.Исаев әдеби тілімізден берік орын алып, белгілі қажеттілікті өтеп жүрген тілдік
құбылыстардың көбі-ақ әуел баста мерзімді баспасөз тілінде қолданыла бастап,
кейін қалыптасып, нормаланып барып, әдеби тілге енгендігін; морфологиялық-
синтаксистік жүйедегі өзгерістерді атамағанның өзінде, әр алуан жаңа сөздер мен
тың конструкциялардың әдеби тілге «мерзімді баспасөз тілі келген жаңалықтар
екендігін» атап өтеді [5, 9 б.].
Баспасөз тілі өзінің стильдік қызметі мен өзіне қажеті стильдік ресурстары
үшін әдеби тілдің өзге тармақтарының лексикалық құрамы мен стильдік
белгілерін кеңінен пайдаланады. Бұл тармақта стильдік байлаулы единицалармен
бірге жалпыхалықтық тіл үлгілері, жергілікті тіл ерекшеліктеріне тән элементтер,
архаизмдер мен тарихи сөздер, тұрақты тіркестер мейілінше кең ауқымда
көрінеді. Бұл жағдай баспасөз тілін тіл мәдениетіне, терминологияға, әдеби
нормаға, орфография мәселелеріне қатысты проблемаларда ұсынушы, реттеуші,
нормалаушы сала деп тануға мүмкіндік береді, баспасөз тілі нақ осы мәселелерде
өзге функционалдық стильдердің, әдеби тілдің ауызша түрінің (радио-,
181