БҚМУ Хабаршы №1-2019ж.
да арта түседі. Тиімді шапшаңдықта оқытуға қол жеткізудің тиімді тәсілдері В.Н.
Зайцевтің «Резервы обучения чтению» жұмысында көрсетілген.
Оқу қабілеті төмен оқушыға дұрыс, саналы және шапшаң оқу дағдысын
дамытуға уақытында көмектесу үшін оны жүйелі түрде есепке алу қажет. Сынып
оқушысының тұлғасы дамуының ерекшелігін оның оқудағы жетістігі, оқу-
әрекетінің компоненттерін меңгеруі, жалпы оқу біліктілігі мен дағдыларының
қалыптасу деңгейі анықтайды [4, 7 б.].
Әдіскер тілшілер /Е.И. Пассов, С.К. Фоломкина/ оқуға үйрету дегеннің өзі
оқылымға тән барлық қасиеттерді жете білу, жан-жақты меңгеру деген сөз,
сондықтан оқуды жіктеп, ажыратып түрлерге бөлу тиімді емес, қазіргі өлшемдер
бойынша оны ана түр, мына түр десек, әркім оның елеусіз ерекшелігіне қарап
жіктей береді деген пікір білдіреді. Олар белгілі бір тілде оқудың бір ғана түрі
болуға тиіс екендігін дәлелдейді.
Оқылым әрекетіне дағдыландыруға мәтіндердің қажеттілігі.
Мәтіндерді оқуға үйрету 1-сыныптан бастап қазақ тіліне тән дыбыстарды
және олардың таңбалық әріптерін таныстырудан басталады. Алғашқы кезде
оқушылар аталған дыбыстарды сөз ішінде дұрыс айтуға, олардың таңбаларын
танып, жазуға үйренеді. Кейін жеңіл, қысқа мәтіндерді оқуға көшеді. Сөйлем
ішіндегі сөздерді орфографиялық нормамен айтуға жаттықтыру үшін арнайы
өлеңдер, мақалдар, жұмбақтар жаттатып, оқыту қажет. Алдымен, бір буынды
сөздерді оқудан бастаған оқушы бірте-бірте дұрыс оқуға, жылдам және мәнерлеп
оқуға төселеді. Кейін оқығанын мазмұндап айтып беруге дағдыланады.
Сондықтан қазақ тілінің әр сабағында мәтін, жаттығу, өлең, жұмбақ, т.б.
жадығаттарды өткенде мұғалім оқушылардын оқуға қойылатын талаптарды
мүлтіксіз орындауды талап етіп отырады.
Оқушылардың оқу дағдыларын бекіту мақсатында: мұғалімнің соңынан
шағын мәтіндерді хормен және жеке оқу; оқушылардың бір-біріне қаратып оқуы;
бір оқушының оқуда жіберген қатесін екіншісіне тапқызу; мәтіндерді мағыналық
бөлімдерге бөліп оқу; мәтіндегі үйретілуге тиісті грамматикалық жадығаттарға
байланысты сөздерді, сөз тіркестерін немесе сөйлемдерді теріп оқу жұмыстарын
жүйелі жүргізу нәтижесінде оқушылар мәтіндерді іштей оқу арқылы түсінетін
дәрежеге жетеді.
Мәтінді оқу кезінде оқушы сөздердің қалай оқылатынына да жаттығады,
яғни қазақ тілінде орфоэпияға нормаға сай сөйлеуге дағдыланады. Сөздер
оқылуы, айтылуы арқылы оқушының санасында бекіп, бірте-бірте сөйлеу тілінде
тұрақтана бастайды [4, 9б.].
2-4-сыныптар үшін «Қазақ тілі» пәнінің оқу бағдарламасындағы оқылым
дағдысын дамытуға ықпал ететін тапсырма үлгілері:
- көз жүгірте, шолу жасай отырып оқу;
- мәтіннің тақырыбы мен бастапқы бөлігіне сүйене отырып, оқиғаның
дамуын болжау;
- мәтіннің негізгі ойы мен бөліктерін анықтай отырып оқу;
- ақпаратты табу үшін оқу, қызығып оқу және өз көзқарасын айту үшін
оқу, мәтінге ауызша және жазбаша шолу жасау;
- әдебиетпен жұмыс (сұхбатқа сұрақтар мен жауаптар дайындау);
- интернет ресурстарымен жұмыс (тақырып мазмұны бойынша
презентациялар, жобалар дайындау) [5, 7 б.].
Мысалы: Оқушылар оқулықтағы 46-жаттығуда берілген Бауыржан
Момышұлының әңгімесін мәнерлеп оқып, мәтін астындағы сұрақтарға жауап
берулері керек. Бұл жаттығуда ізденуге тапсырма берілген. Оқушы дереккөзден
тапсырмасын іздеп, өз бетімен мағлұмат жинауға дағдыланады. Сұрақтар
айтылым дағдысына берілген.
104