БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 424

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Әулиелер, әулиелік орындар – адам мен жерді, өткен уақыт пен бүгінді, ата-бабалар аруағын бүгінгі пендемен жалғастырып жатқан, реалды географиялық координатқа ие нүктелер болып табылады. Адам осындай жерге зиярат (түнеу) ету арқылы құдды басқа бір өлшемге, арғы дүниеге сапар шеккендей болады, ата-баба аруағынан өзінің тілегінің орындалғанын көрсетер белгі-нышан күтеді. Баяғының сөзімен айтқанда «аруақ қолдайды». Әулиелер бізден бас тартса, әулиелік орындар өздерінің киелілігінен айырылып, кесірлі орындарға, әулиелерге, ата-бабалар рухына деген сенім өз өзектілігін жоғалтса – олардың мекендері жын-жыпырдың ордасына айналады деп сенген. Әулиенің белгілерін ғұламалар төмендегідей білдірген: 1) Әулиенің кереметі болады. Ғайыпты әулие түгіл, періштелер, тіпті пайғамбарлар да білмейді. Бірақ Аллаһу та’алла қаласа, қалаған құлына ғайыптан кейбір нәрселерді білдіре алады. Пайғамбарымыздың ғайыптан хабар берген көптеген мұғжизалары бар. Әулиелерден де ғайыпты білдірген көп кереметтер көрінген; 2) Әулиені көрген адамның көңілі оған бейімделеді. Әулиенің әр сөзі, әр әрекеті Исламға толығымен сай болады. Қасындағы адамдардың жүректерінде Аллаһ қорқуы мен махаббаты пайда болып, басқа нәрселерге деген қызығушылық өшеді. Әулие өлі (имансыз) жүректерді тірілтеді, тазалайды. Олардың қасында болғандардың күнә істеуге деген қалаулары жойыла бастайды; 3) Сенімінде бұзықтық болған адамдар әулие бола алмайды; 4) Әулие бүкіл жаман мінездерден ұзақ, жақсы мінездердің барлығын өзінде жинаған адам. Өзіне зияны тигендерді кешіреді, араздағанға жақсылық, сый-сияпат көрсетеді. Онда мал-мүлік, лауазым және атаққұмарлық болмайды. Мақтағанды ұнатпайды. Сынағаннан қорықпайды. Қарапайым мінезімен өзін ешкімнен үстем деп білмейді, ешкімді де қорламайды. Ілім иесі және ықыласпен құлшылық етеді. Ешкімнің зиянын ойламайды, қаламайды. Жұрттарға мейірімділік көрсетеді, жаны ашиды. Адамдардың ақыреттегі бақыттылықтары үшін еңбек етеді. Сөзінде, уәдесінде тұрады. Аманатты сақтайды, ешкімге қиянат жасамайды. Өзінікі дұрыс болса да таласпайды. Қиыншылықтарға, бәле-жалаларға сабыр етеді. Нығметтерге шүкіршілік етеді. Күнәлардан, әсірісе имансыз кетуден қатты қорқады. Қысқасы әулие ең жақсы адам деген сөз. Мұхаммед Сәлим хазіреттен «бір адамның әулие екенін қалай білуге болады?» деп сұрағанда «Тәтті сөзі, көркем мінезі, жомарттығы таласып-тартыспауы, кешірімділігі және бүкіл адамдарға, жандыларға мейірімділігінен кісінің әулие екенін білуге болады» деген [14, 35 б.]. Әулие туралы ұғым ислам дінінің тарихының әр түрлі кезеңінде әр қилы мағынаға ие боп, дамып отырған. Сопылық ілімнің ілкі дәуірдегі (ІХ ғ.) өкілдерінің бірі Зүнүн Мысыри (796-859 жылдар) еңбегінде осы термин теософиялық мәнде қолданылады. Одан кейінгі кезеңдегі авторлар әулиені діни практикада кемелденіп толыққан тұлға, Алла туралы ілім-білімге қанық жан ретінде түсіндіріп, оған жаратушы туралы құпия сырды білуші (ал-гайб), Алланың дидарын көрген (мушахадат ал-хакк) деген сипаттарды береді. Әсіресе Хаким Термези «Пайғамбар тек Аллаға ғана емес, әулиенің демеуіне де иек артады, себебі әулие пайғамбардан төмен болғанымен оның сайрап 423