БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 423
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
жазбалар шыға бастаған Х ғасырда жарық көрген. Кейін әулиелердің
өмірбаяны ғылымда агиография делінетін олардың киесі мен қасиеттері
жайлы жазбалар сондай-ақ әулиелердің кеңестер мен кездесулеріндегі
сөздері, жазысқан хаттары өз алдына бөлек кітап болып шығарыла бастаған.
IV ғасырда өмір сүрген араб ғұламасы Убайд Закуни: «Дүние – дәулетке
қанағат, қиындыққа сабыр қыла алмайтындардың орны. Ал әулие – дүниеге
де, қанағатсыздар мен сабырсыздарға да назар аудармайтын адам», – десе,
«Әулие – Құдайдың жердегі хош иісі», – дейді Ибн Муаз. Ал заманының Ұлы
Ұстазы атанған Ибн әл-Араби «әулиелер жатқан жерде ерекше энергия
болады» деп есептейді. «Қайда жүрсең де, әулиелердің басына зират етіп,
дұға оқы», – деп жазады Ашраф Джахангир Симнани.
Жаллал ад-Дин Румидидің пікірінше: «Әулие деген басыңа бәле жауғанда
жүрегінен бақыт табатын адам», – деп есептесе, аль-Имам ан-Науауи «ақылы бар
адамға Алланың әулиелері туралы жаман ойлауға болмайды» – дейді [9, 32-33 б.].
Әулиелер туралы түсінік барлық діндерде кездеседі. Мысалы, христиан
дінінде «великомученик» (ұлы қасірет шегуші), «апостол» (пайғамбар),
«монах», «блаженный» (дәруіш), ретінде кездеседі. Ислам дінінде де әулие
ұғымы бірден орныққан. Мұхаммед пайғамбардың серіктерін, туыстарын,
кейінгі діни қайраткерлерді әулие тұту, оларға құлшылық ету дәстүрі барлық
мұсылман елдерінде бар. Кейде оларды жинақы түрде «әулие-әнбиелер» деп
те атайды.
Қазақ халқының дүниетанымында әулиеге табыну дәстүрі ежелден бар.
Тәңірге сенген ежелгі түркілер Ұмай ананы, Қызыр атаны, ата-баба
аруақтарын желеп-жебеуші санап, оларға үнемі сыйынып отырған. Ел иесі
Көкбөріні қасиет тұту, су иесі Сүлейменге жалбарыну, тіршілігінің негізі төрт
түлік малдың иелері – Қамбар атадан, Шопан атадан, Ойсылқарадан, Зеңгі
бабадан, Шекшек атадан жәрдем күту ислам дініне дейінгі нанымдар қазақ
халқының дүниетанымында күні бүгінге дейін сақталған. Бұл бағытта,
әсіресе, қазақ даласына ислам дінінің сопылық ілім түрінде енуі үлкен әсер
етті. Баба түкті Шашты Әзіз, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата
әулиелер білімпаз діндарлығымен де, қарапайым ізгілігімен де халық
жадында мәңгілік сақталған. Қазақ халқы, сондай-ақ ел қорғаған батырларды,
ұлт бірлігін сақтаған билерді, ақыл-парасатымен тұтас аймаққа үлгі болған
аналарды әулиелер қатарына қосып, олардың аруақтарына табынып келеді.
Қазақ халқы өз болмысында, өз рухани дүниесінде әлеуметтік тұрақтылықты
алға қойған. Рухани және әлеуметтік тұрақтылық қазақ халқының жан
тамыры болады десек, әулиелілік қазақ болмысының жан айнасы. Сондықтан
қазақтар әулие, көріпкелдікті өзіне пір санаған [13, 37-38 б.].
Әулиелер культі исламда маңызды орын алғаны белгілі. Үлкен аумақты
мекендеген, сан ғасырлар көшін басынан өткізген елдің салт-дәстүрлері,
наным-сенімдерінде әулиелі жерлерге байланысты ортақ бір іс-әрекеттер
бейнеленген. Атап айтқанда: тірі кезінде, кейін қайтыс болған соң қасиетті
әулиенің кереметтері ел аңыздарында және өзге де деректерде айтылып
отырады, әулиенің мазары қасиетті орынға, ол жердегі қалған заттар құнды
қасиетті жәдігерлерге айналады, елдің жадында, түсінігінде қасиетті
орындардағы әулиелер Жаратушы мен адам арасындағы дәнекер, оның
Жаратушы берген күші пендеге де өтеді деген нанымы, мазарға ел үнемі
зиярат етіп келеді және ол жер рухани орталыққа айналады, әулие
мазарларында құрбандық шалу, түрлі рәсімдер жасау [13, 56 б.].
422