БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 421
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
керек соны түсіндірудің орнына қазақтың жанына қайшы келетін, ешқандай
шарасына сыймайтын, ата-бабаңды ұмыт, олардан без, әулие дегенге барма
деген әңгімелермен елдің зәресін ұшырып, шошытуда. Аллаға ширік
келтіруге болмайды деген әңгімені шығарып алды да, міне осыдан шыға
алмай жүр. Адамдардың барлығы да он сегіз мың әлемнің жаратушысы және
оның иесі бір Алла деп біледі. Бірақ, сонымен қатар, басқа ұлы бабаларының,
әке-шешелерінің басына барып та зиярат жасайды. Бұл екеуі бір-біріне
қайшы келетін ұғым емес. Әруақтар сендерге не береді дейді. Әруаққа
бірдеңе алу үшін бара ма екен? Әруақты риза ету үшін барады. Осы елді,
жерді, халықты сақтап қалдырған сол ата-бабаларымыз емес пе?», деген ойы
жұмыстың негізгі мақсатын ашып берері сөзсіз [7, 4 б.].
Г.Кеніштайқызы өзінің ғылыми зерттеуінде бұл мәселенің өзектілігін былайша
ашып көрсетеді: «Бүгінгі күні «әулие» ұғымын жаңаша көзқараста қарастырудың
бірнеше себептері бар. Біріншіден, кеңес дәуірі кезеңінде өз тарихымыз бен
мәдениетіміздің құнды деректері яғни ауызша деректер ғылыми айналымға дер
уақытында түспеуі себебінен ғылыми зерттеулер мен көпшілікке арналған
оқулықтарда жаңсақ пікірлер пайда болды. Екіншіден, қоғамымызда кездесетін
түрлі кедергілерге байланысты әулие мәселесі ислам дінімен бірге ғана зерттеліп,
арнайы зерттеу объектісі ретінде қаралмады» [8, 161 б.].
Б.Әзірханов: «Мұсылмандар, біріншіден, өзін барлық мәселелер бойынша
ден қойып тыңдайтын және өздері оның салты мен әдет-ғұрыптарын
басшылыққа алып, дегенін орындайтын; екіншіден, қатерлерге ұрындырмай,
дұрыс жолға бастайды деп кәміл сеніп, айтқандарына құлақ ұратын;
үшіншіден, о дүниеде өздерін Алланың кәрінен қорғайды деп үміттенетін;
төртіншіден керемет қасиеттерінің арқасында өздерін бұл жалғанда қорғауға,
бәле-жала мен күнәлардан сақтауға және өздерінің барлық қажеттіліктерін
қанағаттандыруға қабілетті деп есептейтін адамды әулие санайды», – дейді
өткен ғасырда өмір сүрген Абу аль-Ааля аль-Маудуди өз тафсирінде» [9, 32
б.] десе, тарихшы Н.Д. Нұртазина өз еңбегінде әулиелік культке былайша
баға береді: «Көп жағынан жасанды тұжырымдама шеңберінде халықтың
наным-сенімдерінде шаманизм әсері күшті болды делініп, сонымен қатар
әулиелердің рөлін, қызметін бұрмалап, оларды ескі діндердің дәстүрін
жалғастырушы етіп көрсетуге тырысып бағу кең тарады. «Әулиелер культі»,
яғни сопы-әулиелерге табыну туралы халық пен ислам арасына от тастау
үшін жасалған «ғылыми» пікірлер алға тартылды. Шын мәнінде, кейбір артта
қалған топтар мен жекелеген адамдар арасында болмаса, мұсылман
халықтарында, оның ішінде қазақ халқының арасында да, әулиені – тірісін де,
өлген аруақты да – Жаратушы Алладан жоғары ешкім қойған емес,
әулиелерді қатты сыйлаған, олардың бойындағы қасиетке, киеге сенген,
олардың дұғасы қарапайым адамның дұғасымен салыстырғанда нәтижелі деп
санаған, бірақ діннен безіп, Аллаға серік қосу, дербес культ жасау болған
емес» [10, 104-105 б.]. Бұл ой-қорытындылар қазақ қоғамындағы әулиелердің
қызметін айқын түсінуге мүмкіндік береді.
Әулиелерді құрметтеу қазақ халқының діни өміріндегі ең маңызды
құбылыстардың бірі, бұл жағдай исламға дейінгі наным-сенімдердің
сақталуы нәтижесінде діннің құрамдас бөлігі ретінде қалыптасты. Мұны сол
заманнан қазірге жеткен «Әулие – Құдай емес, Құдайдан былай да емес»,
«Әулиеге түне, Құдайдан тіле», «Әділетті зор тұт, әулиені пір тұт» деген
мақал-мәтелдер дәлелдейді.
420