БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 42

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Бастауыш мектептің нормативтік құжаттары мен оқулықтарына талдау жасай отырып, бастауыш сынып оқушыларының ұлттық құндылық бағдарының төмендегідей мазмұнын белгілейміз: Отан, туған жер, ана тілі, отбасы, салт-дәстүрлер, ел рәміздері, тарихи тұлғалар т.б. 2-4-сыныптардың «Әдебиеттік оқу» оқулықтарында құндылықтарды оқу үдерісінде таныстыруға баса назар аударылып, арнайы тақырыптар беріліп, сағат саны бөлінгенін айтуға болады [10]. 4-сынып «Әдебиеттік оқу» байқау оқулықтарында «Құндылық» атты арнайы лексикалық тақырып бар. Бұл бөлімде оқушылар адами құндылықтар тақырыбына қатысты мәтіндер беріліп, оқушылардың тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі. Көркем мінез, жылы жүрек, тәтті тіл, жарасымды қарым-қатынас, мейірімділік, қайырымдылық, еңбек, жомарттықты дәріптейтін мәтіндер арқылы оқушылардың бойына адами құндылықтарды дарыту көзделеді. Өзгенің пікірін тыңдау, өз пікірін дәлелдеу барысында әдептілікке тәрбиелеу үдерісі жүзеге асырылады. Берілген бөлімде құндылық туралы: «Құндылықтың әр түрлі көріністеріне адамның іс әрекетін бағалауда пайдаланылатын сұлулық, қайырымдылық, мейірімділік секілді ұғымдар жатады. Сыйластық та құндылық ұғымының өлшемі» - деген анықтама берілген («Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы. 6-том). Мысалы: Абай шығармалары 1-сыныптан бастап бастауыш сынып бағдарламасына енген. 1, 2-сыныптарда оқылатын «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңдерінің тәрбиелік мәні ерекше. Ақын осы өлеңдері арқылы адамгершілік қасиеттерді дәріптеп, өлең-білімге шақырады, жат қылықтан жирендіріп, оқушыға үлкен ой салады. Адамгершілік тәрбиесі – ол жүрек тәрбиесі. Рухтың ұясы да – жүрек. Ақыл жүрекпен нұрланса, рахымды болса, ізгіленеді. Жүректің терең жылуынсыз тек ақылмен қабылданған білім адамның өзіне де, қоғамға да, болашаққа да теріс ықпал етеді. Тәрбие баланың даму кезеңдерінде адамның рухани өзегін қоректендіруші болып, білімнен бұрын жүргізілуі тиіс, яғни білімге адами және рахымдылық сипат беріліп, ақылды жүрек жылуымен нұрландыру қажет. Міне, ұлы Абай бойындағы осындай игі қасиеттерді бастауыш сынып оқушыларының санасына әрбір Абай шығармасын өткенде бірте-бірте сіңіре отырып, алған білімдерін дағдыға айналдырған дұрыс. «Әдебиеттік оқу» оқулықтарында Отан, Туған жер тақырыбына арналған оқу материалдары мынадай тақырыптарда қарастырылған: «Туған елім – Қазақстан», «Ыстық қой, шіркін, туған жер!» Ж.Аймауытов, «Туған жер» Ә.Нұрпейісов, «Отан туралы» М.Мақатаев, «Туған өлкем» Ө.Тұрманжанов, «Астана» Т.Молдағалиев, «Кімнің мекені жақсы?» С.Жүнісов, «Ұланымыз ұлы елдің», «Ұлытау», «Алтай», «Көкшетау». Берілген мәтіндерді оқи отырып оқушы ұлтына, нәсіліне, сенімі мен нанымына, саяси көзқарасы мен ұстанған бағыт-бағдарына, т.б. ерекшеліктеріне қарамастан, республикамыздың әрбір азаматы өзі өмір сүріп, ауасын жұтып, игілігін пайдаланып отырған мемлекетін «Туған елім, Отаным» деп тануы қажет. Мемлекетке есімін беріп отырған ұлттың салт-дәстүріне құрметпен қарау, оның тілі мен дінін сыйлау, заңдарына бағыну, рәсімдерін ардақтап, жетістіктеріне шаттану – қоғамның әрбір мүшесінің басты міндеті. 41