БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 41

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Бастауыш сынып оқушысын құндылық бағдар үдерісі құндылықтарды иелену фазасының айқын байқалуымен ерекшеленетіндіктен (Кирьякова), ең маңызды мәселе олардың қандай құндылықтарды иеленетіндігінде. Бала белгілі бір заттың немесе құбылыстың құнды қасиеттерін білмеуі және оны пайдаланбауы мүмкін. Бұндай жағдайда ол оған құндылық болып табылмайды. Сондықтан, тұлғаны құндылықтарға бағыттауда ақпараттық қызметтің рөлі зор. Құндылық бағдар беру құндылықтардың қасиетін, сипатын ашқан кезде жүзеге асады. Балалардың жасқа байланысты ерекшеліктері олардың барлық іс- әрекетінен – оқу, ойын, қарым-қатынас, еңбектен көрініс тауып отырады. Ал құндылық бағдар іс-әрекеттің құрылымына тікелей байланысты. Сондықтан, педагогикалық теориядағы іс-әрекеттік қатынас қағидаларына сүйене отырып, бастауыш мектеп жасындағы оқушылардың құндылық аясының дамуын біз ең алдымен осы іс-әрекеттер барысында жүзеге асыруды қарастырамыз. 2-4 сыныптарға арналған «Әдебиеттік оқу» пәнінің оқу бағдарламасының мақсаты –оқушылардың оқырмандық және қатысымдық дағдыларын қалыптастыра отырып, олардың адамгершілік және әдеби- эстетикалық құндылықтар жөнінде түсініктерін кеңейтуге, әлем туралы, жалпы адамзат туралы білім алады. Шығармадағы кейіпкерлердің іс- әрекетіне, мінез-құлқына, сөйлеген сөзіне талдау жасай отырып, адамдардың жан-дүниесін түсінуді және оған өз көзқарасын білдіруді үйренеді. Оқушының бойында ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерінің үйлесімді дамуына, қазақ ұлтының мәдениетін, тарихын меңгеруге, оқу дағдылары мен оқырмандық біліктілігін қалыптастыруға, әдеби-эстетикалық талғамын жетілдіре отырып, ізгілікті-елжанды жеке тұлға ретінде тәрбиелеуге бағытталады. Сондай-ақ, оқушыларға адамдардың өзара түсінісуі, сыйластық, құрмет сезімдері, адамгершілік қасиеттері, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарай білуі сияқты ізгілікті қасиеттерді қалыптастыру. Оқу бағдарламасының мазмұны көркем шығармалар арқылы оқушылардың шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекетіне баға беруді, мәтін бойынша өздігінен сұрақтар құрастырып, мүмкін болатын жауаптарды болжап, өзін-өзі бақылауды, өзін-өзі бағалауды, шығармадағы негізгі ойды өз бетінше тұжырымдауды қамтиды. Пәнді меңгере отырып, ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне, тілдік құралдарды саналы түрде дұрыс таңдауына және өмірлік тәжірибесінде қолдануға, алған білімі мен дағдыларын өмірлік жағдаяттарда және басқа адамдармен қарым-қатынас барысында пайдалануға көмектеседі. Жас ұрпақтың халқымыздың рухани байлығымен және қазіргі замандық біліммен қаруландырып қана қоймай, олардың бойында жаңа сапалық белгілерді дарытуда жаңа мазмұнды оқулықтардың үлкен рөл атқаратындығын баса айтқымыз келеді. Жаңа бағдарламада аталғандай «білім мазмұнының теориялық деңгейін көтеру мен оқу әрекетін қалыптастыруды оқушы дамуының басты шарты ретінде қарастыратын жаңа білім беру мазмұнына сай» дайындалған оқулықтарын талдау барысында бастауыш сынып оқушыларына шығармадағы жазушы тілін, сезімін, сөз құдіретін ұғындыру үшін оқушыға әдебиет теориясы элементтерінен мағлұмат беру керектігі туындайды. 40