БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 419

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. қайғырмайды» деп, әулиенің Жаратқан Тәңірі алдында қаншалықты қадір- қасиетке ие екендігін Алла Тағала өзі ескертеді [1, 216 б.]. Келесі «Әли Ғымыран» сүресінің 169-шы аятында «Алла жолында өлтірілгендерді өлі деп ойлама, әрине, олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі» [1, 72 б.]. Тағы бір аятта: «Бақара» сүресінің, 154-ші аятында «Алла жолында өлтірілгендерді олар өлі демеңдер, олар тірі, бірақ, сендер сезіп біле алмайсыңдар» [1, 24 б.]. Аталған аяттардан біз Алла жолында жүріп өлгендердің өлмейтіндігін білдік, оны бізге Жаратушының өзі ескертіп, олардың ризыққа бөленетіндігін, бірақ, біздің оларды тірі екендігін білмейтіндігімізді айтады. Халық арасында аса беделге ие болған, халық жаппай зиярат ететін барлық әулиенің тарихына тоқталсақ, бәрінің тарихы бір жерде үндеседі, яғни, бәрі де хақ дініміз Исламды өркендетуге өмірлерін қиған. Ал, өмірлерін бір Алла жолына арнап дүниеден өткендерді Алла тағала «Оларды өлді деп есептемеңдер, олар тірі, бірақ сендер біле алмайсыңдар, олар ризыққа бөленеді» деп ескерткендігі жоғарыда келтірілді. Сондықтан да халқымыздың әулиені зиярат етуі, құрметтеуі, қастерлеуінің бәрінің хақ Құранмен негізделген дәлелдері бар. Ал, халқымыздың түсінігінде әулиелер хақ Құранда аталғандай «тірі» саналған. Мәселен Үмбетей жырау «Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту» атты жырында: Анау бір жолы аттанған Әскерді қырғыз қырғанда, Басынан оба қылғанда, Ол хабарды ел біліп, Көп батырмен сен жүріп, Көзіңнің жасын көл қылып, Қысылған әскер басының Қасына барып тұрғанда, Ақбоз атты шалғанда, Мойныңа кісен салғанда, Баба түкті Шашты Әзіз, Содан бата алғанда, Тілеуің қабыл болғанын, Басыңа Қыдыр қонғанын, Ұмыттың ба соны Абылай?! – демей ме?! [2, 74 б.]. Бұл жырда аласапыран заманда Абылай ханның әулие Баба түкті Шашты Әзиз басына зиярат етіп, ақбоз атты құрбандыққа шалып, Баба түкті Шашты Әзізден бата алғандығы, одан соң ханның басына Қыдыр қонып, тілеуінің қабыл болғандығы баяндалады. Әулиенің тірі екендігін, тіріге қолдау көрсететіндігін бұл жырдан да анық байқауға болады. Егер де әулиелер тірі адамға қолдау көрсете алмаса, Үмбетей Жырау «Баба түкті Шашты Әзіз, Содан бата алғанда», «Тілеуің қабыл болғанын, Басыңа Қыдыр қонғанын», деп айтпас еді ғой. Әулиелердің «тірі екендігі» туралы Базар жыраудың мына жырынан байқай аламыз: Мына бір шолақ дүниеден «Әулие өлмес» дер едім; Отқа салса, күймеген, 418