БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 415

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Аштықтың салдарынан халық арасында көптеген эпидемиялық – сүзек, іш ауруы, қырқұлақ, тырысқақ сияқты жұқпалы аурулар тарады. Емдеу орындарының жетіспеушілігінен жұқпалы ауруларға ұшырағандар саны күн санап ұлғайып, өлім-жітім көбейді. Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының мәліметі бойынша 1921 жылғы 1 қарашадан 1922 жылдың 1 шілдесіне дейін Орынбор, Орал, Ақтөбе, Ақмола губернияларында аштықтан 37657 адам өлген [16, 13 б.]. Әсіресе Бөкей және Орал губернияларында жағдай адам төзгісіз ауыр халде. Мәжіліс хаттамаларын парақтағанымызда үкіметтің мәселеге үлкен алаңдаушылық білдіріп, тығырықтан шығудың түрлі жолдарын қарастырғанына көз жеткіздік. 1923 жылы 19 мамырда Мәскеудегі Қазақ Өкілеттілігіне жолдаған хатында Сәкен Сейфуллин республикада сүзек пен оба ауруларының аса жоғары деңгейде меңдеп кетуінен ауруға қарсы күресу үшін Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысы негізінде Орталықтан мемлекеттік бюджеттен несие бөлуді сұрап өтініш жасады [17, 9 б.]. Сұраныстың кешікпей қанағаттандырылуының нәтижесінде Бөкей губерниясында 250 орындық, Орал губерниясында 275 орындық емдеу пункттері ашылып, қалған қаржы Орынборда ашылған медтехникумның мұқтажына жұмсалатын болды. Алайда үкімет қаражатты толықтыруды көздеп, қосымша өлкелік қордан 4200 сом бөлуді ұйғарды [18, 36 б.]. Үкіметтің бұл ретте баса назар аударуының мәні мынада еді: аталған медтехникум сол кездегі республикадағы дәрігер мамандарын даярлайтын бірден бір жалғыз оқу орны болатын. 1924 жылы Орталық Қазақстан, оның ішінде Бетпақдалаға жаңа аштық апаты төнді. Мұның себебі 1923 жылы жазда Ақмола губерниясының оңтүстігіндегі Атбасар және Ақмола уездері құрғақшылыққа ұшырап, азық- түлік қорының тапшылығынан туды. Бұл туралы ақпараттар республика басшылығына түсе бастады. 1924 жылдың 26 наурызында Халком Кеңесінің мәжілісіне қатысушыларды Сәкен Сейфуллин осы жылдың 24 наурызында Қазақ ОАК-і Кіші Президиумы қабылдаған «Ақмола губерниясының оңтүстік бөлігіндегі ашыққандарға аймақтық қордан қаражат бөлу туралы» қаулысымен хабардар етті [3, 342 б.]. 1924 жылы 17 мамырда үкімет мәжілісінде Ақмола губерниялық атқару комитетінің өкілі Стародубцевтің баяндамасы тыңдалды. Оның хабарлауынша Атбасар уезінің Қарсақпай болысы, Ақмола уезінің Ақмола, Қорғалжын, Нұра-Чернигов, Қарағанды, Асан Қайғы, Сарысу болыстары аштық жағдайында. Жалпы егістік көлемінің 387 мың десятинасы жұтқа ұшыраған. 1 млн. 159 мың пұт астық жетіспейді. 15 наурызға дейінгі мәлімет бойынша Атбасар уезінде ашыққан қазақтар саны – 4871, орыстар – 4328 адам. Уезд бойынша барлық аштыққа ұшырағандар саны – 14738 адам. Бұл көрсеткіш көктемгі егістің соңына қарай 100%-ға өсетіні жайлы болжам бар. Ақмола уезінде қала бойынша - 995 адам, балалар - 1821, уезд көлемінде ересектер - 4190 адам, балалар - 9005, барлығы - 16011 адам. Жазға қарай бұл көрсеткіш 50 мыңға дейін артады деген жорамал бар [19, 41-42 б.]. Қазақ ОАК-і жанындағы аштыққа қарсы күрес жөніндегі Орталық комиссияға түскен барлық ақпарлар жинақталып, нақты оқиғалар анықталды. Қабылданған қаулыда: «Аштық жағдайында деп табылған Ақмола, Атбасар уездеріне 65500 пұт астық босату жөнінде, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, жұмыс көлігін, құрал-жабдықтар сатып алу үшін 1 млн. 780 мың сом 414