БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 414
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
а) аштыққа ұшыраған аймақтардың, қысқарған егіс алқаптарының жалпы
көлемін, мал басын, істен шыққан құрал-жабдықтардың санын, өнеркәсіппен
және мал шаруашылығымен айналысатын аудандарды анықтау;
б) ашыққан, көмек қажет ететіндердің санын анықтау;
в) қираған шаруашылықты қалпына келтіруге, босқындар мен малынан
айырылғандарға жеңілдетілген жағдайда егіске тұқым, көлік малын, өндіріс
құралдарын беру, ақшалай жәрдем көрсету;
г) соғыс және еңбек мүгедектеріне, панасыз балаларға, жұмыссыздарға
бірінші кезекте жәрдем беру;
д) ауыл шаруашылығы және өндіріс орындарын қалпына келтіруге жағдай
туғызу.
Іс-шаралардың орындалу жайын Орталық комиссия мәжілісінде аптасына
бір рет қарап отыру, әр губернияда аштықпен күрес жөніндегі губерниялық,
уездік комиссиялар құру көрсетілді.
Сәкен Сейфуллин басқарған республика үкіметі Қазақ ОАК-і жанындағы
аштыққа қарсы күрес жөніндегі Орталық комиссиямен және жергілікті
ұйымдармен бірлесе отырып, дереу аштыққа ұшыраған губерниялар
тұрғындарына көлік малын сатып алу үшін 2 млн. 677418 сом бөлуді
ұйғарды. Аталған қаражаттың 121181 сомын жергілікті ұйымдар қосқанын
айту керек. Бөлінген қаржының губерниялар бойынша бастапқы кездегі
жұмсалуы төмендегідей: Орынборда – 222 бас, Қостанайда – 63 бас,
Ақтөбеде – 18 бас, Торғайда – 24 бас, Бөкейде – 3 бас, Оралда – 125 бас көлік
малы алынған [13, 30 б.].
Ашаршылық зұлматынан әсіресе балалар қатты зардап шекті. Жетім,
қаңғыбас балалардың саны көбейді, ал мемлекеттің олардың бәрін қажетті
жағдаймен қамтамасыз етуге бастапқы кезде шамасы келген жоқ. Бұл туралы
Сәкен Сейфуллин өз сөзінде: «Империалистік және азамат соғысынан,
құрғақшылық пен жұттың салдарынан туған аштықтан, түрлі індет аурулардан
мыңдаған отбасының шаңырағы шайқалғанын» айта келе, республикада
панасыз балалар саны 51472-ге жеткенінен хабардар етеді [14, 30 б.].
Үкімет басшысының мұрындық болуымен «Халком Кеңесінің балаларға
көмек Жобасы» жасалды. Жобада балалар үйлерін ашу, панасыз балаларды
орналастыру, мектепке тарту т.б. атқарылатын іс-шаралар белгіленді. Жер ісі
халық комиссариатына, барлық халық комиссариаттарына, шаруа
комитеттеріне балалар мекемелеріне пайдалануға жер учаскелерін бөлу,
өңдейтін құралдармен жабдықтау, егіске тұқым беру, сүт тағамымен
қамтамасыз ету үшін ірі қара малын бөлу міндеттелді.
Ұйымдастырылған жұмыс текке кеткен жоқ, мұрағат материалдарына
жүгінсек, нақты нәтижеге көз жеткіземіз. Мәселен, Орынбор губерниясында
8693 баланың 6338-і 92 балалар үйіне орналастырылып, Қостанай
губерниясында 19 балалар үйінде 2559 бала, Орал губерниясында 101
балалар үйінде 11310 панасыз баланың 7152-і қамтылған. Ақтөбе
губерниясында 1436 балаға 17, Ақмола губерниясында 6223 балаға 32, Семей
губерниясында 1801 балаға 43, Бөкей губерниясында 1004 балаға 13, Адай
уезінде 30 балаға арналған 1 балалар үйі болса, Торғай уезінде 952 баланың
87-іне арнап 2 балалар үйі ашылған [15, 25 б.]. Салыстыра қарасақ, сол уақыт
үшін панасыз балалардың арнаулы балалар мекемелерінде қамтылу жайы
жаман емес. Тек Орынбор губерниясы мен Торғай уезінде балалар үйлерінің
саны жеткіліксіз.
413