БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 412

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Біраз жатты ... ышқынып қатты Әлін жинап көтерілді, сұлады. Жомарт едің, мейірімді едің, Бауырларым, бабам, қазақ қайдасың? Бар еді ғой сансыз малың, Ол мал қайда?.. Кім көрді оның, пайдасын? [5, 132-133 б.] – деп, «әскери коммунизм» саясаты кезіндегі азық-түлік салғыртына байланысты әпербақандардың қазақ шаруаларының астығын сыпырып, малын тартып алуының халықты қайыршылық күйге түсірген құбылысын бейнелейді. Республикада аштық тек табиғат апатынан болып қана қойған жоқ. Астық мол болған Семей және Ақмола губернияларынан Орталықтың, Ресейдің ашыққан аудандарына азық-түлік тасылып алынды. Аштық жайлаған губерниялардың тұрғындары азық-түлік іздеп басқа аудандарға, Ақмола мен Семей губернияларына өз беттерімен жосылып кете бастады. Сонымен қатар, Еділ бойының аштыққа ұшыраған халқы да Қазақстанға көп келді. Босқындардың ағылып келуінен жағдайы жақсы деп есептелінген Семей және Ақмола губернияларындағы ашыққан адамдар саны қауырт өсіп кетті. Соның салдарынан аман-сау аудандардың халқы ашыға бастады. 1922 жылғы қазанда өткен Кеңестердің Бүкілқазақтық III съезінде съезд фракциясының ұсынысымен Сәкен Сейфуллин Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болып сайланды [6, 193 б]. Қазақ ОАК-і Президиумының 16 қазандағы № 1 мәжіліс хаттамасында Сәкен Сейфуллиннің ауырып жатқаны себепті Халком Кеңесінің төрағалығы уақытша А.Вайнштейнге жүктелгендігі көрсетілген [7, 2 б.]. Өзіне жүктеліп отырған міндеттің аса маңызды екенін түсінген Сәкен Сейфуллин денсаулығы оңала қоймағанына қарамастан жұмысқа шығып, 21 қазанда өткен Халком Кеңесінің мәжілісін алғаш рет өзі басқарып, шешім шығарды [8, 23 б.]. Сәкен Сейфуллиннің кандидатурасының Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы қызметіне тағайындалуын былайша түсіндіруге болады: Біріншіден, ол 1920 жылғы 13 қазаннан Қазақ ОАК-і Президиумының мүшесі болып, аштыққа қарсы күресіп, оның салдарын жоюға үлес қосты, әсіресе Қазақстанның шекаралық тұтастығын қалпына келтіру, Ақмола және Семей облыстарының Қазақстанға қайтарылуы сияқты мемлекеттік аса жауапты мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан шешуде, өзіне жүктелген міндетті орындауда, өзінің ұстанымын дәлелдеп іске асыруда батыл шешім қабылдай алатын, іскер тұлға екенін таныта білді. Екіншіден, бұған дейін оның басқа да жауапты қызметті атқарғандығы анықталды. 1922 жылы 13 маусымда Сейфуллинді Ағарту халық комиссары орынбасарлығына тағайындау жайында шешім шығарылса, сонымен бірге ол 27 шілдеден өзіне міндеттелген «Еңбекші қазақ» газетінің редакторлығы қызметін абыроймен атқарған [9, 82-104 б.]. Олай болса, Сәкен Сейфуллин мемлекеттік деңгейдегі қызметте біраз тәжірибе жинақтап, әріптестерінің арасында үлкен сенімге ие болды деп айтуға толық негіз бар. Үшіншіден,облыстық партия комитетінің атынан Қазобком төрағасы Г.Коростолевтің 1922 жылдың 17 қарашасында РК(б)П ОК-не жолдаған Сәкен Сейфуллинге берген мінездемесі. Құжат мазмұнын аудармасыз сол қалпында берейік: «Тов. С. Сейфуллин один из малотвердых коммунистов 411