БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 411

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. 1921 жылы шілде айында Қазақ ОАК-нің төрағасы С.Меңдешевтің басқаруымен Қазақ ОАК-і жанындағы ашыққандарға көмек көрсетудегі Орталық комиссия құрылды. Қазақстан басшылығы елдегі жағдайға байланысты халыққа көмек көрсетуде қолдан келгенше барлық күшті жұмылдырды. Ел басына күн туған сәтте әсіресе қазақ зиялыларының өз еркімен халыққа жәрдем қолын созғанын айту керек. Солардың бірі А. Байтұрсынов өз өтінішімен Ағарту халық комиссариаты төрағасы қызметінен ашыққандарға көмек жөніндегі Орталық комиссияға ауысты. М. Әуезов, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, т.б. қазақ зиялылары азық-түлік жеткізіп, халықты аштықтан құтқаруға үлкен үлес қосты. Сәкен Сейфуллин Қазақ ОАК-інің мүшесі бола отырып, бұл іске белсенді қатысты [2, 1 б.]. Ол ашыққан аудандарға астық, тұқым, мал жеткізумен айналысты. Аштық зұлматынан жұқпалы оба, сүзек аурулары халықты баудай түсірді. Босқын халық талғажу іздеп туған жерлерінен көше бастады. Сәкеннің өзі де сүзек ауруына шалдығып,1921-22 жылдың қысында туған аулында болады. 1922 жылы көктемде ол Қазақ ОАК-і жанындағы ашыққандарға көмек көрсетудегі Орталық комиссияның адамдарымен бірге Бетпақдала арқылы Түркістанға, одан әрі Ташкентке дейін барып, ондағы ашыққандарға қамқорлық қолын созады [3, 49 б.]. Осы сапарында ол халықтың ауыр, қасіретті жайын өз көзімен көреді. Жалпы, Сәкен Сейфуллин қоғамдық-саяси қызмет пен жазушылық қабілетті қатар алып жүрген қайраткер. Сондықтан аштыққа ұшыраған қазақ даласын, ондағы халықтың кескін-кейпін куәгер Сәкен Сейфуллиннің өзінің 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жариялаған «Аштардың рухтары» мақаласы арқылы көрсеткен жөн. «Анда-санда қазақтың үшеу- төртеуі бірге отырған қараша жыртық үйлер көрінеді, мал жоқ, жан жоқ, бірен-саран ғана қараша үйлердің жанында түрсіз, қоңыр киімді адамдар қыбырлайды. Отарба адамға толы. ...бұл адамның дені аштар. Өң жоқ, түс жоқ. Кепкен, солған. ...кір-кір киімдері тозған, жыртылған. Мойындарында, арқаларында асынған шоқпыт-шоқпыт дорбалары бар. Бұл отарбадағы адамдардың бәрін қайғының қара тұманы басқан. Бұлар аштықтан босып шұбағандар. Көбі сақалды, жасы ұлғайған адамдар, жігіттер, 12-13 жастағы балалар, қыздар. Бәрі бұралаң. Аш. Бұлар жанталасып сенделуде. Қазіргі халдерінің өң екенін, түс екенін білмейді. Бұлар естерінен айырылған» [4, 60 б.] – деп жазғаны ешқандай түсіндіруді қажет етпейді. 1922 жылы 22 сәуірде Ташкентте жазылған «Аш қазақ» өлеңінде аштық жылдарындағы қазақ отбасыларының басына түскен қасірет айқын суреттелген. Сәкен Сейфуллин бұл өлеңінде аштық жайын сипаттап қана қоймайды, бұған кінәлілер кімдер, кім көмектеседі, ел басшылары қайда қарап отыр - деген сұрақтарға жауап іздейді. Ыстық күні, оттай құмы Ми қайнатқан елсіз Бетпақ даласы, Жолда жаяу, жүрісі баяу Келе жатты қазақтың бір баласы. Біраз жүрді, біраз тұрды... Аш-аруақ жол аузына құлады! 410