БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 410

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. ӘОЖ 94 (574)-05 Қасымова С.С. – тарих ғылымдарының кандидаты, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті E-mail: saule.saken2010.kasimova@mail.ru СӘКЕН СЕЙФУЛИННІҢ АШТЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ӘРЕКЕТІ Аңдатпа. Мақалада Сәкен Сейфуллиннің республика үкіметін басқарған жылдардағы Қазақстандағы аштыққа, оның салдарын жоюға бағытталған қызметіне талдау жасалған. Автор мұрағат деректеріне сүйене отырып, ашыққандарға егіске тұқым, көлік малын сатып алуға несие берілгенін, балалар үйлерінің, емдеу пункттерінің көптеп ашылғанының нәтижесінде мыңдаған балалар мен ересек адамдардың өмірі сақталғанын көрсеткен. Босқындарды жұмысқа орналастыру, жұмыспен қамту, салықтардан босату сияқты әлеуметтік-экономикалық шаралар халықтың әл-ауқатын арттыруға, демографиялық жағдайын жақсартуға ықпал еткендігі дәлелденген. Автор Сейфуллин басқарған Қазақ үкіметінің тиімді жұмысының нәтижесінде 1921-1922 жылдардағы ашаршылық салдарынан республикадан тыс жерлерге кеткен халықтың қайтып оралуы қайта жанданды деген тұжырым жасайды. Тірек сөздер: аштық, балалар үйлері, емдеу пункттері, несие, губерния, қуаңшылық, індет, аштыққа қарсы күрес жөніндегі Орталық комиссия, әл- ауқатын арттыру, демография. Қазақстан тарихында ХХ ғасырдың 20-жылдарының басындағы аштық тақырыбы үлкен орын алады. Азамат соғысынан кейінгі елдің еңсесін көтеріп, 1921 жылғы наурызда қабылданған Жаңа экономикалық саясаттың бірден іске асып, халықтың тұрмысының, әл-ауқатының көтерілуіне осы жылдың жазына қарай басталған ашаршылық мүмкіндік бермеді. Алдын ала болжаусыз табиғат апаты қыстың құрғақ, жаздың жаңбырсыз болуынан Кеңес Одағының көптеген аймақтарына, атап айтқанда Еділ бойы, Орал, Оңтүстік Ресей, Украина және Қырымға, 37 млн. аса адамға аштық қаупі төнді [1, 264 б.]. Бұл нәубет Қазақстанды айналып өтпеді, Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларын аштық жайлады. Ашаршылықтың тууына Кеңес өкіметінің азамат соғысы кезінде қолданған төтенше шараларының шаруашылықты құлдырауға жеткізуі де себеп болды. 1921 жылы 18 шілдеде БОАК-нің декретімен БОАК төрағасы М.И. Калининнің басқаруымен Ашыққандарға көмек жөніндегі Орталық комиссия құрылды. Ұйым аштыққа ұшыраған губерниялар мен аймақтарға республикалардан, облыстардан және шетелдерден көмек ұйымдастыру жолдарын қарастырды. В.И. Лениннің үндеуімен Коминтерннің бастамасы бойынша «Халықаралық жұмысшы көмегі» аясында ашыққандарға көмек науқаны етек алды. Әсіресе Кеңес өкіметінің Америка көмек әкімшілігі (АРА – Amerіcan Relіef Admіnіstratіon) — қайырымдылық көмек көрсететін халықаралық ұйымымен шартқа отыруының маңызын ерекше айтқан дұрыс. «Договор с АРА обеспечил тогда пропитание и тем самым спас жизнь приблизительно 10 млн. чел., значительную часть из которых состовляли дети. Жертвами голода стали около 5 млн чел.» [1, 265 б.]. 409