БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Seite 387
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
Оларды тату-тәтті көрші санап келіссөздер, қажетті жағдайда басымдырақ
әскери күштер аттандырып ықпал жасасақ, сонымен мүмкін болған
пайдаларды алып отырсақ» дегенді ұсынады [2, 457 б.]. В.Ф. Тимковский
қазақтар арасында беделді тұлғалар Шерғазы Айшуақұлы, Арынғазы
Әбілғазұлы, Қаратай Нұралыұлы арасындағы өзара қарым-қатынасты
зерделейді. Оның жазған хаттарына назар аударсақ төраға қазақтың белді
тұлғаларымен жеке кездесуге ұмтылмағанын байқаймыз. Шекаралық
комиссия төрағасы хан, сұлтандармен жеке кездеспеу арқылы қазақ-орыс
арасындағы шиеленісті жағдайға обьективті көзқарас қалыптастыруға
тырысқандай [3]. Мұның соңы Орынбор губернаторы П.К. Эссен мен
В.Ф. Тимковский арасындағы ашық тартысқа ұласады. Ресей Сыртқы істер
министрлігіне бағынатын Азия комитеті бір-біріне кереғар губернатор мен
Шекаралық комиссия төрағасының ұсыныстарын талқылап, 1820 жылы
19 ақпанда П.К. Эссеннің Кіші жүзді екі хандыққа
Шерғазы және
Арынғазыға бағынатын иелікке бөлуді қабылдамай, «жалғыз Шерғазы ханды
қолдап, оны күшейту» қажет деген шешім қабылдайды [4, 349-350 б.].
Сонымен бірге ханды күшейту үшін губернаторға Шерғазы Айшуақұлының
қатысуынсыз сұлтан, старшындармен байланысқа түсуіне қатаң тыйым
салынады [5, 1-2 п.]. Осылайша Қазақстанның батыс өңіріндегі күрделі
шиеленісті кезеңде Шерғазы хан өз билігін сақтап қалады. Мұның өзі ханның
бүгінге дейін қалыптасқан көзқарастың біржақтылығын толық дәлелдейді.
Методология. Зерттеу барысында бүгінгі тарих ғылымындағы
салыстырмалы-тарихи, мерзімдемелік, өзектілік, перспективті, логикалық,
жүйелілік әдістер кеңінен қолданылады. Оларды пайдалану зерттеу аумағына
алынған мәселелерді толыққанды саралауға жол ашады. Зерттеу барысында
пәнаралық байланысқа да назар аударылды. Зерттеу мәселесі заң, география,
саясаттану және өзге де ғылымдармен тығыз байланысты.
Мәселенің зерттелу тарихы. Сонымен Шерғазы Айшуақұлы кім, ол қазақ
тарихында қандай қызметтерімен есте қалды?
Шерғазы Айшуақұлы Қазақ хандығының Бас ханы Әбілқайыр
Қажысұлтанұлының Айшуақ атты ұлынан тарайтын немересі. Оның әкесі
Айшуақ сұлтан 1797–1805 жылдары Ресей үкіметі бекітуімен Кіші жүздің
ханы болып, Қазақ хандығының батыс өңіріндегі билікті іс жүзіне асырды.
Қазақ тарихында Айшуақ хан Ресейде аманатта болуымен, сыртқы жауларға
қарсы күресте қол бастауымен, өзінің қызуқандылығымен, сонымен бірге 73-
74 жасында хандық таққа отырып, 1805 жылы тақтан өз еркімен кетуімен,
хандық билікті үлкен баласы Жантөре сұлтанға беруімен есте қалды. Белгілі
тарихшы Ж.Қасымбаев тұлғаға арнаған «Хан Айшуак» монографиясында: «мы
можем с полным основанием сказать, что долгая, полная драматизма, насыщенная
взлетами и падениями жизнь Айшуака служила интересам казахского народа, и
прежде всего интересам султанов – все более слабеющей, а некогда
привилегированной прослойки, к которой он сам принадлежал. Прожив 91 год, из
них полвека находясь в водовороте бурных событий той эпохи, он ушел из жизни
незаметно. Однако его имя, дела, роль и место надолго запечатлелись в истории
Центральной Азии, порою давая о себе знать при поседующеих ханах – Жанторе,
Шергазы» деп бағалады [6, 204 б.].
1811 жылы 25 қыркүйекте Кіші жүз ханы болып сайланған Шерғазы хан
Айшуақ ханның төртінші баласы болғандай. Оның ағасы Апақ сұлтан Сырым
бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кезеңінде шекаралық казак-орыс әскерлері
386