БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Seite 386

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. ӘОЖ 93/94 Мұқтар Ә.Қ. – тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы E-mail: muktar64@mail.ru Жусупов Р.Б. – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің докторанты E-mail: rus.zhussupov@mail.ru КІШІ ЖҮЗ ХАНЫ ШЕРҒАЗЫ АЙШУАҚҰЛЫНЫҢ РЕСЕЙМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ Аңдатпа. Мақала Кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақұлының дипломатиялық қызметтерін саралауға арналған. Ол Кіші жүзді ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде, елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси дағдарыс кезеңінде басқарды. Ресей бұл кезеңде өз саясатын толық жүзеге асырып, хандық билікті дағдарысқа ұшыратты, оны күштеп жоюға кірісті. Шерғазы хандық билікті сақтауға күш салды. Оны ханның дипломатиялық қызметтері айғақтайды. Мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі аясындағы № АР 05134572 ғылыми жобасын орындауға арналған. Тірек сөздер: Қазақ хандығы, Ресей, Шерғазы, дәстүрлі билік, дипломатия. Кіріспе. Қазақ хандығы тарихында патшалы Ресей бекіткен Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазы Айшуақұлының қоғамдық-саяси қызметі бүгінге дейін толыққанды зерттелген емес. Көп жағдайда кешегі орыс зерттеушілері, кеңестік тарихшылар тұсында қалыптасқан тұжырымдар жалғасын тауып, Шерғазы ханды біржақты хандық биліктің жойылуына шешуші ықпал жасаған тұлға ретінде насихатталып келеді. Дегенмен тұлға туралы соңғы жылдары жарияланған тарихшы Г.Ізбасарова мақалалары ханның ел билігіндегі қызметіне жаңа қырынан қарауға негіз қалады. Мәселен, Г.Ізбасарова: «Шерғазы хан туралы осы Эссен қалдырған деректер негізінде пікір айтып келеміз. Ал Шерғазы мен Эссеннің арасы шиеленіске толы болған. Осы жағын ескеру керек. Тимковскийден қалған деректерге көз жүгіртсек, Шерғазы ханды басқа қырынан да көруге болар еді. Сондай-ақ, императормен кездесу кезінде хан жер мәселесін көтерген, қазақтың жерінің тартып алынғанын айтқан» [1] дей келе, тұлғаның қоғамдық-саяси қызметіне жаңаша баға береді. Тарихшы айтып отырған В.Ф. Тимковский 1820 жылы 22 маусымда Орынбор Шекаралық комиссиясы төрағалығына тағайындалған болатын. Ол бұрынғы төраға Г.П. Веселицкийдің саясатын жан-жақты саралап, ХІХ ғасырдың басындағы орыс-қазақ қарым-қатынасының шиеленісу себептеріне үңіледі. Азия комитеті оған қазақтар жайымен танысып, үкіметке арнайы өз пікірін жеткізуді тапсырған болатынды. Көп ұзамай Шекаралық комиссия басшысы Кіші жүздегі шиеленіске негізгі себепкер жергілікті басшылар дей отырып, Орынбор губернаторлары, соның ішінде И.И. Неплюев пен Н.Н. Бахметевтердің «өте-мөте тонаушылығы» әсер етті деген пікірін комитетке жеткізеді. Тіпті В.Ф. Тимковский қазақтарды империя құрамына қосу қажеттігіне де сенімсіздік білдіреді. Ол «мүмкін, бізге қазақтарды Ресей бодандығына қабылдамағанымыз тиімдірек болар. 385