БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 372

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. (басқа сал) етістік формасынан қалыптасқан сияқты. Орамал (орау), бүркеншік (бүркену), күндік (күннен қорғану үшін), түндік (жатарда тартатын орамал), жаулық жау-жап түбір тұлғасынан туындаған сияқты. Етік – былғары көн сияқты, материалдардан тігілген, қонышы ұзын, ұлтаны қалың, өкшелі аяқ киім. Түрлері: нәлді етік, бастама етік, көн етік, табан етік т.б. Бірақ ол қорғанып та үлгіре алмады, Қаржауовтың шықшыттан тиген жұдырығы оны сыртқы есікке қарай ауытқытып жіберді де, ол шегіне беріп, нәлді етікпен бөкседен тепкені мұрттай ұшырды [6, 241 б.]. Малақай – құлақшынның бір түрі. Көбінесе Батыс Қазақстанда қолданылады. Биік шаңырақтан қан-көбелектеп жерге құлаған үлкен үкілі малақай сияқты [6, 292 б.]. Жұрын / қырпу – тон немесе бөріктің айналасына теріден қаптап істелген жиек; Бұл сүйкімді өсімдіктер тонның етегіне ұстаған жұрын сияқты жағалықты көмкеріп қойғандай көрінеді [6, 13 б.]. Мәндәла – бешпет, күрте тігетін қалың мата; Ол сөзін тауыспай, терін сүртіп отырған үлкен шұбар шыт орамалына шапшаң орай салды да, ескі мәндәла бешпетінің қалтасына тықты [6, 168 б.]. Шидем шекпен – жұқа жұпыны ғана жүні бар сырт киім; Ол жапырайған шым қыстауларды мекендеген, жыртық жеңді шидем шекпен киген жандардың тепсініп, теңдік сұрайтынына шәк келтірген жоқ [6, 159 б.]. Намбок пешпет – дырап матасынан тігілген сырт киім; Тасқа басқан үлкен сары қағазды жұмарлай бүктеп көнетоз намбок пешпетінің қалтасына тыға салды [6, 170 б.]. Бұрансұз – француз шыты, өзгеріліп бұрансұз делініп кеткен; - Қызыл үйде онан да қатты дейді ат пен жігіт жинау,- деп Сүлеймен қызыл бұрансұз омалымен маңдайының терін сүрткіледі [6, 198 б.]. Сица – ситец; Керілген кеудені бүрген ақ сица көйлек қынап тұр [6, 237 б.]. Бөстек – жабағыдан жасалған бір кісілік көрпеше; Қазір жә бөстек, жә ескі күпінің бір өңірі екені белгісіз жабағысы ұйысқан сілімтір үстінде жатыр [6, 303 б.]. Көкмауыт шалбар – жұқа, жылтыр матадан тігілген шалбар, ақ кенеп көйлек- нилон матасынан жасалған көйлек; Жұқа көкмауыт шалбар киіп, балақтарын қисық табан қара етіктің қонышына салған, үстінде белін қынап тұратын ақ кенеп көйлегі, жалаң бас,ұзын бойлы, үлкен көзді кәдімгі сұлу Хакім [6, 303 б.]. Байпақ – жүннен бастырылған аяқ киім түрі; Басында жұрынды бөркі, аяғында байпақты қазақ етігі бар [6, 123 б.]. Бәтеңке – қонышы тобыққа дейін жететін былғары аяқ киім; Мукарама қара бәтеңкеге жабысқан томардай қызыл балшықты аяғын сілкіп жеңілдетті. Сақтиян, сапиян – қымбат, төзімді мата түрі; Өзі де атқа салт мінуге дап- дайын, аяғына қызыл сақтиян етік, үстіне қамзол, басына татар бөрік киген. Сүрік – ең жоғары сортты, жұмсақ былғары; Ол басындағы қара сүрікпен тыстаған бұйра құлақшын бөріктің жоғарғы түрліп тұрған жалпақ етегін төмен түсіріп жіберді. 371