БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 37

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Аксиология – құндылықтар жаратылысы туралы, оның объективті орны мен құндылық әлемдегі құрылымы туралы, яғни әлеуметтік және мәдени факторлар мен тұлға құрылымы арасындағы әр түрлі құндылықтар байланысы туралы ілім. Аксиология адам құндылығының өзегін құрайды. Аксиология философиялық зерттеу, талдауы бойынша болмыс ұғымының екi элементке ыдырауынан туындап: құндылық және нақтылық, талап пен ұмтылыс нысаны ретiнде қарастырылады. Аксиология ғылымының мақсаты – болмыстың, жалпы құрылымындағы құндылық мүмкiндiгiн және оның нақтылық ойының айғақтарына деген түсiнiгiн, қатынасын, байланыстарын көрсету болып есептеледi [4]. Аксиологиялық тұрғы бастауыш сынып оқушыларының сол не басқа оқиғаларды, өзінікі сияқты басқаның да мінез-құлқын бағалау; адамгершілік таңдауды талап ететін жағдаяттан шығуды саналы ұғыну; өзінің әрекетінің салдарын алдын ала көру қабілеттерін сипаттайды. Бастауыш сынып оқушыларының іс-әрекет, қарым-қатынас үдерісінде ол үшін өмірлік қажетке, тұлғалық мәнге ие құндылықтарды өзектендіреді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Құндылық – нарқы жоғарылық, қымбаттылық, бағалылық. Құндылық арқылы сол заттың маңызын, мәнділігін, пайдалылығын, қажеттігін білуге болады» - деп сипаттаған [5, 122 б.]. «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы. 6-томында: «Құндылықтың әр түрлі көріністеріне адамның іс-әрекетін бағалауда пайдаланылатын сұлулық, қайырымдылық, мейірімділік секілді ұғымдар жатады. Сыйластық та құндылық ұғымының өлшемі» - деп берілген [6]. Ежелгі философиялық көзқарастарда құндылықтың әр түрлі көріністеріне жататын табиғи, қоғамдық құбылыстар, адамның іс-әрекетін бағалауда пайдаланылатын сұлулық, қайырымдылық, мейірімділік секілді этикалық және эстетикалық ұғымдар қолданылады. Құндылық белгілі бір нысанның адам үшін қаншалықты маңызды екендігін айқындайды. Құндылықтар өмірге, еңбекке, шығармашылыққа, адам өмірінің мәніне т.б. баға беру қатынасынан тұрады. Құндылықтар қоғам үшін ең маңызды деген әдет-ғұрыптар, нормалар мен мән-мағыналар қызметін өзіне бағындырады, реттейді. Сократ үшін құндылық «адамның өмірді бағалауы» екен. Ал Аристотель «жақсылық», «игілік» ұғымдарын жағымды мінез-құлықты, рухани құндылықты бейнелеуде қолданылды. Құбылысты, затты жағымды бағалау адам үшін құнды игілікті түсінуге негізделген. Философиялық сөздікте: «құндылық» – бұл танымның, белгілі бір объектінің адам үшін, топ үшін, қоғам үшін қасиетті деп танылуы. Құндылыққа ешқандай күмән келтіруге болмайды, ол барлық адамдар үшін идеал, эталон қызметін атқарады» - деген анықтама беріледі [7, 156 б.]. Құндылықтар - идеал ретінде өмір сүретін неғұрлым жағымды сапаға ие объектілер мен тұлғаның ең маңызды, бағалы қасиеттерінің жиынтығы. Сондай-ақ, құндылықтар қандай да болмасын құбылысқа баға берудегі негізгі үлгі деп білеміз және құндылық субъекті үшін объектінің жоғары мәнділігі ретінде айқындалады. Құндылық екi құрамдас бөліктерден тұрады, бiрiншiсi – заттық құндылық, екiншiсi – субъективтiк құндылық. 36