БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 360

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. сипаттаған. Тілімізде «ат қосшылы болдың ба, қырық жылқылы болдың ба?» деген көнеден келе жатқан тұрақты тіркес бар. Оның мәнісі «ұлды болдың ба, қызды болдың ба» деген сұрақпен пара-пар. Сондай-ақ «обалы қырық жылқыға» фразеологизмі де тілімізде терең сақталған. Аталмыш тұрақты тіркес ұзатылған, қалың малы берілген қыздың жолы болмағанда аянышты өкінішті айтылатын қолданыс деп танылады. Қазақтың дүниетанымында қырық ұғымы жай ғана сан емес, қүндылық ретінде бағаланатынын салт-дәстүрлер мен жосын-жоралғылар, наным-сенім, кәде-қаумет дәлелдей түседі. Мәселен, күллі пайғамбарлардың тәжі атанған Мұхаммед (с.ғ.с.) расулға Аллаһтан алғашқы уахи қырық жасында түскен. Ел ішінде мұсылмандықтың қырық парызын біліп, иманға ұйыған тақуа жандар аз болмаған. Қырық ұғымымен байланысты ел арасында жасалатын ырымдар да кездеседі. Жазатайым қол-аяғы, сүйегі сынған адамға қырық қазанның қылауы деп, қырық үйден мертікас әкеліп беретін болған. Халық тілінде молшылық, көптік ұғымға қатысты айтылатын қырық рулы ел, қырық пышақ болу, қырық қадам аттау, қырық саққа жүгірту, қырық құбылу, т.б. біралуан тұрақты тіркестер бар. Байырғы наным сыйыным бойынша қысылып-қиналған, басына тауқымет түскен жан Ғайып ерен, қырық шілтенді шақырып, медет тілеген. Батырлар жырында: Қыдыр ата жар болып, Қырық шілтен қолдай гөр, Жолымды Құдай оңдай гөр, – деп жалбарынады. «Бақ – ауыс, ырыс – жұғыс» деп ұққан қыр адамы құдайы қонағын қырықтың бірі – қыдыр деп, қуана қарсы алған. Мұндағы Ғайып ерен, қырық шілтен дегеніміз мұсылмандарды жебеп, қолдап жүретін, көзге көрінбейтін киелі бейнелер. Әуелде Қырық шілтен көзден ғайып (көзге көрінбейтін) кілең ержүрек қырық ер деген ұғымда жұмсалып, батырлардың сиынатын пірі болған. Кейіннен әулиелер санатына қосылып «қос функциялы қызмет» атқарған екен. Халық ауыз әдебиетінде «Қырық өтірік» ертегісі, «Қырымның қырық батыры» тәрізді эпостық жыры, «Қорқыт ата» жырындағы қырық қыз, т.б. қасиетті қырық санымен аталған. Қазақ фразеологиясы ғылымының негізін салушы академик І.К. Кеңесбаев қырық санымен келетін фразеологизмдерді арнайы талдай келіп, «Қазақ ертегілерінде ұшырысатын бойы бір тұтам, сақалы қырық тұтам, Тазшаның қырық өтірігі сықылдылар халықтың санасында ертеден орын тепкен [12]. Мақал-мәтел, нақыл сөздер және басқа да сөз орамдары да қырық санының «жай» сан емес, бір кезде киелі мөлшері екендігін көрсетеді. Мәселен, «қара қылды қырыққа бөлген» фразеологизмі әділдікті тура айтқан, тең таразыға бөлген, әділ шешім қабылдаған деген мағынаны білдіреді. Аталмыш тұрақты тіркес қазіргі күні «қара қылды қақ жарған» нұсқасымен кең танылуда. Сондай-ақ «қырық аяқ су» бейнелі қолданысы нөсерлі жауынды әсірелеп айтудан қалған. «Қырық жамау», «қырық тесік» , «қырық құрақ» тіркестері тозығы жеткен ескі киім, бұйым туралы бағалауыш мәнде бейнелі айтылған ұғым. «Қырық кемпірдің қылауынан жиылған» деген бейнелі қолданыс әртүрлі, әралуан, бір-біріне ұқсамау, үйлеспеу мәнінде жұмсалады. Осындағы қырық сөзі бекер алынбаған. Бұлар - халық түсінігінде көптік мәнді бір сөзбен жеткізуде қырық санын жиі қолданғанын 359