БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Seite 361
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
байқататын тілдік деректер. Қазақ фразеологизмдерінде мінез-құлықты, адам
мінезінің аумал-төкпелі қалпын сипаттауда да қырық сөзін белсенді
қолданған. Мысалы, қырық қабаттанып отыр (ренжіп, кейіп, қырыстанып-
құрыстанып отыр мағынасында), қырық құбылды (сөзінде тұрмай
бәтуасызданды, сан алуан күйге түсті мағынасында), қырық қазанның
құлағын тістеді (қыдырымпаз кісі туралы айтылады), қырық пышақ болды
(таласып-тартысты, араздасып, ала ауыз болды мағынасында), қырық саққа
жүгіртті (сан түрлі құбылтты мағынасында).
Тілімізде «қырық бір шөптің басы болсаң, ақ баты қара қойдың құмалағы
болсаң ақ сөйле!» деген тілек сөз бар. Бұл – құмалақ ашу рәсімінде
айтылатын қолданыс. Мұндағы қырық бір шөп қырық бір құмалақты
меңзейді. Яғни жолаушының сапарын, аман-есендігін, немесе бір оқиға
барысын не болмаса жоғалған мал-мүлікті болжау үшін құмалақшылар
құмалақ салады. Бұл фраза сондайда құмалаққа сыйыну ретінде айтылады.
Қырықты сан алуан, бірнеше реттік қуғын-сүргін мағынасында қолдану
қазақ тілінде жиі кездеседі. Оның мәнісі де «қырық жаны бар» деген
түсініктен, яғни жанның «қырқына шыдап, қырық біріне шыдамай» сияқты
халықтың ой түйінінен туындаған ұғымдарымен тікелей байланысты деп
ойлаймыз. Мысалы, «қырық жыл қырғын болса да ажалы келмей өлмейді»,
«қырық күн қырғын, мың күн сүргін болса да», «қырық жілік болғыр!»,
«қысқа күнде қырық жерге қойма қойды», «қысқа күнде қырық өлді» (қайта-
қайта қорлық көре беру, ұятқа қала беру мағынасында), «қысқа таңда қырық
тұрды» (ұзақты түнге тыным болмады мағынасында) фразеологизмдері
қырықтың негативті мәндегі қолданыстары деп қабылдаймыз. Қазақ қаншама
қиындықты басынан кешірді, қаншама ауыртпалыққа төзімділік танытты.
Осы ауыр халді танытуда «қаншама, біршама, көптеген» сияқты ұғымдарды
қырық атауымен жеткізуінің өзі ұлттық таным-түсініктің айқын ерекшелігі
деп білеміз.
Қазақ тіліндегі «қырықтың қылауынан» қолданысы өзгеше жаратылған,
көп асылдың сынығы деген мағынаны білдіреді. Ал «қырық темірдің
қылауынан» деген бейнелі тұрақты тіркес әйелдің жеңіл мінезді екенін
сипаттау үшін қолданылған. Сондай-ақ поэтикалық тілде «қырық сідік»
қолданысы да жиі кездесіп жатады. Бұл - ойнастан туған бала мағынасын
білдіреді.
Қырықтың көптік мағынасындағы позитивті қолданысы «отыз күн ойын,
қырық күн тойын» өткізу жайтынан байқалады. Мысалы, «Енді айталық
төтесін, Отыз күн ұдай ойын қып, Қырық күн ұдай тойын қып, Құралайды
Зарлыққа Молдалар қиды некесін», - [13] өлең шумағынан көреміз. Қазіргі
таңда қыз ұзатудан бастап, үйлену тойы аралығындағы құда күту, сырға салу,
бұрынғыда ұрын бару, т.б салт-дәстүрлерін қосқанда ұлды ұяға, қызды ұияға
қондыру рәсімі отыз, қырық күндік той-думанмен өтетінін растайтын
сөзқолданыс екеніне көзіміз жетіп отыр.
Сонымен, қырық санының халық түсінігіндегі сакральдік мәнін былайша
бағамдауға болады:
– қырық – екі әлем (сәбидің ана құрсағындағы кезі мен жарық дүние келу
уақыты);
– қырық – екі дүниенің, фәни мен бақидың шегі (қырқын беру);
– қырық– қасиетті мөлшер (қырық жеті);
360