БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 340

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. желтоқсан мен сол бір–екі ай», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», «Әсемпаз болма әрнеге», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» сынды поэзиясының дүниеге келу тарихы, сол тұстағы ақын көңілінің түкпірі эпопеяда аңғарылады. Эпопеяның үшінші кітабында Абайдың азаматтық тұлғасын, ақындық талантын тани,құрметтей білген, ақын жанынан табылған ізгілік жанашырларының өрісі, дүниетанымына жазушы ден қояды. «Абай аға» тарауында көшіп келе жатқан Абай аулының көш бастаушыларының алдыңғы қатарына автор Абай, Көкбай, Шұбарды шығарады. Көкбайға эпопеяда жазушы жылы емеурін танытпайды, қайшылықты кейіпкер ретінде суреттейді. Көкбайдың Абаймен жақын сыйластықтары туралы әңгімеге жете қанық Әуезов оның 1924 жылы ақынның өмірбаянын құрастыруға барынша зор көмек еткенін айтады. Абай тобындағы үшінші адам – Шұбар, оның түпбейнесі туралы әр түрлі пікірлер айтылуда. Шәкәрімге телу де бар. Шәкәрімді халық жауы деп таныған кеңестік саясат тұсындаэпопеяда оны бар болмысымен сипаттау мүмкін емес еді. Өмірдегі Шәкәрімді өзгеріссіз тарихи кейіпкерге айналдыру автор үшін де, шығарма үшін де қауіпті қадам болатын. Ал оны Абай айналасында болмағандай сызып тастау – тарихи шығармаға сын. Бұл жайды терең түсінген жазушы өмірдегі Шәкәрім бейнесін эпопеядағы басқа кейіпкерге тели суреттейді. Эпопеяда Дәрмен бойына Шәкәрімнің адалдығы, білімдарлығы жинақталғандай. Үшінші кітапта Оразбай мен Жиреншенің Құнанбай балаларымен бәсекелесуі оларға деген кегі мен ұстасуы жан-жақты сипатталады. Өзгенің қолымен от көсеуге дағдыланған оразбайлар айдаудан келген Базаралыны да өз мақсаттарына тартады. Қарамола сиязында бас қосқан бір отырыста: «Осы Абайды қазақ неге жақсы дейді? Бұның аузына қарап, алыс-жақынның бәрі неғып ұйып қалады?» деген сұрақ тасталады. Абайға қарсы топ қазақ даласына келіп жатқан жаңалық сәулесінен шошынады, ел ішіндегі дау шырғалаңның түрткісі Абай деп түсінеді, қайтсе де оны сүріндіру – олардың басты мақсаты. Төртінші кітапта Абай өмірінің соңғы жылдары суреттелген. Ақын енді жеке ру тартысының ортасында емес, халық тағдыры шешілетін жерде, қалың елдің қамқоршысы бейнесінде бедерленеді. Семей қаласына тараған оба ауруы тұсында халықтың осы қырғынан сақтану жолындағы Абай әрекеті кезінде де автор қоғамдық қатынастың табиғатын сездіріп кетеді. Абайдың дін иелеріне, қазақтың ұлтшыл оқығандары мен түгелтүркіліктерге (панисламистерге) қарсы күресін баяндау тұсында Әуезов өзі өмір сүрген заманның саясатымен санаса ой өрбітеді. Автор қазақ халқының болашақ тағдырына жаны тызылдаған Абайды өзі өмір сүрген кеңестік тұстағы саясатқа ие, бағындыра отырып сөйлетеді. Өмір тартысы қажытқан шарасыз халдегі Абайдың ішкі ой ағысына «Абай жолының» соңғы кітаптарында көбірек орын берілген. Оспан қазасы Абай көңіліндегі құлазудың, жалғызсыраудың басы болса, сүйікті, сүйеніш етер ұлы Әбіштен айрылу ақынды шошындырады. Оразбай мен Сәмен небір сұйықтық, қулық, зымияндық әрекеттерін ендігіде жалтақсыз жасау үшін қайтсе де Абайды тұқыртуды, жер қылуды, 339