БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Página 332

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Мақсатына жетер жолда тер төгіп, аянбай еңбек етпесеңіз кез-келген үкілеген үміт пен арман өздігінен келмесі ол ақиқат. Ақын өз жырларында еңбек жолында әр жанның адал болып, кісілік келбеті мен адамгершілік қасиетін қай жағдайда да жоймауын насихаттайды. Сондықтан сәулетті сөздің шебері, жаны жайдары, алтын қалам иесі С.Жиенбаевтың жырлары жас ұрпаққа үлгі өнеге. Оның «Біздің заң» деген шығармасында заңмен бірге ғажап заманда да абырой-атаққа арбалмай лайықты азамат атанып, үлкенге құрмет көрсетуге, пендеге зәбір көрсетпеуге бойыңда қайратың барда күш-жігеріңді тек елге жұмсап, еңбек етуге шақырады: Толқысын гүлмен төңірек, Толқынды сүйреп бауға апар. Толқынды сүйреп бауға апар. Егін ек десе, егін ек, Тау қопар десе, тау қопар. «Ерте көрдім,ерте көрдім барлығын, Ерте көр деп ерте берді тағдырым», - деп жырлаған өнерпаздың ер жеткен соң таңдаған өнер жолындағы жеңістері де көз майын тауысқан ерен еңбегімен келді. Белгілі лирик ақынымыздың «қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шыққан» жыр жолдары қашанда оқырманның көңіл күйімен әсем келісім тауып жатады. Ол өз ортасында өнерімен беделді болып қана қоймай, «ағаға құрмет, ініге ізет» көрсете білетін салиқалы да салмақты мінезінің арқасында үзеңгілес әріптестерімен сыйлы қарым-қатынаста болды. Өнер майталмандары Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев т.б.-ға талантына табынып, өзіне өнеге тұтты. Өмірі мен өнерлері бірге өрілген жандарға деген ізгі ниетінің арқасында өнер тақырыбындағы дүниелерінің тұсауын кесті. Өнер - таусылмас байлық, қазына. Ал оны бойыңа дарытып, сақтай білу - үлкен әрі жауапкершілігі мол іс. Кез-келген өнер түрі мен өнерді иеленуші арқылы сол халықтың мәдениетін таниды. Абай атамыз: «Өнер алды- қызыл тіл, Ой толғаған сырлы тіл» - дегенде ата-бабаларымыздың үрдісін жалғап, қазақ елінің ақындары осы қызыл тiлдi сайрату арқылы «өрге жүзді». Жыр – адамның жан-дүниесін тазалайды, маужырап бара жатқан рухыңды сілкілеп оятады. Өмірге, өнерге құлшындырады. Сағи Жиенбаевтың туындылары да мөлдір бастаудай. Шөліркеп келіп бас қойсаң сусыныңды басады, мұңға батсаң өзіңмен сырласып шеріңді тарқатады. Бейне бір сырыңды сыртқа білдірмес жан досыңмен сырласып отырғандай күй кешесің. Қаламгердің жырлары үстіне кір тигізбес кірпияз жандай мұнтаздай таза болып келеді. Басы артық бір сөз, бір буын, бір жол жоқ. Әдемілікті сезіндіріп, әсемдік дүниесіне шомылдырып тұрып та тереңге бойлатып, көңіліңді оятып жатады. Жырларын оқыған сайын нәрестедей бейкүнәлік пен періштедей тазалықты көреміз. Өте берсін жыл шұбап, ғасыр шұбап, Жыр деген бір сөнбейтін асыл шырақ. Көпсінбейді аспан да жұлдыздарын, Жұлдыздардың болмайды жасын сұрап, - деген төрт шумақ жолдан-ақ Сағи Жиенбаев өнер әлеміндегі жырдың да, ақындардың да даралығын сипаттап берді. Оның бойындағы айта кетерлік қасиеті: ол өз өлеңдерін керемет мәнерлеп оқыған, сондай-ақ «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра»,- дегендей ұлттық аспабымызды ерекше 331