БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | 页面 331

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. білдірмес жан досыңмен сырласып отырғандай күй кешесің. Қаламгердің жырлары үстіне кір тигізбес кірпияз жандай мұнтаздай таза болып келеді. Басы артық бір сөз, бір буын, бір жол жоқ. Әдемілікті сезіндіріп, әсемдік дүниесіне шомылдырып тұрып та тереңге бойлатып, көңіліңді оятып жатады. Сағи Жиенбаевтың саяси-әлеуметтік лирикасы тақырыбында жазылған шығармаларының бір шоғырын еңбек туралы жазылған жырлармен топтастыруға болады. Ол есін жиғалы жесірліктің салдарынан жетім сәбилерін асыраймын деп тыным таппаған анасының жанқияр еңбегін көріп өскен еді. Ұлы Отан соғысы кезінде де үлкендермен қатар қабырғасы қайыса еңбек еткен ақынға маңдай тердің ащы дәмі таңсық емес еді. Адал жеген астың тіл үйірер тәттілігі де тым таныс. Өз тұсындағы буын өкілдерінің қаламына заңды түрде көп іліккен соғыс тақырыбында Сағи Жиенбаевтың жырларының бір ерекшелігі, ол өз қатар-құрбыларымен бірге көрген сол зәрлі-зарлы күндердің шежірелік шумақтарының соңында әлсіз де болса бір сәулелі шуақ қосуға міндетті секілді болатын. Мысалы, бозбала таңнан қырман басына барған, арба жегіп, шөп тартқан, жаңбыр мен терге жуынған қатыгез балалық шағын жырлай келе, «...Ұмыттық шалқып ойнауды, Бір үйдің бір-бір көзі боп, тездету үшін тойларды, Ержету үшін тезірек» деп нұрлы үміт артады. Әйтпесе жапан түзде өгіз арбамен жалғыз ілбіп келе жатқан кезгі жабырқау кезін жырлайтын өлеңін: «Сонау алыс көкжиекке қараймын, Маңдайымды күн жолына қаратып» деген оптимистік жолдармен жалғайды. Мына жырына көз жүгіртсек: ... Бастым – құм ба, шоғы ма әлде көріктің, Мен қып-қызыл отқа бір-ақ жолықтым. Жата кеттім жөргегіме оранып, Жерді басып жүруге де қорықтым... Оқи берсең осылай өзіңді сол қасіреттің жазылмаған жарасын сипалап отыра беретіндей сезінесің. Бірақ Сағи Жиенбаевтың өмірлік кредосы ол емес, сол суық шумақтар сол күйі біржола ызғар шашып қала бермейді, жіби бастайды. Әлгіндей жан тітіркентерлік суреттерді тізбелей келе ақын бергі күндердің берекетті шүкіршілігіне ойысады. «Осынау жанның бәріне ортақ өмірдің» қызығын көргісі келеді, жар сүйеді, шаңырақ көтереді, балапан ұшырады. Содан соң құбылмалы дүниенің қадірлі кезеңдеріне жолығады: «... Бірте-бірте көңілімді күн қызып, Ұйықтап кеткен гүлдерді жүр тұрғызып. Күнде ертемен оянамын асығып, Мені күтіп қалды ма деп бір қызық»,-деп жылуы жоқ жылдардың көкіректі удай ашытар көрінісімен жаза отырып, көп реттерде жұбаныш боларлық бір жарқын ілік іздеп табуға тырысады. Енді осы жерде сәл кідіріп, ақынның ілгеріде жазған туындылары кейінгілерімен тақырып жағынан болмаса да, таным-тілек тұрғысынан туыстас болып келетінін ескере кетсек. Мысалғы жоғарыда «Жата кеттім жөргегіме оранып, Жерді басып жүруге де қорықтым» деді емес пе?! Есейгенде ше? Әлгі қорқыныш санасына мықтап сіңіп қалған қаламгер сол сәтке қайтадан оралады. Тек еміс-еміс есі кіріп келе жатырған қорғансыз сәби емес, жауапкершілігі мол азамат ретінде оралады. Көгілдір көктемнің шуағына бусанған жан шын сырын ақтарады: ...Көктемдей нәзік сезіммен Кеудені күйлер тербейді. Қара бір жердің өзін де Қаттырақ басқың келмейді! 330