БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 327
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
қайтеді, толқынды толқын желкелей ме қайтеді?» – демекші [1] аға буынның
орнына жас буын келеді. Әр ұрпақ өз заманына сай жаңалығымен енеді.
Жиырмасыншы ғасыр ортасы қазақ әдебиетінде жаңартау атқылағандай
буырқаныстарға толы аса күрделі болды. Сан түрлі ағым, әдіс, тәсіл бой
көрсетіп, өркендеді. Қазақ тағдырына қатысты толайым ойдың батыл да
байсалды айтылған сәті болды. Сол кезеңдегі өнер саласында жүрген
үзеңгілес замандастардың әрқайсысына тән мақамдары бола тұра қазақ
әдебиетіне ортақ сарын да әкелді. Өйткені, қандай да бір ірі суреткер
заманының, қоғамның, ұлттың тағдыры, дәуірінің рухани кескіні,
шығармашылық ортасы, өз тағдыры хақында ойланбай, толғанбай тұра
алмайды. Біз ақындық шеберлігі туралы арнайы қалам тарқан Сағи Жиенбаев
та осындай ірі тұлғаның бірі. Ол – алдындағы ағаларының әдеби дәстүрін
дамытып, жаңаша жалынмен жалғастырды. Өзіне тән сезімге толы
мақамымен дараланды. Академик З.Қабдолов өзінің «Сөз өнері» атты
еңбегінде көркем өнер тудырушы таланттардың бірнеше ерекшелігіне
тоқталып, біріншіден, сезім деп атаған еді: «Нәзік сезімталдық. Өзін
қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялар іздеп, айрықша әсер алу, көз
алдындағы құбылыстарды ерекше сезіну, нәзік түйсіну, сезінген, түйсінген
шындығына бейтарап қала алмай, тербеле тебірену, көкірегінде көл-көсір сыр
ұялату, - бәрінен бұрын ақынға тән қасиет» [2].
Ұлттық әдебиетімізде «Сағидың сырлы саздары» деген атауға ие болған
ақын шығармашылығында саяси-әлеуметтік лириканың орны ерекше. Оның
ішінде соғыс тақырыбындағы туындылары өз алдына мол қазына. Ақын
балалық шағында өзі куә болған қанды майдан жылдарындағы тыл өмірінің
тыныс-тіршілігін, сол кезеңдегі жандардың сезімдерін шынайы жеткізді. 1977
жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Алтын
қалам» атты таңдамалы жинағына аталмыш тақырыптағы көптеген өлеңдері
еніп, қазақ халқының батыр перзенті Әлия Молдағұловаға арнаған «Әлия»
атты поэмасымен аяқталды. Поэма бірнеше бөліктен тұрады: Әлияның
күнделігінен, алғашқы кездесу, № 956 винтовка, Әлияның хатттарынан,
«Казачиха» тұрғындарының айтқаны. Бұл поэма Кеңес Одағының Батыры
(1944), мерген, ефрейтор Әлия апамыздың ерен ерлігімен қатар соғыс
тақырыбын ашуда, келер ұрпаққа сол жылдар туралы толыққанды ақпарат
ұсынуға, патриоттық рухта тәрбиелеуге таптырмайтын туынды. Мысалы:
...Әлия-саптан ұмтылып,
Жүгіріп шықты аптығып,
Құшақтап алған мылтығын,
Кіршігін қақпай қалт тұрып, - деп бір сәтті
суреттейді.
Жалпы қаламгердің аталмыш тақырыптағы жырларының бәрі де
оқырмандарының жоғары бағасын иеленіп, қазақ поэзиясынан ойып тұрып өз
орынын иеленді деп нық сеніммен айта аламыз.
Сыршыл қаламгердің саяси-әлеуметтік лирикаларының ішіндегі ата-ана
тақырыбы өз тағдырымен ұйқасып жатыр. 1901 жылы дүниеге келген әкесі-
Жиенбай Өмірбаев 1937 жылдың 8 тамызында бұрынғы Табын, қазіргі
Байғанин ауданының 11 аулындағы Ақтөбе түрмесінде «үштіктің»
ұйғарымымен атылыпты. Бұл жәйтті де ұзақ жылдар бойы ашық айта
алмады, өлеңіне өзек ете алмады. Тек ишарамен ғана жеткізді:
Ел де көрді,
326