БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 300
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
құйрығын баспа». «Улы жыланның терісі жұмсақ». «Жылан терісін
тастаса да жылан». «Жылқының жауы - бөгелек, Жыланның жауы -
дегелек».
Демек, жылан, айдаһарларға байланысты халықтық сенімдер үш кезеңді
бастан кешкен. Сонымен «Жылан» концептісінің тілдік көріністерінің ішкі
құрылымында Табиғат әлемі (тотемдік) → Жоғарғы әлем (космогониялық)
→ Төменгі әлем (магиялық, арбаушылық) мифологемалары өмір сүреді.
Жылан тотемі адамзат баласы пайда болғаннан бері өмірінде, тұрмыс-
тіршілігінде біте қайнасып келе жатқан өзіндік тарихы ерекше бейне. Әрі
қорқыныш үрей тудыратын, әрі құт-берекенің иесі деп саналатын жыланның
бейнесі халықтың сана-түйсігінде терең сақталып, тілінде, халық ауыз
әдебиетінде, салт-дәстүрінде, наным-сенімі мен ырым-жоралғыларында
өзіндік бейнесі бар персонаж.
Сонымен қатар қазақтар қастерлейтін қасиетті құстың бірі – үкі. Үкіні
халық киелі құс дейді. Үкінің қауырсынындағы қара жолақ сызықтарда
«Құран сөзі» бар деген наным бар. Үкінің ұлпа мамығы, қауырсынынан үкі
жасап алады. Үкіні әртүрлі тәсілдермен ұстайды. Үкіні ұстап алса, үкісін
жүндеп алған соң бір тойдырып, босатып жібереді.
Үкі туралы тотемдік таным түркілерде өте ерте кезде болған, Лев Гумилев
түркі ру-тайпаларының діни наным-сенімдері туралы айта келіп: «VІ
ғасырдың аяғы мен VІІ ғасырдың бас кезінде ата-бабаларға тотемдік табыну
таза күйінде байқалмайды. Ашиннің келгендері мен таулы Алтай
тұрғындарының арасындағы тығыз байланыс синкреттік-бірлескен діни
сенімнің пайда болуына бастайды. Бұған әлі күнге дейін шешілмейтін
жұмбақ тәрізді көрінетін түркі хандарының есімдері дәлел бола алады. Бұл
есімдер қытай, парсы мен грек жазбаларында сақталып қалған және оларды
әртүрлі салыстырып оқу арқылы талдауға болады. Тобо ханның өз аты
Арсила (грекше) ол түрік-монғол сөзімен «Арыслан» деп аударылады.
Қытайша «Були», түрікше «Бөрі» деген сөз. Тағы бұл аттың монғолша
«Шэни-Шоно» түрі де бар, Батыс хандарының аттары да жиі кездеседі:
«Иби» – «Ибрис» (барыс), ал «Юйгу» – «Юкук» (үкі) болып аударылады», –
дейді [10, 80 б.]. Ертеде түркі хандарының есімдерінде үкі тотемі
қолданылған, қазақ дәстүрінде де адам есімдерінде кездеседі: Үкібай, Үкілай;
Үкіжан деген сияқты.
Сондай-ақ, қазақ халқы үкіні киелі, қасиетті деп, қадір тұтады.
Халқымызда «үкі иесі бар құс, одан жын-шайтан қорқады» деген түсінік
бар. Тіл-көз тиюдан сақтануға ырым қылып, балаларға оның тұмсығын,
тұяғын тұмар орнына тағады. Үкінің қауырсындарын әртүрлі бәлекеттерден
сақтайды деп жорыған. Үкінің қара қасқасын ерлер, балақ жүнінің ұлпасын
әйелдер қолданған. Қауырсынын жас баланың бас киіміне, бесігіне іліп қояды
және жастардың киімдеріне, түскиіз, домбыраға тағады. Ежелгі бақсылар,
сал-серілер, батырлар үкі тағып жүрген. Үкі тағу – белгі салу, ол әрі тіл
көзден, пәле-жаладан сақтасын деген болашақ қайын ата мен ененің келінге
білдірген тілегі іспетті ырым [11, 93 б.]. Демек, сәндік үшін де қолданылады.
Сондықтан болар қазақтар үкінің әр тал қанатын бесікке, балалар тақиясына,
әйелдер кимешегіне, жүйрік аттың жалына және түрлі ұлттық аспаптарға
тағып қояды. Ұлттық наным-сенім бойынша үкінің үлпілдеген қанаты жас
нәрестелерді жын-періден қорғаса, бас киімге тағылғаны бақыт, ал
аспаптарға байланғаны олжаға кенелтеді. «Үкідей ұшу», «үкідей көзі
299