БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 298

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. «Алтын басым аман болса, Алты күнде тірілем. Жез құйрығым аман болса, Жеті күнде тірілем. Ортан белім аман болса, Отыз күнде тірілем» – деген жыланның сөзін ескертіп, жыланды өлтіртпейді. Әсіресе ордалы ақ жыланды ешқашан да өлтірмейді. Ордалы жылан бәрібір кегін алып, шағып өлтіреді деп сенеді. «Жылан арбайды, онымен теріс оқитын молдалар арбасып, жыланның атын атап, дәл тапса, онда жылан өледі» – деген де сенім бар. Шаққан жыланды ұстап алып, құйрығынан төмен қаратып ілсе, шаққан уы қайтып, зақымданушыға жеңіл болады деп санаған. Бұл түсініктер әлі сақталуда. Дәл осындай сенім өзбек халықтарында да бар. «Өзбектер де ақ жыланның образын қасиетті Қызыр пайғамбардың бейнесі деп, үйіне келсе басына ұн шашып, болмаса сүт құйып шығарған», – дейді Г.П. Снесарев [8, 115 б.]. «Yйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» деген мәтел, «Жылан көрсең ақ құй» деген де тұрақты тіркес де осыдан шыққан болуы керек. «Жылан көрсең ақ құй» деген де тұрақты тіркес – жыланға деген ежелгі құрмет көрсетудің ескерткіш-сарқыншағының көрінісі. Жылан тотеміне қатысты тұрақты теңеулер мен сөз орамдары эпикалық жырларда жиі кездеседі. Олар жыланның физиологиялық қимыл-қозғалысы мен өзіне тән қасиеттеріне қатысты туындаған теңеулер: абжыландай толғану, белге ұрған жыландай сылқ ету, жас жыланша сумаңдау, жаралы жатқан жыландай, жеті басты жыландай, жыландай жарау, жыландай жиырылу, жыландай жорғалау, жыландай жұмыртқалау, жыландай жылмыңдау, жыландай ирелеңдеу, жыландай оралу, жыландай тулау, жыландай шағу, жыландай шұбатылу, жыландай ысқырыну, жыланша арбау, жыланша бұраңдау, жыланша бүктетілу, жыланша жүзу, т.б. Мысалы: Әбжыландай толғанып, Шұбарға қарғып мінеді («Алпамыс» жыры). Алтында қамшы қолға алып, Әбжыландай толғанып, Бұралып кетіп барады («Қыз Жібекте»). «Естілер де ісіне қуанбай жүр, Ел азды деп надандар мұңаймай жүр. Ала жылан, аш бақа күпілдектер. Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр» (Абай). Бұл тұрақты теңеулер мен сөз орамдары батырдың кереметтігін, әйелдің таңғажайып сұлулығын әбжыланға теңейді. Жылан жолды кесіп өтсе, жолаушы жолым болмайды деп ырым жасап, бара жатқан жолынан кері қайтқан. Айдаһар жыландардың қабығында қасиет бар, олардың бойларында аруақтардың күші сақталған, қорғап-қоршап жүреді деген нанымдар айдаһардың сыртқы қабыршағына ұқсатып сауыттар жасауға ықпал еткен. Оны батырлар жырындағы «көбе» сауыт түрлері аңғартады. Оның барлық түркі тілдес халықтарға ортақ болып келетіні жайлы, өнертанушы Қ.Ахметжанов өзінің «Жараған темір кигендер» атты еңбегінде былай дейді: «Құстың, жыланның бейнелері, қауырсындары мен жылан қабығы «жылан бастар» өте ерте заманнан адамды, затты түрлі бәледен, көз тиюден сақтайды деп санаған. Құстың қауырсынына, жыланның қабығына ұқсатып сауытты көбелеу, оның қорғаныс қабілетін арттырып ғана қоймай, сонымен бірге магиялық-ырымдық рөлдерінде атқарған» [9, 102 б.]. 297