БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 294

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. тіл тек ойлау, қарым-қатынастың құралы ғана емес, тіл бүкіл этностың рухани және мәдени айнасы. Тілдегі мәдени құндылықтар сөздердің мәні арқылы ұлттық мінез бен ұлттық менталитетті қалыптастырады. Тіліміздегі тұрақты тіркестердің халық өмірімен, халықтың ұлттық- мәдени менталитетімен байланыстылығын жылан және үкі сөздеріне қатысты этнолингвистикалық тұрғыдан қарастырылады. Тірек сөздер: тотемизм, жылан, айдаһар, үкі тотемі, наным-сенім, ырымдар, киелі, қасиетті, мифтік бейне, құрметтеу, табыну. Қазіргі таңда қоршаған орта, әлем, дүние туралы барлық мағлұматтар халықтың сан ғасырлық дүниетанымы негізінде туындаған тілдік бірліктер яғни жеке сөздер, мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, қанатты сөздер, прецедентті мәтіндер арқылы сақталып, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, әлемнің тілдегі бейнесі жаңарып та, толығып та отырады. Әр ұлттың өз әлемдік бейнесі бар, себебі тіл тек ойлау, қарым-қатынастың құралы ғана емес, тіл бүкіл этностың рухани және мәдени айнасы. Тіл – мәдениетті сақтаушы, дамытушы, ұрпақтан-ұрпаққа тасымалдаушы ерекше коммуникативтік құрал, салт-сананың, ұлттық ділдің, ұлттық ойлау мен сананың сан қырлы қасиеттерінің көрінетін тұсы. Тіліміздегі культке қатысты атаулар, терминдер, лексика-фразеологиялық, паремиологиялық бірліктер мен мақал-мәтелдердің қоғамда қалыптасқан ауыспалы мағынасын ғана емес, сонымен қатар сол мағынаның қалыптасуына негіз болған о бастағы әр алуан уәждерін анықтау жұмыстың өзектілігін көрсетеді. Сонымен қатар түркі халықтарындағы культке қатысты атаулардың және ертедегі дүниетаным мен наным-сенімдер, салт-дәстүрлер әлеуметтік-қоғамдық түрткі жайттарға қатысты ұғымдарға негізделген лингвомәдени бірліктердің қолдану деңгейін антропоцентристік тұрғыдан айқындау көзделді. Тұрмыстық қажеттілікті өтеу жолында тілдің көмегімен ғасырлар бойы қалыптасқан, культтік фразеологизмдер әр халықтың өмір тіршілігіне, әдет- ғұрыпына, дүниетанымына байланысты қалыптасқан. Культтік фразеологизмдер этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу, бір жағынан түркі халықтарының тілдерінің ұлттық ерекшелігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын танып білуге, екінші жағынан, тілдердегі этимологиялық, семантикалық, құрылымдық жағынан ерекше қасиеттерін ашуға мүмкіндік береді. Ол қазақ тіл білімінде жаңадан қалыптасып келе жатқан жаңа және келешегі зор салыстырмалы фразеология мен паремиология, этнолингвистика, мәдениеттану, елтану сияқты салалардың дамуына өзіндік үлес қоса алады. Этностық дүниетаным мен салт-дәстүрге, наным-сенімдерге қатысты байырғы лексикадан қалыптасқан культтік фразеологизмдер сөз жоқ, халықтың рухани өмірін бейнелейді. Ертеде адамдар ру, қауым, тайпа болып өмір сүріп, өздері тұратын жерлерде кездескен жан-жануарға сыйынып, жан- жануарлар, аң-құс, құрт-құмырсқа, жылан тотемдерін тудырған. Осыларды киелі санаған адамдар оларды культке айналдырып, неге киелі екендігі туралы толып жатқан миф, аңыздар тудырған. Тотемдік түсініктер тек аңыз, ертегілерде ғана сақталмаған. Олардың кейбір жақтарын тіліміздегі жан- жануарларға, құстарға, төрт түлік малға байланысты қалыптасқан фразеологизмдер мен мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден, культтік лексемалардан айқын байқауға болады. 293