БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 292

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Осында «Дотан Құбақанбайұлы» мен классикалық «Алпамыс батыр» жырын ұқсастыратын эпизод бар екенін көреміз. Алпамыстың тұлпары Байшұбардың арам пиғылды мыстанды сезіп, қос аяқтап тепкеніндей, Дотанның астындағы ат та жалмауызды тебеді. Жырдағы осы жолдарды келтіре кетуді жөн көрдік: Жалмауыз балаларға келіп қалды, Бір сұмдық балаларға болып қалды. Бір ұртына өзгесін тығып тұрып, Қасына Дотан бала жетіп барды. Баланы ұйықтап жатқан көрді сонда, Қайран боп нұсқасына тұрды сонда. Жұтайын деп баланы келгенінде, Тай теуіп жалмауызды қалды сонда [2, 124 б.]. Қос жырда да жаман күшті сезіну тұлпарға жүктелген. Бірақ, батырлар бейнесі әртүрлі болып келеді. Дотан ағайын-бауырдың амандығы үшін кемпірдің дегеніне көнеді. Осылай жеті жылдық сапарға аттанады. Жеті жылдан соң қайтып келгенде мың сан жауды қырған батыр мен оның бір өзі жүз кісіге татырлық қуатты жолдастары жалмауызды өлтіруге бірден әрекеттенбейді. Мұнда жалмауыздың күш˗қарымы танылады. Жолдастар енді бірлесіп кемпірді алдамақшы болады. Ол үшін желаяқ қалыңдық кейпін жамылып барып, батыр кеткен соң қашады. Бірақ, бір таңғаларлығы аяқтыдан алдына жан салмайтын желаяқ жалмауызға келгенде шаң қауып қаларлықтай суреттеледі. Қуып жеткен жалмауызды мерген атып құлатады. Осында бір түйеріміз сондай қуатты жалмауыз жеті жылдық сапарға өзі˗ақ аттанып, ұлына қалыңдықты өзі алып келуге дәрменді. Тек, кейіпкер оған бармайды. Ол үшін өз ісіне өзгені жегу әлдеқайда оңай. Осы секілді жырдағы жалмауыздың мифтік, архаикалық бейнесі толық ашылатын жырлардың бірі – «Құламерген». Мұнда батырдың әйелін ақ жолдан тайдырып, көп ретте қиындық әкелуші мыстанның шешесі бар. Ол – жеті басты жалмауыз. Яғни, мифтік түсініктен біршама алшақ алынған әуелгі кейіпкер мыстанның қылмыстарын еңсерген батырларға жаңа қиындық тап болады. Ол мыстан секілді құр айламен, жасырын соғыс жүргізетін кейіпкер емес. Ол енді ашықтан˗ашық соғыс салады, керемет айбатын көрсетіп, жекпе˗жекке шақырғандай болады. Мұнда, әрине, оған себеп жоқ емес. Құламергеннің ұлы Жоямерген өлтірген Орақ батыр жалмауыздың баласы болып шығады да, жалмауыз ашуға мінеді. Бұлғар шаһарының бір уақытта тап берген үш жүз батырын жеңген Құламерген жан сауғалап қашады. Қорыта айтқанда, мақалада жалпы мифологияда кең тараған «кеңістік» ұғымының категориялары жіктеліп, мифтік бейнелер шығармалардағы нақты мысалдар негізінде жан-жақты сараланды. Мифтік кейіпкерлердің шығармадағы кездесетін орнына, оқиға желісі өрбитін кеңістігіне қарай ерекшеліктері айқындалды. Эпостардағы мифтік кейіпкерлердің жағымды және жағымсыз категориялары ғылыми тұрғыдан одан әрі терең зерттеле түсті. Аталған кейіпкерлердің жырда сипатталатын мекендері мен оқиға желісі суреттелетін кеңістік те ескерілді. Әдебиеттер: 1. Әлмұханова Р. Қазақ фольклорындағы антикалық сарындар. – Алматы: Арыс, 2009. – 320 б. 291