БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 291
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
бек мүмкін. Осыған байланысты мыстан мен жалмауыздың кейіптері екіге
жарылады. Ал, жалпы алғанда кейбір ертегі мен эпостарда бұлар бірдей˗ақ
суреттеліп жатады. Дегенмен, көп жағдайда жалмауыз кемпірдің
құбыжықтық бейнесі, алапат күштері, ғайыптан бітімін өзгерте алуы, аңша
жортуы, адамша сөйлеуі басым айтылады. Оның алғашында мүсәпір кемпір
бейнесінде көрінуі, артынша демде құбыжық қалпына алмасуы нанымды
суреттеледі. Қазақ фольклорында жалмауыз кемпірді алдымен «Ер Төстік»,
«Алтын сақа» ертегілерінен таныдық. Ер Төстікте батырдың әкесі Ерназар
інгенін іздеп жүріп жалмауызға жолығады. Тап беріп ұстап алған оған мені
жеме, баламды же деп құтылады. Сөйтіп Төстіктің аңшылыққа шыққанда
тастамайтын жанқайрағын қалдырып, осыны алуға келгенде ұстап аларсың
деп серт байласып, жөнімен кетеді. Осындағы бір қызық оқиға егеуді алып
қашқан Ер Төстік пен Шалқұйрыққа ыза болған жалмауыз жерді қақ айырады
да, Төстік жер асты әлеміне түседі. Осыдан соң жалмауыз жер беті мен жер
асты өткелін күзеттіріп қояды. Осындағы айқын танылған дүние – жоғарыда
сөз еткен жалмауыздың алапат күші болып шығады.
«Алтын сақада» жалмауыз өкпе боп суда жүзіп жүреді де, таяқпен түртіп
қалғанда лезде жалмауызға айналып шыға келеді. Мұнда оның екінші бір
қыры, ғайыптық күші танылады.
Жалмауыз кемпірдің мекеніне қатысты С.Қасқабасовтың жалмауыз бен су
асты әлемін байланыстыра қарастырған пікірін келтіре отырып және де
жалмауызға ұқсас антикалық мифтік кейіпкерлермен салыстырмалы
типологиялық зерттеу жасай отырып, Р.Әлмұханова былай деп ой қорытады:
«Осылайша жалмауыз кемпір мен антикалық мифтік кейіпкерлер – Хариба,
Кирка, Калипсо, Сирен – бәрінің мекенінде ұқсастық орын алған, ол ұқсастық
су немесе су жағасындағы жартастағы қалың орман және өздері иелік ететін
сарай, өзі қорғайтын әлемі бар екеніне көз жеткіземіз» [1, 150 б.].
Жалмауыз алғашында жан˗жағын тұтас жалмаған құбыжық ретінде
дүниеге келіп кейін кемпір бейнесін қосақтаған кейіпкер дедік. Фольклорлық
шығармалардың ең көне деп табылған жанрларымен бірге жасап келе жатыр.
«Дотан Құбақанбайұлы» жырында үлкен оқиғаның тууына негіз болатын
жалмауыз кемпір екенін білеміз. Дотан қалың ұйқыға кеткенде оның қырық
бауырын жалғыз жалмауыз жұтып қояды. Нәтижесінде Дотан бауырларын
өлімнен арашалау үшін амалсыздан жалмауызбен келісімшартқа отырады.
Оқиғаны қысқаша баяндасақ: алдымен Дотан мен оның бауырлары қойшы
сілтеген қалың тоғайға келіп, шаршаған соң ұйқыға кетеді. Осы сәтте адам
иісін сезген жалмауыз суретке енеді:
Жағалай келіп түсті ол ағашқа,
Жұпар жағып аңқытып қара шашқа.
Миуа жеп, баршасы жатып қалды,
Аттарын байлап-байлап қойды басқа.
Бәрі бірдей паңдықпен ұйықтап жатыр,
Тіккені бастарына алтын шатыр.
Иісін адамзаттың алғаннан соң,
Бұларға бір жалмауыз келе жатыр.
Білмейді ұйықтап жатып жалмауызды,
Жұтқалы балаларға салды ауызды.
Жалғыз жатқан қалыпты Дотан аман,
Өзгесін, бәрін жұтты ұғыл, қызды [2, 124 б.].
290