БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 290
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
атқан» мыстанның кім екенін басында білсе, Шаншархан оның ақылына
жүгінбес еді.
Енді, ары қарай мыстан бейнесі ашыла түседі. Өздері ақыл таппаған,
алайда арам пиғылдары мыстаннан бір мысқал кем емес ханның алпыс әйелі
шығармадағы шешуші іс˗әрекеттердің біріне сеп болады. Қарайық: «Ендігі
сөзді алпыс қатыннан естіңіз. Қатындар жиылып кеңес қылып, мыстанды
шақырып алып айтты: – Ей, ене, патша біздерге жолаушыға ұқсап алпыс
күнде бір түнеп жүруші еді. Енді мына қатын бала тапқан соң біздер
қатындықтан қаламыз ғой. Бұған ақыл тауып баласын жоғалтыңыз, – деп,
алпыс табақ тіллә берді. Анда кемпір мақұл көріп, «бұның лажын табам»
дейді. Бір күні қатын толғатқанда кемпір келіп бетіне бір дем салып қойып
еді, Қаншайым талып жығылып қалды. Анда кемпір иттің екі күшігін алып
келіп, Қаншайымның ішін тартты. Бір ұл, бір қыз туды. Ұлдың алтын айдары
болды, қыздың күміс айдары болып туды. Кемпір екі күшікті
[Қаншайымның] етегінің астына салып, баласын қатындарға алып келді.
Қатындар айтты: – Ене, не қылсаң [да], өзің қыл, – деді» [2, 19 б.].
Мыстан ғажайып күштерге ие, сиқырдың түр-түріне қанық. Ол Қаншайым
байқамас үшін дем салып, есін жоғалтады. Дем салып, бәрін қалпына да
келтіретін мыстан ғана:
«Әлқисса, мыстан кемпір алпыс қатын билән Қаншайымның үстіне келеді.
Келіп көрсе, өкпесі зорға соғады. Астында екі күшігі жатыр. Кемпір бетіне
бір дем салып қойып еді, Қаншайым басын көтеріп алады. Қатындар «ит
баласын тапты», деп, бетіне түкіріп, кете береді» [2, 21 б.].
«Мұңлық, Зарлықтағы» мыстан да, «Құламергендегі» мыстан да әрқашан
оқиғаның дамуына, батырдың іс-әрекетіне, отбасын қорғау мақсатында
жасаған ерлігіне себепші болып отырады. Мәселен, Зарлық бейнесінің
шыңдалуын, ашылуын оның ұзақ сапарымен байланыстырсақ, осы сапарға
батыр қарындасы Мұңлықтың бәленбай айшылық жолдағы бір елден
«ат˗тон» әкеліп бер деген болмашы уәжімен аттанды. Ал, Мұңлықты осыған
азғырған мыстан боп шыға келеді.
Ал, «Құламергенде» аңшының әйелі Күнайымды азғырушы да, Бұлғар
ханына желік беруші де мыстан.
Шығармалардағы, эпостардағы мифтік кейіпкер мыстандардың өзге
жағымсыз құбыжықтардан ерекшеленуі оқиғаның дамуына себепші
болуында екенін атап көрсеткен жөн. Ол классикалық қаһармандық
эпостарда да кездесетін жалғыз мифтік кейіпкерлердің бірегейі екенін
жоғарыда айттық.
Жоғарыда аталып, талданған мыстан бейнесімен ұқсас, алайда табиғаты
өзгеше бір кейіпкер – жалмауыз кемпір. Жалмауыз кемпір мыстан кемпірмен
ұқсас, сабақтас мифтік кейіпкер болғанымен екеуін екі бөлек кейіпкер
ретінде қарастыратын боламыз. Бір кездері түркі халықтары фольклорындағы
осы кейіпкерді Г.Н. Потанин «жал ˗ маус» деп бөліп жіктеген көрінеді.
Біздіңше бұл «жалмаған ауыз» деген сөздердің тіркесінен құралып келіп,
уақыт өте келе тілдік заңдылықтарға байланысты қысқара түскен атау. Яғни,
атау беруге де мән артқан ежелгі түркілердің адамды да, ит˗құсты та жалмап
жейтін, азық ететін құбыжық бейнені сипаттауынан туған атау. Осы бір
кейіпкер туралы Р.Әлмұханова: «Ол жалмауыз кемпір атанудан бұрын,
нақтырақ айтқанда, кемпір бейнесінде көрінгенге дейін құбыжық кейпінде
болғанын ертегілерден байқауға болады» [1, 148 б.], – дейді. Солай болуы да
289