БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 288
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
Бір биік тауды көреді.
Әлқисса, Зарлық ойлады: «Бұ жақтың тауы көшіп жүреді екен, бір таудың
астында қалып өлемін бе», деп қараса, бұл тау Қарадәудің үйінің түңлігі екен,
дәу демін алса шошаңдап тұрған [2, 52 б.]. Яғни, «түңлігі осындай болса»
деген тыңдарман Қарадәудің өз кейпін елестете бастайды. Ендеше, дәудің
сипатына көз салайық:
«Анда Зарлық батыр атын қызға ұстата салып, өзі үйге кіріп келеді.
Қарадәу ұйықтап жатыр екен. Жүгіріп үстіне шықты, оянбады. О жақ, бұ
жағына қарады. Көрдікем дәудің шоқпары босағада тұр екен. Оны алып дәуді
басқа ұрды. Анда дәу көзін ашып қарады.
– Ей, бала! Мені неге ұрасың, сенің ұрғаның шыбынның шаққаны құрлы
болмады ғой, – дейді. Анда Зарлық айтты:
– Мен сені өлтірем, – дейді. Дәу айтты:
– Мені өлтірер болсаң, әуелі менің бір аяғымменен күрес. Аяғымды
көтеріп тұрайын. Аяғымды жерге басып тигізсең, сенімен күресейін.
Аяғымды жыға алмасаң, ұйқымды бұзбай, жөнел! – дейді» [2, 52 б.].
Мұндай гиперболалық суреттеулер қаһармандық эпостарда да ұшырасады.
Десек те, бұл жаудың дені бөлек. Өйткені мұндағы Қарадәу адам боп туылған
алып ретінде суреттелмейді. Ол адамдардан жырақта тұрады және
шайтандарды жолдас етеді. Қарсыластары мифтік кейіпкерлер болғандықтан
ба, Зарлық батырдың бейнесі, оның батылдығы, ерлігі одан сайын ашылады.
Көне эпостарда ғана емес, жалпы мифтік жағымсыз кейіпкерлердің бірі
«мыстан кемпір» дедік. Мыстан кемпір әрқашан заты әйел, ақылы ерек,
айласы бөлек жаратылыс болып суреттеледі. Ол адам кейпінде де, жалмауыз
кейпінде де көріне алады. Қаһармандық эпостарда да мыстан бейнесі бар.
Ондағы айырмашылық мыстанның үш басты немесе жеті басты жалмауызға
айнала алмайтындығында. Көне эпостардағы мыстан түрлі кейіптерге ене
алады. Батырлық жырларда мыстан кемпір тек асқан айласымен, аңғал
батырды алдап омақастырумен ғана танылса, көне жырларда ол өте алып күш
бейнесінде суреттеледі. Бұдан көне эпостарда туған мифтік кейіпкердің
уақыт өте келе шындыққа жанаса түскенін, мифтік белгілерінен арылғанын
көреміз. Осындағы «мыстан» бейнесі кейінгі қаһармандық эпостарға көне
дүниетанымдық уақыттардан өшпей келген көне кейіпкер. Десек те,
архаикалық «Мұңлық, Зарлық» жырындағы «...мыстан да ертегілік
сипатынан бірсыпыра арылып, нақтылы қастандық иесі бейнесіне анағұрлым
жақындаған». Мұндағы мыстанның мифтік келбеті ашылмағанымен,
«...бейнесі шексіз жамандықтың, зұлымдықтың жиынтығындай, жан
шошырлық болып сомдалған» [3, 80-81 б.].
«Мыстан» бейнесі ерте кездегі анаеркі (матриархат) дәуірінің рухани
мұрада көрініс алған сарқыншағы, бір кездерде тұтас қауымға билік
жүргізген әйелдердің атаеркі дәуірінде жағымсыз кейіпке ауысқан бейнелері
деп тапқан ғалымдар қарасы өте көп. Төл әдебиетіміздегі бұл пікірдің бір
қолдаушысы Р.Бердібаев. Ғалымның «Қазақ эпосы» еңбегіндегі «Көне эпос»
тарауындағы мына бір жолдарға назар аударайық: «Құламергенде»
стадиялық жағынан матриархат дәуірінің нышанын елестететін қабаттар бар.
Бұл, әсіресе, «дүниенің жамандықпен түбін тескен» Құртқа есімді кемпір
бейнесінен аңғарылады. Мыстан кемпірдің «ақылымен» Құламерген
семьясының алай˗түлейі шыққанын көреміз. Ол мергеннің сұлу әйелі
287