БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 283

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Жатса да өзі Алатау бауырында, Асқақтап-ақ тұрғандай тауы мұнда. Хамза болып әр үйге еркін еніп, Бір сағыныш жүргендей ауылында [2, 40 б.] («Сарыөмірде мәңгілік бір ғұмыр бар») Ақын лирикасының тағы бір тарихи қаһарманы – Жұман Шанин. Ол - қазақтың тұңғыш режиссері, Қазақстанның халық артисі, 1936-1937 жылдары Орал музыкалық драма театрының директоры болып жүргенде ұсталып, «халқы жауы» ретінде атылды. Ж.Шаниннің әдеби бейнесін ақын өмірдің өзінен ала суреттейді: Ескерусіз қалған бір дана бардай, Ел есімін әлі де даралардай. Топырағы мықты ғой Ақ Жайықтың, Театр болған Оралда! Және қандай! Жоғалды ма архиві өртке жанып, Тінтіп әлде «үш әріп» кетті ме алып?! Отызыншы жылдардың зобалаңы Театрдың түбіне жеткені анық. Аһ ұрды ма Қасымдай текті ақыны, Қалды ма елдің көмусіз көп батыры. Абақтыға айдалып артистері, Жұмат Шанин атылып кетті ақыры Арнасынан жаңылмай өмірге ағар, Өлмесе өнер деп қана көңіл алаң. Бойы бөлек әркімнің, Сойы да ерек, Ойнап кетер өзінің ролін адам! [4, 227 б.] («Жұмат пен жендеттер») –дей келе, Қасым рөлін шебер сомдаушы театр әртісі Ж.Шаниннің өнердегі ерен ісін ерлікке балап, дәріптей жырлайды. Ақын лирикасының тағы бір тарихи кейіпкері біртуар ұл, саңлақ әнші, Мұхит әндерін шебер орындаушы Ғарифолла Құрманғалиев. Ғ.Құрманғалиевтың орындаушылық мәнері – этностық мәдени генофондымызға қосылған дәстүрлі әншілік мектептің озық үлгісінің бірі екені белгілі. Расында да Ғ.Құрманғалиев секілді тума таланттың орны ерекше. Оның біздің өңірімізден шығуы да жас ұрпақ үшін мақтаныш. Заманымыздың заңғар суреткері Ә. Кекілбаев Ғарифолла жайлы: «Иә, ол құлағы бардың бәрін еліттірмей қоймайтын нағыз Орфей еді. Дала Орфейі. Ғарекеңді астына құла жорға мінгізіп, қолына күрең домбыраны ұстатып, шартарапты шарлатып, жалғыз саяхаттауға жіберсе бәрібір үстінен қарақұрым таралмас еді. Соңынан ақ түтек шаң еріп, қойыла түсер еді. Алатаудың құлжасы, Алтай таудың маралы, Көкшетаудың бұланы, Сарыарқаның құланы, Қаратаудың арқары, Бетпақты бөкені пысқырып, түшкіріп соңынан шұбырар еді» [5, 47 б.]. 282