БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 273

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыр жұмыстары әліпби қабылдаумен аяқталмайды, ол осы әліпби арқылы жазу емлелерін қалыптастыру ісімен жалғасады. Белгілі ғалым, профессор Әлімхан Жүнісбек: «Бүгінгі қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек болып тұр. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Дыбыс, әліпби және емле- ереже реформасы керек», – деп, «әліпби ауыстыруды жазу реформасына айналдыру керек» деген пікір айтқан еді [9]. Сондықтан қазіргі жазуымыздың осал тұстарына байыппен қарап, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов сияқты арыстарымыздың да ғылыми мұрасына назар аударуды ұмытпау қажет деп ойлаймыз. Осы орайда, қазақ жазуындағы емле тарихына зер салсақ, «ы», «і» әріптерін қысқартып жазу мәселесіне көбірек назар аударылғанын байқаймыз. Кезінде А.Байтұрсынұлы «ы» жазылмағанда сөздің мағынасы бұзылып, кемшілік келер болса, жазылып, оқуға кемшілік болмаса, сөздің мағынасына кемшілік келмесе, жазуға жеңілдігі болса, «ы» дыбысының харіфін жазбағанда не залал көреміз» деп, «ы», «і» әріптерін барынша қысқартып жазу принципін ұсынған еді [10, 386 б.]. Ол «ы» - жаны, малы, тары деген сөздерде «н, л» - дың, «р» - дың соңынан естілетін дыбыс белгісі. Сөздің басында, ортасында қысқа һәм көмескі естіліп, бар жоғы еленбейтін орындарда жазбаймыз. Мысалы, «қын, қыр, жылым, қырын» деген сөздердің ішіндегі «ы»-ның барлығы сезіледі, хатта сезілмейді деп айтуға болады. Бұл сөздерді «ы»-ны жазғанда да, жазбағанда да осылай оқимыз. Жазбағанда оқуымызға кемшілігі болмаса, оны жазуға да қажет жоқ. «Қаны, жаны, малы» деген сөздерде «ы»-ны жазбай, солай оқи алмаймыз, сөздің аяғында «ы»-ны жазу қажет»,-деп, «ы» әрпі бас буында, барща бітеу буында жазылмайды, ал ашық буында қалмай жазылады деген ұстаным да болды [10, 327 б.]. Демек, өз кезінде А.Байтұрсынұлының фонемалық мәні болса да, оқылуға қиындық келтірмейтін позицияда фонеманы да арнайы әріппен таңбаламауға да болатындығын таныта білген бұл ұстанымын маңызды ғылыми жаңалық деп білеміз. Өз кезінде Қ.Жұбанов та латын негізді қазақ жазуы мен әліпбиіне өзгеріс енгізу туралы ұсынған жобасында жазу барысында нағыз қажеттігі болмаған жағдайда қысаң «ы» дауысты дыбысын таңбаламау арқылы оның қолданысын шектеу керектігі туралы ережелер ұсынады: а) кейінгі буында дауысты «а, о, е, і» дыбыстары келсе, сөз басындағы ашық буында «ы» дауысты дыбысын таңбаламау (бұрынғы жылан, жылау, білек, піризма, т.б. сөздерді жлан, жлау, блек, призма деп жазу); Ал кейінгі буында да «ы» дауысты дыбысы келетін болса, алғашқы буындағы «ы» дыбысын түсірмеу: cьrm, bьlm, cьlk, qьrq, sьrq, zьrq, zьgr ; б) барлық тұйық және бітеу буындарда: zgar, qral, balq, ‘cetm, ‘bork, qrman, brde, cуms, blmpaz; в) жазуда «ы» әрпінің жоқтығы барлық ашық буындарда басқа мағынада оқылмаса: asra(asьra), azraq (azьraq), cagna (cagьna), baqla (baqьla), batraq(batьraq), alnadь (alьnadь); г) сөз мағынасына әсер етпесе, сөз басындағы «r, u, і, ь» алдында жазылмауы: ru – род, уru – бить (ruv емес), ret(іret емес), ‘ьretu (retu емес) [11, 523 б.]; Қ.Жұбановтың «ы, і» дыбыстарына қатысты айтылған осындай ұстанымдарының кейбірі қазіргі қазақ жазуында пайдаланылады. Мысалы, сөз басындағы «р» дыбысынан кейін «ы, і» дауыстыларынан басқа дауыстылар келсе, сөз басындағы «ы, і» әріптері жазылмайды(рақмет, рұқсат, рас, ру, рет, рең), ал «р» дыбысынан кейін «ы, і» қысаң дауыстылары келсе, олар сөз басында да жазылады(ырыс, ырық, ырым, ырыл, ірі, іріткі, 272