БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 246
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
құралы. Бұл жүйеде образдан гөрі ойға көбірек салмақ салынады,
суреттеуден гөрі салыстыруға, өрнектеуден гөрі ойласуға басымдық беріледі.
Логикалық-ғылыми тұрғыдағы тезистердегі талдау тазалығы мен дәлел
жүйелілігінен гөрі ақиқатын ойша дәлелдеп емес, бастан өткізу арқылы ғана
танып-білуге болатын бірегей рухани тәжірибеге сүйенілмек. Мәселен,
афористика жанрында туындылар қалдырған жазба ақын-жазушылар
сапында дана Абай шығармаларының шоқтығы айрықша. Абай – афоризмнің
кең көлемді классикалық талаптарын терең білген, жете меңгерген және осы
үлгідегі ой жауһарларын жасаған әлем ақыл-ой алыптары деңгейіндегі ғұлама
ойшыл. Бұған қоса айтсақ, Шәкәрім Құдайбердіұлы («Өмірдің басы – бала,
ортасы – адам», «Анық байлық – бойға біткен өнерің», «Бет сұлулығы – тән
сыйы емес пе, дауыс пен сөз сұлулығы – жан сыйы ғой. Әрине, тән сыйынан
жан сыйы артық екенінде дау жоқ. Бірақ бет сұлулығын әркім-ақ таниды,
ал сөз бен ән сұлулығын танушы аз»), Ғабит Мүсірепов («Соқыр көретіндей,
саңырау еститіндей етіп жаз», «Есті сөзді естігісі келмеген адам –
саңырауға тең», «Оқыс сөз, одыраң мінез – үлгісі жоқ ұлдың, кер кеткен
қыздың белгісі»), Бауыржан Момышұлы («Қайрат етер кезіңде – жүк
көтерер нардай бол, ақыл айтар кезіңде – жүз жасаған шалдай бол»,
«Әдіссіздік – әлсіздік», Мұзафар Әлімбаев («Ескерткіш тозса да, естелік
тозбайды», «Ақиқатты тек ақылды көздермен ғана көруге болады», «Әркім
өз ескерткішін өзінің көзі тірісінде өз қолымен қалайды», «Ұста сөз –
ұстаз», «Ұстаз ұқтыра алмағанды өмір ұқтырады», «Естілер еңкейген
сайын, еңселене түседі», «Ұлтын білгің келсе, ғұрпын біл»), Қадыр Мырза Әлі
(«Мақсаты кішіден үлкендік шықпайды», «Адамдарды тоқтықпен де
жазалауға болады», «Қайғының кішкентайы болмайды», «Мықты қарт
мықты жастан шығады», «Әкені ұлы жеңгенде немересімен жеңеді»), Әбіш
Кекілбаев («Қандай заманда да өз бақыты жолында күресе білмейтін
адамның өз өмірін мазмұнды, мағыналы ете алуы еш мүмкін емес»,
«Дүниедегі ең қатерлі кесапат – үйреншікті дағдының дегенінен аса алмау»,
«Жаманның құтын қашырудың жалғыз жолы – жақсының нұрын тасыту»,
«Кісілік деген – өнер емес, ғылым») афоризмдерінен де тұңғиық тереңдік пен
тектілік айқын аңғарылады [5; 3].
Бүгінде афористиканың жанрлық жіктелуі ұғымдық және терминдік
тұрғыдан әлі жан-жақты терең зерттеліп, ғылыми қалыпта жүйелене қойған
жоқ. Бұл оның негізгі жанры афоризмге де қатысты. Қолданбалық мәніне
молырақ назар аударылатын өсиетнамалық афористикалық шығармалар
өсиет, кеңес, нақыл түрінде айдарлануда. Сондай-ақ афористиканың
қанатты сөз, гнома, апофтегма, хрия, максима секілді жанрлары да
бар. Мәселен, «гнома» (грекше gпоте – пікір, түйін) – ықшамды түрде
ұйқастырып айтылған екі немесе төрт тармақты өлеңмен келетін нақышты
сөз. Араб, парсы, үнді әдебиеттерінде жиі кездеседі. Ежелгі грек, Рим
поэзиясында да қолданылған. Кейін Еуропа әдебиетінде де өткір
философиялық ой-тұжырымды қысқа қайырып айту үшін осы үлгі
қолданылған [6, 117-118 б.]. Біздіңше, афористиканың өміршеңдігі оның
танымдық ерекшеліктеріне байланысты. Афористика – өткен ұрпақтардың
өмір тәжірибесін, мәдени және өркениеттік ой қазынасын жоғалтып алмай,
жаңғырта отырып, келер ұрпақ кәдесіне жаратуға мүмкіндік беретін бірегей
тиімді тәсіл, ақыл-ой диалектикасының алтын көпірлерінің озығы. Мәселен,
классик жазушы Әбіш Кекілбаевтың рухани жаңғыру, рухани байлық
245