БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 243
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
арқылы берілетіні мәлім. Халық даналығы – ұлттық сана межесі, ой-өріс
тұнбасы. Халық даналығы – тілінде. Егер де тіл мүмкіндігі шектеліп, сөз
байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жетіспей жатса, даналық ой-пікір де
шарықтап дамымақ емес. Ал даналықты білдіретін түйін-тұжырымдар, ұғым-
түсініктер сапына аталы сөз, мақал-мәтел, қанатты сөз (афоризм), нақыл сөз,
шешен сөз, өсиет сөздерді қосар едік. Бұлар – даналық пен парасаттылықтан
туындаған терең ой, логикалық тұжырым, философиялық толғаныс,
дүниетаным, өмір тәжірибесі, тағылым-тәлім көріністері, көркем сөзбен
көмкерілген тұрақты қалыптасқан тіркес, шағын мәтін, қысқа да нұсқа ой
үзіктері [1; 2; 3; 4].
«Жақсы сөз – жарым ырыс». Жақсы сөз айту – жоқтан барды құрастыру,
тыңдаушының құлағына әйтеуір бір жағымды сөз тауып айту емес,
тыңдаушының тағатсыздана тосқан асыл арманына сәйкес, діттеген ойына
сай, мақсат-мүддесін дәл тауып, тап басатын, көңілін көтеріп, сезімін
сергітетін, құпия сырдың кілтін тауып айта білу. Халқымызда жақсы сөз
естісе, «аузыңа – май, астыңа – тай!» деп жатуы тегін емес. Зерттеулерге
сүйене ой өрсек, мақал-мәтел – көркем сөз өнерінің көрнекті өрнегі, ұлт
рухының құдіретті күші. Асыл сөз – көненің көзіндей сирек айтылатын, ащы
да болса шынайы шындықты баяндайтын, мағына-мәні терең, ақыл-
парасатпен өрілген өнегелі сөз. Билер сөзі – қуатты да қанатты, ақыл да
нақыл сөздер. Нақыл сөз – өнеге, өсиет ретінде айтылатын аталы сөз.
Шешендік сөз – ділмәр адамдардың әр кезде әр түрлі жағдаяттарға
байланысты тауып айтқан, нысанасына да дөп тиіп жататын ұтымды, өткір,
ақылды да ғибратты өсиет сөздері. Аталы сөз – түркі әлемінде мақал-мәтел
мағынасында ең алғаш қолданылған және халық даналығының қорлана
қалыптасуына ұйытқы болған байырғы атаулар. «Аталы сөзге арсыз ғана
қарсы тұрады». Қанатты сөз – қоғамдағы әлеуметтік, саяси, мәдени, тарихи
жағдайларға байланысты айтылған және сол сәтте жұртшылық құлақтанып,
қарапайым халық арасына тез тарап, елдің рухын көтеріп, ұлтжандылық
сезімін оятатын ұтымды да әсерлі қалыптағы жалынды сөздер. Өсиет сөз –
өмірде көп жасап, көпті көрген, алған тәлімі мен тәжірибесі, тағылымы мол
қазыналы қарттардың кейінгі жас ұрпаққа арнап айтқан мәнді де мағыналы
ақыл-кеңестері. Көсем сөз – ойшыл да дана, білгір де білікті, парасатты да
ақылман адамдардың, сөз бастаған шешендер мен топ бастаған көсемдердің
дуалы аузынан туындап, қалың жұртшылық арасына кең тарап, санасына
сіңіп жиі айтылып жүретін ақыл-нақыл, бағдарлы да мақсатты ой түйіндері.
Тәмсіл – мақалға да, мәтелге де жақын әрі ұқсас, бірақ екеуінен де өзіндік
айырмашылығы бар кіші жанрға тән тұрақты тіркестердің бірі. Қысқасы,
бұлар – халық даналығының алтын қоры, рухани байлығымыздың қайнар
көзі. Ал осыншама халықтық құндылықтың асып-төгіліп жатқан мол
мұрасын сол қалпында жер-жаһанға паш етіп тұрған ана тіліміздің құдіретті
күші мен сөз байлығы, көркем де бейнелі өрнегі. Демек, халық даналығының
ұйытқысы – оның тілінде, сөздің құдіретті күшінде [4].
Сөзге ой түрткі. Ой – тамызық. Ой – адам рухының тұғыры, адамзат
өркениетінің қозғаушы күші. Сөз – құдірет. Көне Шығыс ғұламалары бұны
айқын сезінген. Асылы, ат тұяғынан жаратылған қазақ үшін сөзден қуатты,
сөзден асыл ештеңе жоқ. Бір ғажабы, бабаларымыз жығылғанды сөзбен
көтерген, жылағанды сөзбен жұбатқан, дұшпанды сөзбен тоқтатқан. Қазақ
халқының ұлттық менталитетінде сөз дертке дәрмен болар ем, жасқа ұлағат
242