БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 237

БҚМУ Хабаршы №2-2019ж. таңбаланады да, тас сөзі адъективті сыңарымен тіркесіп өзінің тура мағынасында тұрған жағдайда бөлек жазылады: дөңбек тас, меруерт тас). Біріккен сөз болуға тиісті ғалым көрсеткен тұлғалардың көпшілігі дерлік орфографиялық сөздіктің кейінгі басылымдарына сұрыпталып енгізіліп, одан әрі бекітіле түсті [8]. Алайда ғалым тағы бір ғылыми-практикалық пікірлерінің аясында «Жазуда қиындық тудырып келе жатқан жайт ереженің өзі емес, сол ережеге бағынатын біріккен сөз категориясын ажыратуда болып келе жатыр», – деп көрсетеді [9]. Жалпы алғанда, қазақ тіліндегі біріккен сөздер категориясы жайында пікірлер саналуан. Олардың баршасын бірдей талдау мүмкін болмағандықтан, бірнеше еңбектерге тоқталып өтеміз. Профессор Н.Уәли еңбектерінде біріккен сөздерге семасиологиялық талдау жасалып, сөз мағынасындағы семалардың сипаттарын анықтау арқылы қатар орналасқан сөздердің бірігу себептері айқындалған. Осы арқылы зерттеуші «Күрделі атауларды бірге немесе бөлек таңбалауды тек жазудағы шарттылық деп түсінбеу керек. Әдетте қатар келген белгілі бір сөздерді босаралықпен, я болмаса босаралықсыз таңбалау олардың мазмұнына қатысты визуалды ақпарат беріп тұрады. Таңбалар арасындағы босаралық олардың әрқайсының мағыналық, формалық дербестігін, ал босаралықсыздық бұлардың біртұтастығын көрсетеді. Осымен байланысты күрделі таңбалық құрылымдарды босаралықпен / босаралықсыз таңбалауды форма мен мазмұннның бірлігі тұрғысынан қарауға тура келеді» деген қорытынды ұсынады [10, 90 б.]. Сонымен қатар профессор Б. Қалиевтің өсімдіктану терминологиясына қатысты зерттеулерінің [11] үлес қосқандығын, көбіне-көп этномәдени мазмұнға ие атаулардың бірге немесе босаралықпен жазылуы сөз болатын Қ.Күдеринованың еңбегі [12] бар екендігін атап өткен жөн. Баяндалғандардан байқағанымыздай, теориялық зерттеулерде сөз біріктірудің ғылыми жағы дәлелденеді. Кейінгі еңбектерде Қ.Жұбанов жіктеген саралаулармен қатар: а) тіркесті түбір; ә) лексикаланған тіркес; б) денотаттық-коннотаттық қарым-қатынастар; в) қатар орналасқан сөздердің бірінің «бүтіннің бөлшегі» болуы сияқты факторлар аталады. Бұл тұжырымдар, сөз жоқ, сөз біріктірудің негізгі тілдік ерекшеліктерін айқындайды. Сөз біріктіруге әсер етіп отырған басқа да факторлар бар екендігіне байланысты төмендегідей мәселелерге назар аудартамыз: 1. Кезкелген, қатар орналасқан жеке сөздердің өзара біріге бермейтіндігі белгілі. Демек, сөздердің бірігу заңдылығы неге байланысты деген сауал пайда болады. Бірігу заңдылығы сөздердің жаңа мән, жаңа атау алуына негізделеді, сөйтіп, жеке сөздер бір бүтіннің құрамды бөлшектеріне айналады да, бірге таңбаланатын болады. Бұл – жаңа сөз жасаудың өнімді тәсілдерінің бірі және бұл әдеби тілдің даму үдерісінде үзбей жүріп жататын үдерістердің қатарынан танылады. Сондықтан да терминжасамды қазақыландыру үдерісін қарқынды ету, реттеу жолында соңғы жылдары жарияланған саналуан типтердегі лексикографиялық еңбектерде, ғылыми әдебиетте, ресми құжаттарда сөз біріктіру амалы белсенді көзге түседі. 2. Бұдан көп жылдар бұрын академик Р.Сыздық әдеби және орфографиялық нормалардыреттеу мен бірізділендіруде, тіпті сөз 236