БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 236
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
тыс факторларға байланысты жаңа Емле ережелерінде негізгі ұстаным
ретінде фонематикалық принцип, қосалқы ұстанымдар негізінде
фонетикалық және дәстүрлі принциптер басшылыққа алынды, сондай-ақ төл
сөздердің күрделі түрлері үшін морфологиялық принцип те қолданылды.
Қысқаша тұжырымдап айтқанда, фонематикалық принцип сөздің
құрамындағы фонемаларды позициялық өзгеріссіз жазу арқылы беруболса,
фонемалық принцип сөздің позициялық алмасуларын, екпін, ырғақ,
дыбыстардың бір-біріне әсерін (айтылу кезіндегі) жазуда дәлме-дәл көрсету
дегендерді білдіреді.
Жаңа Емле ережелерін түзу барысында бірнеше өзекті орфограммаларды
жаңаша тиянақтаудың өзектілігі айқын көзге түсті. Олар: кейбір дауысты
және дауыссыз дыбыстардың емлесі, бас әріптің қолданылуы, шеттілдік және
кірме сөздердің жазылуы және бірге / бөлек жазылатын сөздердің емлесі.
Біріккен сөз категориясын ажыратуға бағытталған ғылыми еңбектер бар.
Қазақ тілтанымының теоретигі Қ.Жұбанов ғылыми-лингвистикалық
концепция түзді [1]. «Бірнеше сөз қосылып, бір ғана екпінге – ең соңғысының
екпініне бағынып, кейде бәрінің не біреуінің сыртқы формасы өзгеріп, не
өзгермей-ақ, бәрінің не біреуінің бұрынғы мағынасы өзгеріп, сондықтан бәрі
жиналып, бір-ақ нәрсенің аты болып, бір-ақ мағына беретін, сөйлемде бір-ақ
мүше болып, бір-ақ сөздің орнына жүретін болса, осыны кіріккен сөз дейміз»
[1, 249 б.]. (Ескерту: ғалым кіріккен сөз деген терминді «біріккен сөз»
мағынасында қолданған).
Профессор Қ. Жұбановтың сөз болып отырған мәселеге қатысты
тұжырымдары іргелі еңбек көлемінде дербес тоқталуды, тереңірек талдауды
қажет етеді. Сондықтан қысқаша түрде нақтылағанда, «бір нәрсенің аты
болуы, бір мағына беруі, сөйлемде бір мүшенің қызметін атқаруы, бір сөздің
орнына жұмсалуы» деген тиянақтаулар аса маңызды. Осы тұжырым біріккен
сөздердің табиғатын танып-білуде лексикология, морфология, сөзжасам,
синтаксис, орфография бойынша зерттеулерде қазірге дейін басшылыққа
алынып келеді.
Алғашқы Емле ережелері бекітілген қаулы (1957-жыл) жарияланғаннан
кейін жарық көрген орфографиялық сөздікке байланысты ойласу, мәселені
негіздей түсу мақсатында мерзімді басылымдарда бірқатар ойлар айтылды.
Көрнекті тілші-ғалымдар М.Балақаевтың [2], Ы.Мамановтың [3],
К.Ахановтың [4], Қ.Есеновтің [5], Ғ.Қалиевтің [6], сондай-ақ журналистер
мен жазушылардың пікірлері жарияланды. Пікір-ойларда негізінен біріккен
сөздердің жазылуы сөз болады. Қазақ емлесінің осы жағы қазірге дейін
әрқилы пікірдің туындауына себепші болып отыр.
Қазақ емлесі мәселелерінің қатарында академик Р.Сыздық өзінің «Қазақ
тілінің анықтағышы» атты еңбегінде әсіресе сөздерді біріктіріп жазу
жағдайына жіті көңіл бөледі [7]. Мәселен, «Анықтағыштың» 10 тармағы
түгелдей дерлік осы ерекшелікке арналған, бұнда біріккен сөздерді жазудың
негізінен морфологиялық ұстанымға сүйенетіндігі, біріккен сөз болатындар
(топонимикалық атаулар, адам есімдері, терминдік мәнге ие болған атаулар
және т.б.) мазмұндалған; таңбалануы бірдей күрделі сөздердің кейде бөлек
жазылатынындығының лингвистикалық негіздері дәлелденген (мысалы, ақы
сөзі арқылы жасалған терминдік мәндегі жалақы, қаламақы бірге жазылса,
фразеологизм құрамындағы ақы бөлек жазылады; табан ақы, маңдай тері
немесе тақтатас, зертас, сынтас терминдерінің компоненттері бірге
235