БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 235
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
ФИЛОЛОГИЯ / PHILOLOGY
ӘОЖ 811.512.122’373
Алдаш А. – филология ғылымдарының докторы, профессор,
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты
Е-mail: [email protected]
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БІРІККЕН СӨЗДЕР: ЖАҢА ЕМЛЕ
ЖАҒДАЙЫНДА
Аңдатпа. Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің емле ережелерін түзу
барысында сыртқы тілдік және ішкі тілдік факторларды ескере отырып,
біріккен сөздердің емлесіне қатысты интерпретация, нақтылау және
бірізділендіру жайын түсіндірудің қажеттілігі анықталды. Қазақ әдеби
тілінің қазіргі даму кезеңінде ресми-іскери мәтіндерде, оқу-ағарту және
ғылыми әдебиетте, сондай-ақ баспасөз тілінде анықтауыштық-
анықталушы тұрғыдан синтаксистік байланысқан және денотаттық-
коннотаттық қарым-қатынастағы күрделі тіркестерді біріктіріп
таңбалау үрдісі басым. Жазба коммуникацияда, тілдік фактілер
көрсететініндей, ғылыми-техникалық, оқу-ағарту терминдерін сөзбе-сөз
аударма арқылы біріктіріп жазу да ұлғайып келеді. Осындай
проблемалардың белгілерін сипаттау және олардың қалыптасуына,
бірізділенуіне қатысты ұсыныстар беру қазақ тілінің қазіргі тағдырлы
кезеңінде – латыннегізді әліпбиге көшу жағдайында өзекті болып табылады.
Мақалада күрделі тіркестердің бірге жазылуына ықпалы бар сыртқы
тілдік және ішкі тілдік факторлар талданады, жазу дәстүрі
сабақтастығының маңызы жөнінде түсініктемелер беріледі, күрделі
тіркестердің бірге жазылуының негізгі себептері көрсетіледі.
Тірек сөздер: емле, жазу дәстүрі, орфографияның негізгі принциптері,
біріккен сөздер, тілдік құралдарды үнемдеу ұстанымы, сөз-морфема,
гипероним, тіл динамикасы, кодификация.
Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін (әрі қарай – Емле
ережелері) түзудің алғашқы кезеңінде және оларды түзу барысында
атқарылған сан салалы, кең ауқымды жұмыстардың қорытындысында
жаңартылған, жаңғыртылған Емле ережелерінде қазірге дейін қалыптасқан
жазу дәстүрін, жазу тәжірибесін негізгі алудың маңыздылығы барынша
айқындалды. Соңғы жарты ғасыр көлемінде (1957-жылы қабылданған Емле
ережелерінен бергі кезең шартты түрде алынып отыр. – А.А.) қалыптасқан
жазу тәжірибесі, орфографиялық нормалар қазақ қоғамы мүшелерінің,
әсіресе қазақытілді адамдардың когнитивті санасында орныққан,
коммуникативтік қолданысында әбден дағдыға айналған. Әдеби-
орфографиялық нормалардың сақталуына, қазақ сөз мәдениетінің жоғары
сапада болуына әсіресе академик Р.Сыздықтың сан типті ортологиялық
құралдары елеулі ықпал жасады, олар жазба коммуникацияда бірден-бір
басшылыққа алынған сүйенішке айналды. Осы себепті және өзге де тілден
234