БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ | Page 131
БҚМУ Хабаршы №2-2019ж.
- әрқилы топтар жұмысына қатыса отырып, қарым - қатынастық ептіліктер
игереді;
- өздерінің зерттеушілік ептіліктерін дамытады (міндеттер белгілеу,
ақпарат жинау, бақылау, эксперимент кою, талдау, болжам жасау, қорыту);
- жүйелі ой топшылау ептілігін дамытады.
Жобалау технологиясының бастау бағыттары:
- басты назарда – тәрбиеленуші студент, оның шығармашыл
қабілеттерінің дамуына көмектесу;
- тәлімдік жүйе студент үшін тұлғалық мәнге ие іс-әрекеттердің қисынына
негізделеді, осыдан студенттің тәлім, білімге деген талпынысы артады;
- жоба бойынша жеке-дара жұмыс қарқыны әр студенттің өз даму
деңгейіне орай іс жасауына жол ашады;
- тәлім жобаларын дайындаудағы кешенді бағыт студенттің негізгі
физиологиялық және психологиялық мүмкіндіктерінің теңдей дамуына
жәрдемдеседі;
- базалық білімдерді әрқилы жағдайларда әмбебап қолдануға үйренеді.
Жобалау әдісінің негізіне студенттердің таным дағдыларының дамуы, өз
білімдерін өз бетінше құрастыра алу ептіліктері, ақпараттық кеңістікте бағдар
таңдау шеберліктері, сындарлы ой дамуы алынған.
Жобалау әдісі әрдайым студенттердің белгілі уақыт аралығында
орындайтын дербес – жеке-дара, жұптасқан жұмыстарына бағдарланады. Бұл
бағыт шәкірттерді топтастырып үйрету, білім игеру істерімен сәйкес келеді.
Жобалау әдісі қай уақытта да, бір жағынан, әрқилы әдістер мен құралдарды
пайдалануға, екінші жағынан - әртүрлі ғылымдар, техника, технология,
шығармашылық саласынан қажетті білімдер мен ептіліктерді біріктіре
ұсынуға қолайлы. Жобалардың орындалу нәтижесі барша уақытта сезімді
болуы қажет, яғни, егер проблема теориялық болса, оның шешімі, ал
практикалық болса, оның нақты пайдалануы, көзге түсер нәтижесі болуы
шарт.
Жобалау әдісін пайдалана білу ептілігі оқытушының жоғары біліктілігінің,
студенттің білім игеруі және дамуына тиімді озат әдістемесінің көрсеткіші.
Бұл технология, ең алдымен, адамның постиндустриялды қоғамның шалт
өзгерістеріне икемденуін көздеген XXI ғасыр технологиясы деп бекер
аталмаған. Жобалау әдісін пайдалануда қойылатын талаптар:
- шешімі бірігімді білімдерді, ізденісті зерттеулерді қажет ететін
тұрмыстық мәнді де маңызды тапсырмалардың болуы (мысалы, әлемнің
әртүрлі аймақтарындағы демографиялық мәселелерді зерттеу, қышқылды
жаңбырдың қоршаған ортаға келтірер зиянын ашу және т.б.);
- ниетті нәтижелердің тәжірибелік, теориялық, танымдық маңызының
болуы (мысалы, аймақтың демографиялық жағдайы жөнінде тиісті орындарға
хабарлап тұру, әртүрлі жерлердегі тоғай, орманды қорғау, мәдени-қоғамдық
шаралар жоспарын түзу және т.б.). Студенттердің дербес (жеке-дара,
жұптасқан, топтық) іс-әрекеттері; жобаның мазмұндық бөлігін құрастыру
(кезеңді нәтижелерін көрсетумен).
Бұл құзыреттілік мақсатқа жетуде қажет ақпаратты іздеуді, тапқырлықты,
сендіру білігін, басқару білігін қамтиды. Уақыт өткен сайын, әдістің негізін
қалаушылардан кейін, жобаларды жіктеу туралы мәселе өзекті болып қала
береді. Біздің бұл пікіріміз И.С. Сергеевтің көзқарастарына жақын, ол
шамамен келесі негіздер бойынша үш жіктеуді атап көрсетеді:
130