EURASIAN EDUCATION №3-4 2017 | Page 31

Òàðèõ
" мәдени гектарлардан ", ұжымдық егістен, басқа да адамдардың көмегінен түскен қаражаттар да пайдаланылды. Халық та мектеп үйлерін салуға, жөндеуге отын дайындауға ақысыз еңбек етіп көмектесті. Мұндай қосымша қоғамдық көмек болмағанда ол кезде жалпыға бірдей бастауыш оқуды іске асыру тек бюджет қаржысымен ғана орындау қиынға соғатын еді. Жалпыға бірдей бастауыш оқуды жүзеге асыруға Қазақстан комсомолы ерекше еңбек сіңірді. 1931 жылы қазан айында Алматыда барлық балаларға ана тілінде жалпыға бірдей міндетті білім беруге арналған бүкіл қазақстандық комсомол жиыны өтті. Жиын жер-жердегі комсомол ұйымдары мен бүкіл кеңес жұртшылығын жалпыға бірдей бастауыш оқуды жүзеге асыру ісіне айрықша көңіл бөлуге шақырды. 1931 жылдың басына қарай жаппай бастауыш білім берудің оң тәжірибелері жинақталғаны байқалды. Бұл іске бүкіл жұртшылықтың аянбай еңбек етіп зор үлес қосқаны байқалды. Мысалы Семей ауданында 8-11 және 12-15 жастағы қаладағы, ауылдағы, селолардағы балалардың саны анықталып, бастауыш мектепке оқуы үшін жағдай жасау қолға алынды. Онда 8-11 жас аралығындағы балаларға таңертеңгі ыстық тамақ беру ұйымдастырылды. Қалада оқитындардың 30 %, ауылда оқитындардың 68 %-ы аяқ киіммен, киім-кешекпен қамтамасыз етілді. 8 интернат ашылып, онда 1030 бала оқып жатты. Осыншама істердің арқасында 1931 жылғы қаңтар айында бастауыш мектеп жасындағы балалардың қалаларда 99 пайызы, ауылдарда 96 пайызы, селоларда 82 пайызы оқуға тартылған екен [ 3,246-248 ]. Бүкіл Қазақстан бойынша жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқуды өмірге енгізуде бір жыл ішінде ғана қыруар жұмыс атқарылғаны 1931 жылдың жазында айдай анық көрінді. 1931 жылғы шілдеде Қазақстан үкіметі Қазақ Халық ағарту комиссариатының бастауыш білім беру жөніндегі баяндамасын арнайы тыңдайды. Осы баяндамада бір жыл ішінде бастауыш мектеп оқушыларының саны 340 мыңнан 540 мыңға өскені, ауыл-селоларда қазақ балаларын мектепке тарту 22 пайыздан 63 пайызға, қазақ қыздары мен басқа да шығыс халықтарының қыздарын оқумен қамтамасыз ету 10 пайыздан 30 пайызға жеткені айтылды [ 4,235-236 ].
Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім берудің алғашқы жылы мұғалім кадрларының тапшылығын, бар мамандардың кәсіби даярлығының төмен дәрежеде қалып отырғандығын көрсетті. Мектеп үйлерінің жетімсіздігі қатты сезілді. Кәсіподақтар бастауыш білім беру қажетіне қаржы бөлуді кешіктірді, кәсіпорындар мен мектептер арасындағы байланыс нашар болды. Бастауыш білім беру науқанының бәсеңдемеуіне бүкілодақтық партия Орталық Комитетінің 1931 жылғы 5 қыркүйекте қабылдаған " Бастауыш және орта мектеп туралы " қаулысы оң әсер етті. Партиялық құжат мектептерде оқытылатын пәндерге жаңа бағдарлама жасауға тапсырма берді, қоғамдық пайдалы еңбекке үлкен маңыз берілді. Партияның қаулысы қабылданған кезеңде Қазақстанда артта қалған аудандарға мәдени жорық жүріп жатқан болатын [ 5,241 ].
Мәденн жорық 28 ауданды қамтыды. Науқан 1 маусымнан басталып, 60900 баланы бастауыш мектепке тартуға тиіс болды. Мәдени жорық сауатсыздықты жою, денсаулық мекемелерін көбейтіп, мәдени-ағарту орындарының жүйесін кеңейтуді де естен шығармады. Артта қалған аудандарға 700-ге жуық студенттер, мұғалімдер, киномеханиктер, дәрігерлер және тағы басқа да мамандар жіберілді. Бастауыш білім беру міндетін шешу үшін көптеген кәсіпорындар, ауыл шаруашылық мекемелері, қоғамдық ұйымдар, ағарту орындары бірлесе қимылдады.
Республикадағы жаппай бастауыш білім беру науқанының екінші жылы да жақсы табыстармен аяқталды. 1931-1932 оқу жылында бастауыш мектеппен
¹ 3-4( 17) 2017
қамтылған балалар саны 600 мыңнан асып түсті. Егер 1925-1926 оқу жылында мектеп жасындағы қазақ балаларының 12 пайызы, орыс балаларының 39,1 пайызы, өзбек балаларының 13,4 пайызы ғана партаға отырса, 1931-1932 оқу жылында олардың үлесі тиісінше 72,7, 62 және 75 пайызға жетті. Яғни, жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру науқаны соңғы аяқталу кезеңіне аяқ басқан еді. Бірақ, осынау маңызды істі түпкілікті аяқтауға 1931-1933 жылдар аралығындағы аштық мұрсат бермеді. Сан мың бала аштан өлді, республикадан тыс жерлерге атаанасымен ауып кетуге мәжбүр болды. Тек 1932 жылғы 5-6 қаңтарда Әулиеатадағы бір шайханадан үсіп өлген 20 баланың денесі табылыпты [ 6,341 ].
Аштық бастауыш сыныптарда оқып жатқан балалардың санын күрт азайтты. 1932-1933 оқу жылының басында бастауыш мектепке 419 мың ғана бала келді.
30-жылдардың басындағы халық басына түскен " нәубеттің " зардабынан жиырмасыншы жылдары баяу да болса, қиыншылықтар мен қателіктерге қарамастан қалыптасқан, даму деңгейі әртүрлі ауылдар мен селолардағы мектептердің басым көпшілігі жабылды. Әсіресе көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылдарындағы мектептердің қызметі тоқтады.
Бірақ, осындай ауыр жағдайға қарамастан халық ағарту органдары мектептерге қатысты жұмыс шараларын жасау үстінде болды. Осы жылдары да қажетті оқу бағдарламалары мен оқу жоспары, мектептердегі сағаттар санындағы өзгерістер жасалып, оқу бөлімдеріне жіберілді. Қазақстандағы бастауыш мектептер 1931-1932 оқу жылына дейін комплексті жүйеге негізделген бағдарламалар бойынша оқыды. Орыс мектептері үшін жасалған арнаулы бағдарламалар болғандықтан, олар Ресейде дайындалып, басып шығарылған бағдарламаларды пайдаланды. Бірақ, бұл бағдарламалар Қазақстан жағдайына толық сәйкес келді деп айту қиын. Себебі, олар Ресей жағдайына бейімделіп, олардың шаруашылық, тұрмыс жағдайына байланысты жасалды.
Қазақстан жағдайында бастауыш мектептердің, оның ішінде толық комплектілі төрт жылдық мектептердің енді қалыптасу кезеңінде- мұғалімдердің жетіспеушілігі, республика бойынша пәндік оқу бағдарламаларының толық көлемде әлі де болса болмауы, мектептердің материалдық базасының нашарлығы себепті және басқа да қиыншылықтарға байланысты бұл бағдарламаның тиімділігін жан-жақты ашып көрсету мүмкін де емес еді.
Бастауыш мектептерде ана тілімен математикадан және география, қоғам тану және тағы басқа пәндерден оқу бағдарламалары болмады. Әрбір мектеп өз мұғалімдерінің білімі мен тәжірибесі негізінде өзінше өтті. Ал, осындай жағдай бір жылы қадбылдаған балалардың әртүрлі бағдарламада оқуын ғана емес, олардың білім деңгейінің де әртүрлі болуына әкелді.
Жіберілген кемшіліктерге талдау жасай келіп Қазақстан Халық ағарту комиссариаты 1931 жылы қарашада бастауыш мектептердің бағдарламасын жасауға кірісті. Бағдарлама жасау барысында РКФСР Халық ағарту комиссариаты бекіткен және тәжірибе жүзінде қолданылып сыннан өткен бағдарламалар басшылыққа алынып, солардың негізінде жасалып, 1932 жылы қаңтарда баспаға берілді [ 7,124-125 ].
Осылайша қоғам тану, ана тілі, математика, география, жаратылыс тану, политехникалық еңбекке үйрену мен дене тәрбиесіне арналған бағдарламалар қазақ тілінде жарық көрді. Ауыл, селолардағы және қаладағы мектептердегі оқу бағдарламалары бірдей болды.
Қазақстан көп ұлтты республика болғандықтан басқа ұлттардың оқу ісін жүйелі түрде дамыту мақсатында одақ құрамындағы республикалардан оқу бағдарламалары алынды. 1931-1932 жылдары ұйғыр, дүнген мектептері үшін бағдарламалар жасау басталды. Осы жылдары
29