БҚМУ жаршысы - Вестник ЗКГУ ЗКГУ. Вестник, 1-2019 | Page 209

БҚМУ Хабаршы №1-2019ж. ӘОЖ 415.61 Рысбаева Г.Қ. – филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а., Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Е-mail: guldarhan@inbox.ru ТҮРКI МӘДЕНИЕТIНIҢ БАСТЫ РУХАНИ ЭЛЕМЕНТТЕРIНIҢ БIРI – БАТА-ТIЛЕК СӨЗДЕР Аңдатпа. Мақалада түркі халықтарында кездесетін түркi мәдениетiнiң басты рухани элементтерiнiң бiрі – бата, бата-тiлек сөздер туралы және бата берудің негізгі ерекшеліктері суреттеледі. Бата мен тілек, екеуі синонимдес ұғым. Онда бүкіл халық болмысының наным-сенімі, рухани-мәдени өмір тәжірибесі суреттелген. Тірек сөздер: бата, бата-тiлек сөздер, бата беру, оң бата, ақ бата, алғыс бата, теріс бата, қарғыс мәнді сөз тіркесі, жағымды образ, дүниетанымдық түсiнiк. Бата, бата-тiлек сөздер барлық түркі халықтарында кездесетін түркi мәдениетiнiң басты рухани элементтерiнiң бiрi, ғасырдан-ғасырға ұласып бізге жеткен халқымыздың киелі мұрасы. Бата беру – халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Адам санасында бата-тiлек сәттiлiк пен бақытты тiлеу ғана емес, сонымен қатар жақсы сөз болар iстiң нәтижелi де жақсы бiтуiне өз септiгiн тигiзетініне деген зор сенімнің айғағы. Бата, бата-тілек сөздерде сөз культiн көрсететін дүниетанымдық түсiнiк бар. Бата берудің негізгі ерекшеліктері мынадай: 1) Бата кез келген жерде айтыла бермейді, өзіндік орны бар. Мысалы: нәресте дүниеге келгенде, шілдехана тойында, тұсау кескенде, үйлену тойында, қыз ұзатқанда, ұлыстың ұлы күнінде, дастарханға батасы немесе ас қайыру батасы, т.б. 2) Батаны ақсақал адамдар, құрметті, елге өте сыйлы адамдар береді. 3) Бата беру кезінде батагөй өз атынан ғана емес, дүйім жұрт, алқалы топтың атынан сөйлейді. 4) Бата сөздер әндетіліп айтылмайды, мәнерленіп тақпақтата, көтеріңкі үнмен, әуезбен айтылады. Аталған ерекшеліктер барлық түркі-монғол халықтарының алғыс, бата беру рәсімдерінде анық байқалады. Батаның түрлері көп. Олар: дастархан батасы немесе ас қайыру батасы; жаңа айдың батасы; Наурыз батасы; Рамазан батасы немесе жарапазан батасы; үйлену салтына байланысты бата сөздер; шаңырақ көтергенде айтылатын бата сөздер; келін түсіргенде айтылатын бата сөздер, көпшілікке айтылатын бата сөздер; шілдехана тойында айтылатын бата сөздер; сүндет тойға байланысты бата сөздер; соғым сойғанда айтылатын бата сөздер; жол жүргенде айтылатын бата сөздер; төрт түлік малға айтылатын бата сөздер; діни бата сөздер; қаралы жерлерде айтылатын бата сөздер, т.б. XIX ғасырдың соңы және XX ғасырдың басында қазақ фольклорының бата, алғыс, қарғыс тәрізді жанрларын В.Радлов, Г.Потанин, А.Васильев, А.Диваев, М.Көпеев, Н.Катанов, Х.Досмұхамедұлы және т.б. жазып жарыққа шығарған. «Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер» деген мақал батаның елді позитивті рухқа жұмылдырып, саламаттығын сақтап, бірлік-ырысын тәрбиелейтін рөлін көрсетеді. Х.Досмұхамедұлы қазақ фольклорының бата, алғыс, қарғыс тәрізді жанрларын сипаттай отырып, бата туралы былай дейді: «Қазақ қауымы арасында өз ісінің шын шебері, мәселен, би, ақын, зергер, т.с.с. табиғат сыйлаған дарын-өнерін басқа біреуге ақ батасы арқылы мирас етіп қалдыра алады деген сенім кең таралған. Сондықтан да осындай атаққа немесе 208